Десек те осы індет ортақ бәлеге қарсы ұйымдаса білудің елдегі ауқымын көрсетті. Оның басқа елдермен салыстырғандағы сапасы да белгілі болды. ДДҰ ұйымы еуроазия аймағы бюросының директоры Ханс Клюге Қазақстанның індетке қарсы әрекеттерін жоғары бағалады. Өзінің твиттердегі жазбасында ол Қазақстанның COVID-19-ға қарсы күресі мен оны тұрақтандыру жолындағы әрекеттері басқаларға үлгі бола алатынын атап өтті. Осындай үлкен бағаға жету алдымен жергілікті және орталық биліктің тиімді әрекеттері екенін айту керек. Әйтпесе халық өздігінен короновирусқа қарсы күреске ұйымдаса алмайды. Тіпті араларындағы кейбір керауыздардың әсерімен оны елемей, жаппай сырқатқа ұшыраулары да мүмкін. Аттарын атамай-ақ қояйық, кейбір көрші елдеріміз сондайдың кесірінен коронавирусты еселеп көбейтіп жатыр.
Біз өзіміз көзімізбен көріп жүрген Солтүстік Қазақстан облысындағы індетке қарсы әрекеттер туралы айтып өтелік.
Карантин режімі басталған 24 наурыздан бері мұнда 36 індетке ұшыраған адам тіркелді. Соның 12-сі сырттан келгендер. Бұлар Мысыр, Ұлыбритания және Ресейдің Омбы, Қорған, Челябинск, Түмен облыстарынан келген жерлестеріміз. Жергілікті адамдар арасынан табылған 24 адамның ішінен 21 сырқат Петропавл қаласынан, қалғандары Мамлют, Тайынша, Қызылжар, Ғ.Мүсірепов аудандары тұрғындарынан табылды. Жынысы бойынша науқастардың 25 әйел, 11 ер адам болған.
Індетке ұшырағандардың бәрі Бірінші қалалық ауруханадағы инфекция бөліміне жатқызылды. Мұндағы дәрігерлер Ғ.Сыздықова, А.Қасыбаева, Ә.Омарәлиев, медбикелер Штоль, Широченко, Побережник, Сергеева, санитар-тазалықшылар Айтмағамбетова, Қадырова, Рожкова, Баженова, Луценколар үй бетін көрмей, ешкімге араластырылмай, ауысымнан кейін үсті-бастары дизенфекцияланып, арнайы көлікпен «Алтын Орда» қонақүйіндегі арнаулы жасақталған нөмірлерге жеткізіліп, тамақты да сырттан жеткізіп отырды.
Барлық сырқаттар табылған жерлерге эпидемиологиялық зерттеулер жүргізілді. Қазір провизорда 34, карантинде 53 және үйіндегі карантинде 408 адам үйішілік карантинде отыр.
Дәрігерлердің жұмысы сондай болса, полиция қызметкерлерінің көшедегі, аулалардағы, азық-түлік дүкендері мен қызмет орындарын бақылаудағы қызметі де тиімді болды. Тәртіпке бағынғысы келмегендердің талайына айыппұлдар салынды. Облыс бойынша 43 блок-бекеттер ашылып, карантин режімін қатаң сақтады.
Облыс әкімі Құмар Ақсақалов теледидардан жиі брифинг беріп, халықты карантин режімін қатаң сақтауға үндеп отырды. Ол кейбір едіреңдеп сөйлейтін басшылардай емес, халықтан ыңғайсыз жағдай үшін кешірім сұрай отырып және карантин тәртібін сақтағандарына алғысын айта отырып сөйлейтін. Сонымен бірге әкім індетті тек тәртіп сақтағанда ғана жеңуге болатынын тәптіштеп отырды. Өзінің үндеуінде ол міндетті түрде дәрігерлер мен полицейлердің қызметтеріне алғысын жеткізіп отырды.
«Алдыңғы арба қалай жүрсе кейінгісі де солай жүреді» демекші үлкен әкімнің үлгісімен кіші әкімдер де халықпен сөйлесуде дипломатиялық әдепті сақтап, жұмсақ сөйлейтін. Мұның мысалына қала әкімі Болат Жұмабековты, оның орынбасары Асқар Хабибулинді атауға болады. Қала әкімі Б.Жұмабеков тіпті ерекше әдіс тауып, қаладағы сөзі өтімді деген адамдарды да короновирусқа қарсы үндеулер айтуға шақырды. Осы жолдардың авторына да карантиндік режімді сақтауды халыққа түсінікті тілмен әлеуметтік желілерде жеткізуді өтінген еді. Біздің фейсбукке және басқаларға шыққан үндеуімізді көп адам қолдап, қостаған пікірлер білдірді.
Міне, халықпен жұмыс істеудің осындай ұтымды да тиімді әдістерін қолданғанның жемісі шығар - қазір Солтүстік Қазақстан облысы індеттің таралуы жөнінен ең аз санды аймақ болып, алдыңғы орынға шықты. Ал індет басталғанда алдыңғы орындардың бірінде болған еді. Қазір инфекциялық бөлімде 6 адам емделуде, ал 29 адам тәуір болып шықты. Бір адам Көкшетау қаласындағы аурухананың инфекциялық бөліміне жатқызылған. Сонымен бірге карантиндік режімнің шектеулері де мұнда барынша азайтылып, халық еркін тыныстай бастады. Ол туралы өткен хабарымызда жазған болатынбыз. Осы жетістіктің бәрі – тәртіпке мүлтіксіз бағынғанның пайдасы, әрине. Ал оған қол жеткізуде халықтық дипломатия да өзінің рөлін атқарды. «Тәртіпке бағынған құл болмайды» деп Бауыржан Момышұлы айтқандай, тәртіп сақталған жерде, жеңіс те болады екен. Еліміздің барлық аймақтары да тәртіпті қатаң сақтаса және оған қол жеткізуде халықпен ұтымды жұмыс істей білсе, індеттің кесірі өшетін сияқты. Бұл істе әзірге Солтүстік басқаларға үлгі боларлық.
Солтүстік Қазақстан облысы