Әлем • 13 Мамыр, 2020

Мұнай мен коронавирус дағдарысы: Сауд Арабиясы экономикасын құтқаруда

519 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Елдің экономиканы ынталандыру шаралары зардап салдарын азайтуға бағытталған. Одан бөлек Сауд Арабиясына мұнай секторынан түсетін табысқа сенбеуге және астанасы Эр-Риядтың трансформациясына шығындарды азайтуға тура келеді.

Мұнай мен коронавирус дағдарысы: Сауд Арабиясы экономикасын құтқаруда

Рори Джонс, Донна Абдулазиз,

Wall Street Journal

5 мамыр 2020 жыл

Сауд Арабиясы мұнай бағасының төмендеуіне және коронавирус пандемиясына байланысты экономикаға соққыны жеңілдету үшін бұрын-соңды болмаған шаралар қабылдап жатыр. Монархия корольдікті соңғы онжылдықтағы болмаған қиын қаржылық дағдарыстан шығарудың жолын іздеуде.

Мұнай бағасының құлдырауы мұрагерлік ханзада Мұхаммед бен Салманның Ресеймен келіспеуі, коронавирустың өршуі және мұнайға әлемдік сұраныстың төмендеуімен байланысты болып отыр. Патшалық билеушісі Ханзада Мұхаммед кейінірек 23 елмен өндірісті қысқартуға келісе отырып, қайшылықтан шыға білді.

Бірақ бұл қадам әзірге мұнай бағасын көтермеді. «Saudi Aramco» мемлекеттік мұнай компаниясы өндірісті азайтты, қазір мұнай тиелген ондаған танкер теңізде босқа тұр. Мұнайдан түскен аз табыс әлемдегі ең ірі экспорттаушы елдің жағдайын қиындатпақ, елдің шетелдегі қорлардан 32 млрд доллар көлемінде қаржы шешуге және қарызға миллиардтар алуына тура келеді.

Ханзада Мұхаммедтің әлеуметтік-экономикалық реформалары нәтижесінде елдің жаңа экономикасының өкілдері болып есептелетін кофеханалар, спорт залдар, кинотеатрлар мен туристік агенттіктер қызметін сақтап қалуға барынша тырысып жатыр. Дағдарыс сондай-ақ мұнайға едәуір тәуелді экономиканы қайта құруға арналған шығыстарды қысқартуға мәжбүр етеді.

«Корольдік онжылдықтар бойы денсаулық сақтау саласында, қаржы секторында да мұндай дағдарысқа тап болған емес»,- деді елдің қаржы министрі Мохаммед әл-Джадаан «Әл-Арабия» мемлекеттік телекомпаниясына берген сұхбатында. Министрдің сұхбатынан кейін келесі күні Сауд Арабиясының қор нарығы 7,4% төмендеді.

Әлемдік мұнай нарығы мен пандемияны себепке ала отырып Moody's Investors Service рейтинг агенттігі Сауд Арабиясының кредиттік рейтингінің бағасын төмендетті. Халықаралық валюта қорының (ХВҚ) деректері бойынша, корольдік биылғы бюджетті реттеу үшін мұнай бағасы барреліне 76 АҚШ доллар болуын талап етіп отыр. Ал Brent маркалы мұнайдың құны дүйсенбі күні 26,31 доллар болды.

Экономикалық жағдайды тұрақтандыру үшін Сауд Арабиясы бұрын-соңды болмаған шаралар қабылдады. Корольдік жұмыстан босатылған қызметкерлерге жалақы беруде жеке секторға қолдау көрсетіп жатыр және мемлекеттік қызметшілерге жалақы төлеп отыр. Кәсіпорындарға сауданы тоқтатуға, акциздер мен табыс салықтарын төлемеу туралы бұйрық берілді. Орталық банк банктерге қарыздарды қайта жасақтау мен кредиттерді өтеуді кейінге қалдыруды қамтамасыз ету мақсатында өтімділікті ұлғайтуды ұсынды. Үкімет сондай-ақ шетелдік жұмысшыларды жалдау бажын алып тастап, коммуналдық қызметтердің бағасын төмендетті.

Сауд Арабиясының бұл шаралары оның экономикасы басқа елдерге қарағанда аз зардап шеккенін білдіруі мүмкін. ХВҚ елдің жалпы ішкі өнімі 2,3% төмендейді деп отыр, ал бұл көрсеткіш АҚШ-та 5,9% және дүниежүзінде 3%  төмендейді деп болжанған.

Дегенмен, корольдік бюджетінің тапшылығы өндіріс көлемінің 13 пайызына дейін ұлғаяды деп күтілуде. Үкімет қарыздың ЖІӨ-ге қатынасы көрсеткішін 30%-дан 50%-ға дейін көтеруге келісті. Сауд Арабиясының қорлары рекордтық 24 миллиард  долларға наурыз айында 479 млрд долларға қысқарды.

Ел халқы қиын экономикалық жағдайға теріс пікір білдіре қойған жоқ. Олар үкіметтің COVID-19-ға қарсы шараларын жоғары бағалады, әсіресе вирус жұқтырғандарды тегін емдеу туралы уәдесі қолдау тапты. Елде 24 079 індет жұқтырудың дерегі тіркелсе, оның ішінде 169 адам қайтыс болған (5 мамырдағы дерекке сәйкес -ред.).

Алайда монархия үшін қауіп көбейіп келеді. Үкіметтің қаржылық жағдайы нашарласа мемлекеттік сектордағы еңбекақыны қысқартуға мәжбүр болуы мүмкін. Бұл Корольдіктегі бұрыннан келе жатқан әлеуметтік келісім-шартқа қауіп төндіреді. Әл-Сауд отбасы онжылдықтар бойы елдің мұнай байлығын абсолюттік билік құру үшін халыққа субсидиялар арқылы таратып келген.

«Алдағы уақытта жағдай өзгереді. Болашақ басқаша болады. Орташа табыс қазіргімен салыстырғанда төменірек болады. Жастар ата-аналары сүрген өмірді сүрмейді», - дейді Вашингтон аналитикалық орталығының Америкалық кәсіпкерлік институтында Таяу Шығысты зерттеуші ғалым Карен Янг.

Корольдіктің шектеулі мұнай байлығына тәуелділігін түсінген ханзада Мұхаммед мұнайға тәуелділікті азайта отырып, экономиканы қайта жасақтауға тырысып жатыр. Ол субсидияларды қысқартып, мемлекеттік сектор қызметкерлерін жеке секторға ауыстыруға қадам жасады.

Бұл әрекет нақты нәтиже көрсетпеді. Авиация, туризм және ойын-сауық сияқты жаңа салаларды ынталандыруға арналған құны бірнеше миллиард доллар болатын жобалар әзірге экономиканың өсуіне ықпал етпей отыр. Мамандардың пікірінше, бұл әлі де жартысынан астамы мемлекеттік сектор қызметкерлерінің жалақысына жұмсалатын мемлекеттік шығындарға байланысты.

Экономикалық қиындық жайлы Джидда қаласындағы «Boho» кафесінің иесі Мона ас-Сулейман «Біз мұны күткен жоқпыз, ешкім де күткен жоқ» деді.

Осыдан алты апта бұрын ғана «Boho» кафесінде бизнес жанданып тұрған еді. Себебі Сауд Арабиясы Үкіметі енгізген жаңа реформалар ойын-сауық бизнесінің дамуына септігін тигізді. Алғаш рет жанды дауыста музыка қоюға және қоғамдық жерлерде ерлер мен әйелдерге бірге отыруға рұқсат етілді. Содан бері Үкімет сатылымның 95%-ға құлдырауына және жалақының үштен бір бөлігіне қысқаруына қарамастан экономикалық тұрақтылықты сақтай алған еді. Үкімет жеке секторда жұмыс істейтіндерге жалақының 60%-на дейін төлеуге уәде берді.

«Elite Food Co.» компаниясының бас менеджері Фейсал Далати да тұрғындардың шығындарын қысқарту жөніндегі үкіметтік бағдарламаны қолданады. Алайда ол бұл қолдау оның 24 мейрамханасын сақтап қалу үшін жеткіліксіз болатынын айтты. Алати мырза бизнес қыркүйек айына дейін қалыпты жағдайына оралмайды деп есептейді. Ол шағын бизнесті несиелендіру бойынша Орталық банк ұсынған бағдарламамен несие алуға үміттенеді.

Экономисттер Корольдік экономиканы қалпына келтіру жөніндегі саясатты тиімді жүргізуі үшін ханзаданың экономикалық және әлеуметтік реформалар бағдарламасындағы бірқатар сүйікті жобаларын қысқартуы немесе олардан мүлдем бас тартуы керек екенін айтып отыр. Жобалар құны мен көлемі бойынша әр түрлі. Олардың қатарында Эр-Рияд қаласында жасыл желектер санын арттыру, шөл даладағы тақырыптық саябақтар мен спорттық стадиондар мегаполисін құру және Неом атауын алған дербес заңы бар қала-мемлекет салу бар.

Дегенмен, Үкімет бастамалары қазір Джидда қаласындағы Райан Галаинидің фитнес-залдары секілді бизнестің аман қалуына септігін тигізіп отыр. Карантин жариялағаннан кейін ол залды жауып, жабдықтарды жалға беруге және бизнесті онлайн-кеңістікке ауыстыруға мәжбүр болды. Р.Галаини Үкіметтің жалдау ақысын төлеу бойынша жеңілдіктерін, демалыс бағдарламасын және 36 айға қаржылық қолдау көрсету бойынша бағдарламасына өтінім білдірді. «Шын мәнінде қазір біз көбірек ақша тауып жатырмыз», - деді ол.

 

Дайындаған

Меруерт БҮРКІТБАЙ,

«Egemen Qazaqstan»