06 Сәуір, 2010

Қанат САУДАБАЕВ: ҚАРАПАЙЫМ ХАЛЫҚ ҚИЫНДЫҚ КӨРМЕУІ ТИІС

740 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін
ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы  төр­ағасы, Қазақстан Респуб­ли­ка­сының Мемлекеттік хатшысы – Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаевтың Шығыс Еуропа­да­ғы үш мемлекет – Беларусь, Украина, Молдова республикаларына сапары аяқталды. Дипломатиядағы басты қару–орнымен айтылған сөз. Жүйесін тапқан сөз құдіретінің алдында қайқиған бас иіліп, қайралған қы­лыш қынына түскенінің мысалына тарихты парақтай отырып көз жет­кізуге болады. Қазақстанға ЕҚЫҰ-ға төрағалық тұсында осы қаруды мейлінше Ванкуверден Влади­вос­токқа дейінгі алапты алып жатқан 56 мемлекеттің, ондағы халық­тар­дың игілігіне бар пәрменімен жұмсауына тура келеді. Олай дейтініміз, ЕҚЫҰ-ның үнемі назарындағы ұзаққа созыл­ған кикілжіңдер ошағының көбі Кеңес Одағының шекпенінен шық­қан елдердің шеңберінде бол­ған соң өзге төрағаларға қарағанда Қазақ­станның мәселені ұғынуы, ішкі жағдайды жетігірек бағамдауы көп ретте алдыңғы кезекке шы­ғады. Шы­ғыс Еуропадағы осындай бір қақ­тығыс орны – 20 жыл бойына танылмаған, өздерін При­д­нестровье Молдавия респуб­ликасы деп жариялаған При­днес­тровье болып отыр. Іс басындағы төрағаның са­па­рында қай елде де жиі көтерілген сауалдың қата­рында осы мәселенің жатуы сондықтан да шығар. Жалпы, сапар алдымен ЕҚЫҰ-ға төраға ретінде іске асырыл­ған­дықтан, Қазақстан бұл тұстағы алға қойған мақсаттарын орындауда ТМД-лық әріптестерінің қай мә­се­леде бір арнаға тоғысатынын нақ­ты­лауды мақсат тұтты десек, қате­лес­песпіз. Әрине, осы сапар бары­сында көтерілген қай мәселенің де өзіндік салмағы, көтерер жүгі бар. Үш мемлекетте айтылған әңгіме­лерді, шешілетін проблемалар мен атқарылатын жұмыстарды топтас­ты­рып қарасақ, осылардың арасы­нан бірнеше мәселе алға шығады. Біріншіден, ЕҚЫҰ жұмысының әу бастағы жоспарында әрбір екі жыл сайын шақырылуы тиіс мүше мем­лекеттер басшыларының соңғы 10 жыл жүзінде жиылмаған саммитін өткізудегі пікірлерді бағамдау, екін­шіден, сол саммит мәселесі шешіл­ген күнде СІ министрлерінің бей­рес­ми кеңесін шақыру арқылы осы келелі басқосуда күн тәртібіне қойы­латын мәселелерді талқылау, яғни саммитке дайындық, үшін­ші­ден, Приднестровьеге қатысты шие­леніскен түйінді жұмсарту жо­лындағы жұмыстар. Бұлардың сыр­тын­да, әрине, екіжақты байланыс­тарды тереңдету, Қазақстан, Ресей және Беларусь мемлекеттері ара­сын­дағы Кедендік одақтағы қаты­настарды қалыпты жолға қою және т.т. толып жатқан мәселелер жатқаны өз-өзінен түсінікті. Алғашқы күні Іс басындағы төрағаның Беларусь Президенті Александр Лукашенкомен кездесуі белгіленген уақыт өлшемінен шы­ғып, 1 сағат 45 минутқа созылуы­ның өзі біраз жәйтті аңғартса ке­рек. Қазақстанның төрағалығы тұ­сында барлық бастамаларды қол­дау­ға әзірлігін білдірген Александр Лукашенкоға Елбасының елімізге сапармен келуі жөніндегі шақыр­туы ықыласпен қабыл алынды және беларусь тарапы Қазақстан Президентін өзіне қолайлы деген уақытта елдеріне сапарлап қайтуға шақырды. Негізінен алғанда Бела­русь ЕҚЫҰ-ға оған мүше мем­ле­кет­тер арасында ең белсенді қаты­сушылардың бірі. Әсіресе, ұйымға біздің төрағалық уақытында ол өз көрінісін тапқан, яғни Беларусь ЕҚЫҰ-да экономика-экологиялық форумның осы мәселедегі үйлес­ті­ру­шісі, төрағасы қызметін атқарып отыр. Сонымен қатар, Беларусь біздің төрағалығымыздың тұсында атқарылуы жоспарланған Венадағы және Астанадағы іс-шараларға өзі­нің белсенді түрде атсалысатынын жеткізген. Әрине, назардан Кеден одағына қатысты мәселелер тыс қалған жоқ. Қазақстанның экономикалық әлеуе­тін жақсы білетін беларусь тарапы тоңазытқыштар, телевизор­лар шығару мен мәшине жасау ісіндегі өзінің дайын өнімдерін бізге әкелумен шектелмей, Қазақ­стан жағы қызығушылық танытып отырған өзге де секторларды да­мы­туда біздің елдің инвестициясын тартуға пейілді екенін білдірді. Ал біздің ел үшін Беларусьтің дағдарыс тұсындағы экономикалық саясаты қаперде ұстайтын нәрсе. Осы ке­зең­де Беларусь 160-қа жуық алыс-жақын елдермен сауда-саттық жүр­гізуде. Оның ішінде 30-ға таманы соң­ғы жылдың ішінде іске асыры­лыпты. Олар өздері шығарған тауарлар үшін жаңа рынок іздеуде алыстағы Латын Америкасындағы Венесуэла тәрізді немесе Африка­да­ғы өзге мемлекеттерге де жол тарт­қан. Соңғы жылдың ішінде бе­ларусь капиталы есебінен осындай шетелдерде 26 кәсіпорын ашылып­ты. Ал елдің шекарадан тыс аймақ­тардағы мүддесін алға жылжыту үшін Беларусь үкіметі тарапынан лизингтік компания құрылыпты. Ол, әрине, шет мем­лекеттерге экспортты жандан­ды­ру­ға жұмыс жасауда. Зерттеуге тұ­рарлық, жақсы тұсын өз экономи­ка­мызға бейімдеп пайдаланатын шаруа екен деп ой түйдік іштей. Іс басындағы төраға Президент Александр Лукашенкомен, Сыртқы істер министрі Сергей Марты­нов­пен, Ұлттық кеңестің Өкілдер па­ла­тасының төрағасы Владимир Андрейченкомен кездесулер бары­сын­да Беларусь мемлекетінің ха­лық­аралық беделді ұйымның жұ­мы­сына айтарлықтай үлес қосып келе жатқанын айтып, Қазақстан мен Беларусь мемлекеттерінің стра­тегиялық әріптес ретінде ұйымның жұмысын жандандыруда, әсіресе, қазіргідей мүше мемлекет­тер Еуро­па­ның жаңа қауіпсіздігінің сәулеті­не қатысты мәселені көтеріп жат­қан тұсындағы маңызына мән берді. Жаңадан мемлекет басшысын сайлаған Украина 2013 жылғы ЕҚЫҰ төрағалығынан үміткер көрінеді. “Алмақтың да салмағы бар” де­гендей, кезінде Қазақстан төр­аға­лығына қолдау көрсеткен ел бізден енді қарымта күткен сы­ңай­да. Бұл жәйт ЕҚЫҰ және екіжақты қаты­настар көтерілген әрбір кез­де­су­де бой көрсеткен. Әрине, біздің тарап Украинаға қарыз болып қал­май­тынына сендірді. Президент Виктор Янукович Қазақстанға ша­қы­руды ал­ғыспен қабыл алып, өзі­нің таяу мез­гілде елімізге келетінін айтып, Қа­зақстан басшысын Киевке шақырды. Виктор Янукович: “Біз Қазақ­стан­ның жоғары деңгейдегі саммит өткізу ниетін толық қолдаймыз, оның күн тәртібін ақылдасуға пейіл­діміз, бұл ретте оған жүргізіліп жатқан дайындық жұмыстарын да білгіміз келеді”, деп “Корфу про­цесі” деген бейресми атауға ие Ре­сей жағы ұсынған Еуропа қауіп­сіз­дігінің жаңа үлгісін қолдайтын­дық­тарын жеткізді. Ал Днестр бой­ын­дағы киікілжіңге қатысты бұл мә­селеде Молдованың территориялық тұтастығы сақталынып, алайда ондағы аз ұлттардың мүддесі еске­рі­ле отырып, ол аймаққа арнайы мәр­тебе берілуді қалайтындық­та­рын білдірді. Осынау 20 жылға созылған проблеманы қарастыру 5 плюс 2 форматында, яғни келісімге келе алмай отырған екі жақ Мол­дова мен Приднестровье, сондай-ақ араағайындар – Ресей, Украина және ЕҚЫҰ, байқаушылар – АҚШ және Еуроодақ қатысуымен жүргізілуі қажеттігін алға тартты. Украинаның Сыртқы істер ми­нис­трі Константин Грищенко ЕҚЫҰ саммитінің күн тәртібіне жалпы қауіпсіздік проблемалары мен түйі­ні шешілмей тұрған дау-дамай­лар­ды реттеу мәселелері енсе дұрыс болар еді, саммит өткізілмеген соң­ғы 10 жылдың ішінде көптеген өз­ге­рістер орын алды және құрлық­тағы қауіпсіздік мәселелері бүгінде жаңаша қойылуда. Қазіргі таңда ЕҚЫҰ-ның қауіпсіздік саласын­да­ғы рөлі жете бағаланбай отырған сияқты. Тіпті ортақ мәміле жасал­ма­са да, елдердің проблемаға қа­тыс­ты көзқарастарын үйлестіруге болады, деген украиналық дип­ломат өзінің 16-17 шілдеде Алма­ты­да өтетін СІ министрлерінің бей­ресми кездесуіне қуана сапар шеге­тінін де жеткізді. Киевке сапары уақытында Іс басындағы төраға Украина Прези­дентімен, Сыртқы істер министрі­мен, Жоғарғы Рада төрағасы Вла­ди­мир Литвинмен, Премьер-Ми­нистр Николай Азаровпен және саяси партиялардың серкелерімен де жүздесті. Олардың қай-қай­сы­ның да екі елді жақындастыруға үлесін қосатынына күмән жоқ. Жал­пы, Қазақстан мен Украина ара­сындағы қарым-қатынастар ыр­ғақты дамып қана қоймай, сыртқы саяси меке­ме­лер арасындағы және халықаралық ұйымдар шеңберіндегі өзара іс-қимылдар ұтымды жүр­гі­зіліп, екі тараптың көптеген халық­аралық мәселелердегі ұстанымдары өзара сәйкес келетіндігін айта кеткен жөн. ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасының соңғы ұшағын қон­дырған алаңы Молдова Респуб­ли­касы болды. Сапар бағдарламасына сәйкес Қанат Саудабаев Кишинев­ке наурыздың 31-і күні кешқұрым келді. Ертеңіне алғашқы жүздесуді Молдова Премьер-министрінің орынбасары – сыртқы істер және еуропалық ықпалдастық министрі Юрие Лянкэмен өткізіп, екі ми­нистрлік арасында ынтымақтастық жөніндегі меморандумға қол қойы­сымен журналистерге арналған брифинг ұйымдастырылды. Юрие Лянкэ Молдова тарапының Днестр бойындағы ұзаққа созылған кикіл­жің­ді тек саяси реттеуді қалай­ты­нын айтып, өздерінің ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төраға тарапынан Днестр бойындағы жанжалды ше­шуде ресми келіссөздерді жалғас­ты­руға жәрдемдесетін ізгі ниетін сезініп отырғанын жеткізді. Сон­дық­тан Астана қаласында мамыр айында 5 плюс 2 форматында кез­десу өткізу туралы ұсыныс көңі­лімізге мейлінше қонады, кез кел­ген проблеманы үнқатысу арқылы шешуге болады ғой деп ойлаймыз, деді молдаван дипломаты. Молдаван халқы қазіргі күні сая­си дағдарысты бастан кешіріп отыр. Конституция бойынша екі рет президент қызметін атқарудың мерзімі таусылуына байланысты жұмыстан кетуге арызын берген коммунист Владимир Ворониннің портфелін жинап қойғанына да бірнеше айдың жүзі болды. Бірақ әлі де Молдова Президенті мемле­кет басына келу үшін елде қайта сайлау өте ме, әлде конституцияға өзгеріс­тер еніп, референдум өткізі­ле ме, оның басы ашылмаған күйін­де. Конституцияға сәйкес Прези­дент­тің міндетін Парламент спи­ке­рі Михай Гимпу атқаруда. Қанат Саудабаев дау-дамайы басылмай тұрған Днестр бойына көлігін бұрмастан бұрын Михай Гимпумен, сондай-ақ ел Премьер-министрі Владимир Фи­латпен, мұнан соң жанжал ошағы Тираспольге барып, Приднестровье лидері Игорь Смир­новпен кездесті. Кеңес Одағы тараудан аз ғана бұрын Днестр бойындағы Молда­вияның 5 ауданы өздерін орта­лы­ғын Тирасполь етіп белгілеп, Одақ құрамындағы Приднестровье со­циа­листік республикасы деп жа­риялаған болатын. Оған негізінен Днестрдің сол жағалауындағы өн­дірісті аймақ­тар мен оң жағадағы Бендеры қала­сы кірген. Іргесін 1792 жылы Екінші Екатеринаның бұйрығымен Суворов қалады дейтін Тирасполь – Днестр бойын­дағы ірі қаланың бірі. Тирас­поль­де және Днестр жағалауындағы даулы өлкеде халық құрамы орыс, украин және молдавандардан тұра­ды. Әуел­дегі қырқыс әліпби мәсе­ле­сіне қа­тысты шықты, дейді Тирасполь тұрғындары. 1992 жылы дау өрші­гені соншалық, арада бірнеше ай қарулы қақтығыс болып, екі жақтан да адамдар көз жұмды. Ақыры бітім­герлер әскері кірумен жағдай ба­қылауға алынып, күні бүгінге дейін бітімгерлер жағдайды қадағалап тұр. Іс басындағы төрағаға жағдайды мәлім еткен қос тарап бірін-бірі айыптап, бұған дейін 5 плюс 2 форматында және ресми Кишинев пен Тирасполь арасында қол жет­кен келісімдердің орындалмауын алға тартты. Кишинев орын­да­л­ма­ған келісімдер 140-тың сыртына шықты десе, Тирасполь оны 80-нен асты дейді. Осылайша үлкен қиын­дықпен қол жеткізген келісімдердің аяқасты болуынан жергілікті халық зардап шегуде. Приднестровье украиндары Украина азаматтығын алса, орыстары Ресей азаматтары ретінде төлқұжаттар алған. Айта кету керек, 20 жыл бойына халық­ара­лық қоғамдастықта ресми мой­ын­далмаған Приднестровьенің өз конституциясы, барлық заң шы­ғарушы органымен қатар, атқару­шы органдары бар. Танылмаған аймақ тұрғындарына шетелдерге шығу, немесе осы елде тұрғызылған жаңа әлеуметтік нысандарды за­манауи құрал-жабдықтармен қам­та­масыз етудің қиындығы шашетек­тен екен. Азаматтық құқықтары ай­қындалмаған соң, Днестр бойын­да­ғы жастар жоғары білім алуларын­да, некелесу, бала тууды тіркеу және тағы басқа мәселелерде тұй­ық­қа тірелген. Іс басындағы төраға: “Жылдар бойы қордаланған проб­ле­маларды бірден шешіп тастау мүм­кін емес, бірақ үнқатысу арқылы бір-бірімен ұғынысудың маңызы жоғары. Алдымен 5 плюс 2 форма­тын­дағы кездесуде қара­пай­ым адам­дарға бағытталған, олардың өмірлерін жеңілдететін қарапайым қадамдар жасалуы тиіс. Қайткен күнде де екі жақтың да қарапайым адамдары зардап шегіп, қиындық көрмеуі тиіс. Үнқатысу осындай нақты келісімдерге алып келсе, онан халық ұтатын болады”, деп қа­дап айтты. Алдыңғы кезекте гума­ни­тарлық, әлеуметтік мәселелер бойынша қадамдар жасалса, қырғи-қабақтық жылы шырайға ауысар еді деген ойын жеткізді. Елге қайтып келе жатқанда ұшақ үстінде журналистермен әңгі­мелескен Айрықша тапсырмалар жөніндегі елші – ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасының арнайы өкі­лі Болат Нұрғалиев Қанат  Сау­дабаев пен Молдова Премьер-ми­нистрі Влад Филаттың шағын және кеңейтілген құрамда болған келіс­сөздерінде тараптар сауда-эко­но­ми­калық бағыттағы түрлі мәселелер­дің қордаланып қалғаны туралы ортақ пікірге келгенін айтты. Қа­зақстанда Молдова компаниялары үшін перспективалы бағыттар­ды және қазақстандық бизнес үшін аг­рарлық салада игерілмеген әлеует­ті ескере отырып, екі елдің пре­мьер-министрлері деңгейінде кез­десу өткізудің қажеттігі атап көр­сетіліп, Влад Филаттың осы жылы Қазақстанға жұмыс сапары­мен келетіндігі уағдаласылған. Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ.