Аймақтар • 13 Мамыр, 2020

Қарағанды облысы: Ерікті жасақтың ерлері марапатталды

279 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Төтенше жағдай режімі жарияланып, карантин шектеулері енгізілген кезде Қарағанды облысында 95 азамат өз еркімен әскери қызметке барған болатын. Бір айдың ішінде олар Қарағанды мен Теміртау қалаларында 9 миллион шаршы метр аумақты дезинфекциялық құралдармен өңдеп, ауқымды жұмысты атқарып шықты.

Қарағанды облысы: Ерікті жасақтың ерлері марапатталды

Айта кететін бір жайт, әскерге шақырылушылардың барлығы  тұрғылықты жерлері бойынша қызмет етті, яғни олар басқа өңірлерге жіберілген жоқ. Сондай-ақ, олар жұмыс күні біткенде үйлеріне жіберіліп отырды.

Бүгін төтенше жағдай режімі кезінде аса жауапты жұмысты абыроймен атқарған осы ерікті жасақ сарбаздарына Қарағанды облысы әкімінің, қала басшысының, «Астана» өңірлік қолбасшылығы әскерлері қолбасшысының және жұмылдыру дайындығы басқармасының атынан «Алғыс хаттар» табыс етілді.

 Әскери міндеттілерді марапаттау кезінде Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Ермағанбет Бөлекпаев карантиндік іс-шараларға ат салысқан барлық азаматтарға, жергілікті БАҚ өкілдеріне алғыс сезімін жеткізді.

Қарағанды облысының жұмылдыру дайындығы басқармасының басшысы Жомарт Жылқыбаев әскерге шақырылғандардың орташа жасының 25-35 жас аралығында болғанын атап өтті.

– Олардың арасында уақытша жұмыссыз қалғандар, шағын және орта бизнес саласының өкілдері болды. Сондай-ақ, медициналық білімі бар 17 адам шақыртылды. Арнайы әскерге шақырылушыларға әскери қызметшілер үшін көзделген барлық жеңілдіктер қарастырылды. Жұмыссыздарға мемлекеттен 42 500 теңгеден ақша төленді, ал жұмыс істеп жүргендер бұрынғыдай мөлшерде еңбекақыларын алды, – деді ол.

Сонымен қатар, Жомарт Жылқыбаев әскери міндеттілердің үш мезгіл тамақпен, киім-кешекпен, жеке қорғаныс құралдарымен және арнайы костюмдермен қамтамасыз етілгенін баяндады. Әр жұмыс күні біткен кезде сарбаздардың барлығы ПТР-тест талдауынан өтіп тұрған.

Марапат өз алдына, Қарағанды облысында карантиннің жеңілдетілуіне қарамастан, қоғамдық орындарды дезинфекциялау жұмыстары жалғаса беретін болады. Жергілікті атқарушы органдар кондоминиум тәртібіне сай лифтілерді, кіреберістердегі есік тұтқаларын және аулалардағы балалар мен спорттық алаңқайлардың құрал-жабдықтарын өңдеуге қамқорлық жасауға міндетті.