25 Қыркүйек, 2013

Атырауда «Қуан, сәби!» акциясының бір шарасы өтті

372 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

24-09-13-atyrau-aktcya

Жетімдер мен оларды асырап алушыларға, тәрбиелеушілерге белгіленген заң аясында көмек қолдарын созып, қамқоршы болудың сауапты амалдарға жататынын жете сезінген Атырау облысының соттары ұжымдары республикалық «Қуан,сәби!» акциясына белсене қатысуда.

Сондай шараның бірі Қазақстан судьялар одағы Атырау филалының тікелей қолдауымен ұйымдастырылды. Ол облыстық денсаулық сақтау департаментінің «Орталық нерв жүйесі зақымдалған балалар үшін арнаулы сәбилер үйінде» өркен жайды.

-Біз облыс соттарының судьялары мен сот қызметкерлеріне, облыстық сот басшылығына дән ризамыз, -деп бастады өз сөзін сәбилер үйінің бас дәрігері Гүлмира Рысмағанбетова. - Жарық дүниенің есігін ашар-ашпастан жетімдік пен жоқшылықтың, түрлі аурулар мен тұрмыс тауқыметін тартып, соңынан келіп бізден пана тапқан барша бүлдіршіндеріміздің атынан сіздерге шын жүректен ризашылықтарымызды білдіреміз. Қандай мереке болмасын, біздерді ұмытпайсыздар. Еңбектеріңіз жемісті, әрбір арайлап атқан ақ таң шуақты болсын.

Облыстық сотының азаматтық және әкімшілік істер жөніндегі апелляциялық сот алқасының төрағасы Әділхады Шығамбаев: «Жетім және ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған бейкүнә сәбилерді алақандарыңызға салып аялап, жүрек жылуымен олардың ертеңгі күнге деген үміттерін өшірмей отырған сіздерге айтар алғысымыз шексіз. Жетім көрсек жебей жүру - ұрпақтан- ұрпаққа жалғасып келе жатқан ұлтымыздың ең жақсы имани қасиеті. Біздердің бүгінгі шарамыз бір күндік емес. Тұрақты түрде келіп, қолдан келген көмегімізді, жақсылығымызды аямайтын боламыз»,- деді.

Мұнан кейін Қазақстан судьялар одағы Атырау филалының төрағасы Базарғали Қадірғалиев сәбилер үйі ұжымына соңғы үлгімен өндіріске шығарылған түрлі-түсті телевизор, кілемдер, жеміс-жидектер мен тәттілерді тарту етті.

Осы шараға арнайы шақырылған, облысымызда жас ұрпақты имандылыққа тәрбиелеуге сүбелі үлес қосып жүрген ардақты ана Ділдә қажы Матайқызы сәбилер үйінің тәрбиеленушілері мен тәрбиешілеріне, сот ұжымына жүрекжарды алғысын айтып, ақ батасын берді.

Боранбай Ғалиев,

Атырау облыстық сотының баспасөз хатшысы.

 

Суретті түсіргенавтор.

Соңғы жаңалықтар