Аймақтар • 13 Мамыр, 2020

Қостанай облысында 12 мыңнан астам бала жазғы лагерлерде тегін демалады

155 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бұл туралы Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетовтің төрағалығымен өткен селекторлық кеңесте білім басқармасының басшысы Василий Цымбалюк мәлім етті.

Қостанай облысында 12 мыңнан астам бала жазғы лагерлерде тегін демалады

Басқарма басшысының айтуынша, биыл облыста 2015 орындық 12 демалыс лагері жұмыс істейтін болады. Қазір барлық лагерлер балаларды қабылдауға дайындық үстінде.

Аймақта биыл жазғы демалыс орындарына тұрмысы төмен отбасында тәрбиеленіп жатқан 12 мыңға жуық баланы тегін жіберу жоспарланған. Бұл мақсатта жергілікті бюджеттен 74,2 млн теңге қарастырылып отыр.

- Сонымен қатар, интернатта жатқан балалар өздеріне бұрыннан белгіленген сауықтыру орындарында демалады. Мәселен, №1 Рудный арнайы мектеп-интернатының 131 баласы Бәкіров атындағы демалыс орнында демалады. Ал таяуда ғана қайта ашылған ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларды оңалту орталығы мен Қостанай арнайы мектебінің 130 оқушысы жазғы демалыстарын «Алтынгүл» лагерінде өткізетін болады.  Сондай-ақ, облыс орталығындағы «Жанұя» балалар үйінің тәрбиеленушілері үшін қала сыртындағы лагерлерге жолдамалар сатып алынады. Бұл мақсатқа облыстық бюджеттен 109 млн теңге қарастырылған, - деді В. Цымбалюк.

Мұның сыртында биыл аймақтағы мектептер жанынан  1 мың 300-ге жуық лагер ашу жоспарланған. Мұнда жалпы саны 60 мыңнан астам бала жазғы уақыттарын өткізеді.

«Біздің міндетіміз - тек жазғы демалысты ұйымдастыру ғана емес, сонымен қатар балалардың үздіксіз дамуына жағдай жасау» - деген  Василий Цымбалюк жазғы маусымда Тіл алаңдары, көшбасшылар, олимпиадалық резерв мектептері жұмыс істейтінін айтты.

 

Қостанай облысы