Аймақтар • 13 Мамыр, 2020

Тараздағы тарихи орындар қалпына келтіріледі

287 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Өткен жылы Әулиеата жерінде бірқатар мәдени нысандар ашылып, көптің игілігіне пайдалануға берілген еді. Бұл жұмыстар биыл да жалғасын табатын болады. Көне мекенде көптің көкейінде жүрген жобалардың жанданар күні жақын.

Тараздағы тарихи орындар қалпына келтіріледі

Мәселен, «Ауыл – ел бесігі» және «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламалары аясында алты жаңа ауылдық мәдениет үйі мен клубтар ашылып, екі ауылдық клуб пен кітапхана жөндеуден өтеді. Сонымен қатар, Ш.Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасы ағымдағы жөндеуден өтсе, Байзақ аудандық мемлекеттік мұрағаты абаттандырылады.

Көне Тараз қаласындағы «Қарахан» және «Тектұрмас» этно-тарихи кешендері де қалпына келтіріледі. Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев аталған мәселеге бағытталған жоспарлы жұмыстар барысымен танысты. Қазіргі таңда мұндай нысандар еліміздің түкпір-түкпірінен келетін туристер үшін де, шетелдіктер үшін де қасиетті орын болып саналады. Келешекте мұнда тиісті инфрақұрылым тартылып, қайта жаңғырту шаралары атқарылады. Нәтижесінде «Айша бибі» кесенесі мен «Көне Тараз» кешені өңірде туризмді дамытудың локомотивіне айналады деп күтілуде. Бүгінде «Қарахан» кешенінде де аумақты абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Мұнда экспозиция залы жұмыс істейді. Қазіргі кезде «Қарахан» және «Көне Тараз» кешендерін қосатын жаяу жүргіншілер аймағын қамтитын сквер салу жобасы іске асырылуда. Бұл ретте Тараз қаласының әкімдігі мемлекеттік қажеттіліктер үшін бес жеке үйді сатып алу мәселесін қарастыруда. Сонымен қатар, Бердібек Сапарбаев қалада көгалдар мен гүлзарларды отырғызып, Байзақ батыр көшесі жағынан Қарахан кесенесінің панорамалық көрінісін ашуды, ол жақтан да жеке кіреберіс салуды ұсынған болатын.

Өткен жылы «Тектұрмас» этно-тарихи кешені қайта жанданып, онда Әулиеатаның алып ескерткіші орнатылған еді. Алайда, жобаны толық аяқтау үшін ол жерге көпестердің дүкендері бар ортағасырлық бекініс тұрғызып, сарқырама, жағалауды жайластыру, кешен мен кесененің арасына жаяу жүргіншілер аллеясын салу, Аңырақай және Атлах шайқастары бейнеленген барельефті қабырға орнату жұмыстары жүргізілуі керектігі де айтылуда. Ал, аспалы жол салу мәселесі кешен толығымен аяқталғаннан кейін қаралады. Алдағы уақыттарда мұндай тарихи кешендер Әулиеата өңірінде туризмді дамытуға өзіндік үлесін қосатын болады.

 

Жамбыл облысы