Аймақтар • 14 Мамыр, 2020

Шектеу шекарасы кеңіді

132 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Елімізде төтенше жағдай режімі алынып тасталғанмен, арқаны кеңге салуға әлі ерте. Себебі, кей өңірлерде бой бермей тұрған вирусты жұқтыру қаупі толығымен сейіле қойған жоқ. Мұндай аймақтардың қатарына Қарағанды облысын да жатқызуға болады.

Шектеу шекарасы кеңіді

Арқа төсінде карантиндік шара­лар жеңілдетілгенмен, бір­қатар шектеулер бәрібір де сақта­латын болды. Бұл туралы Қараған­ды облысының тауарлар мен көрсе­ті­летін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау депар­тамент­нің басшысы Қанат Асқаров арнайы брифинг барысында баян етті.

– «Бұдан әрі шешімдер эпиде­миялық жағдай ескеріле отыры­лып, кезең-кезеңімен қабыл­данатын болады. Төтенше жағ­дай режімі тоқтатылғанмен, бір­қатар өңірде, соның ішінде Қара­ғанды облысында коронавирус инфек­циясының одан әрі таралу қаупі сақталуда. Сол себепті, қалып­тасқан эпидемиялық жағ­дай ескеріле отырылып, каран­тин­дік шектеулер біртіндеп алынатын болады, – деді Қанат Асқаров.

Жалпы, Қарағанды облысында карантиндік шектеу енгізілген 20 наурыздан 10 мамырға дейінгі аралықта 196 адамның коронавирус инфекциясын жұқтырғаны туралы ресми мәлімет бар. Өкінішке қарай, үш науқас қайтыс болды. Ал көңілге демеу боларлығы, 96 науқас дәрігерлердің көмегімен індетті жеңе білді.

Аталған ведомство басшысы Қа­рағанды облысы бойынша мамыр­дың 12-сінен бастап каран­тинді жеңілдетудің іс-шаралары қалайша жүзеге асатынын былайша егжей-тегжейлі түсіндіріп берді.

Үш адамға дейін саябақтар мен гүлзарларда, алаңдарда топтасып жүруге рұқсат берілді. Әлеуметтік қашықтықты сақтай отырып, отбасымен қыдырыстауға да болады.

Таксиде жолаушылар саны бойын­ша шектеу алынып тасталды. Ауданы 2 мың шаршы метрге де­йін­гі азық-түлік емес тауарлар сата­­тын және азық-түлік емес базар­лардың ғимараттарынан тыс орна­лас­қан нысандар, яғни сауда үйлері, орталықтар, дүкендер ашылды.

Моншалар, сауналар, тігін ательелері, аяқ киім, киім, сағат жөндеу шеберханалары, сондай-ақ жұмыс уақыты сағат 10:00-ден 17:00-ге дейін шектелетін азық-түлік емес базарлар ашылды.

Мәдениет мекемелеріне жеке және топтық даярлыққа қатысуға 30 адамға дейін ғана рұқсат берілді. Ал көрермендерің қатысуымен өтетін іс-шараларға тыйым әлі өзінің күшін жоя қойған жоқ.

Балаларды коррекциялық түзету кабинеттері жұмысын бастайды. Бұл жердегі қызметтер  алдын ала жазылу бойынша, қызметкерлер мен балалардың термометриясы міндетті түрде тексеріліп, күшей­тілген санитарлық-дезинфек­циялық режім сақтай отырылып жүргізіледі. ЖРВИ белгілері бар қызметкерлер мен балалар сабаққа жіберілмейді.

Мемлекеттік органдар мен бизнес-орталықтардағы және сауда объектілеріндегі 2 мың шаршы метрден асатын нысандарды қоспағанда, қалған кеңселер қызметін бастайды. Бұл жерде, егер штатта 30-дан астам адам болса, қызметкерлердің тең жартысының қашықтан жұмыс істеуі керектігін қатаң ескеруге тура келеді.

Сондай-ақ белгілеген санитар­лық-дезинфекциялық режім және қосымша талаптар міндетті түрде сақталған жағдайда, ел ішіндегі авиарейстерге рұқсат етілді.

Сонымен қатар жалпы аумағы 500 шаршы метрге дейінгі азық-түлік емес тауарларды сататын нысандар, жарнама агенттіктері, баспаханалар, барлық түрдегі қоймалар, жылжымайтын мүлік­пен операциялар жасайтын компа­ниялар, фотосалондар, кір жуу және химиялық тазалау орын­дары, екінші деңгейдегі банк­тер­дің филиалдары мен бөлім­шелері, халыққа қызмет көрсету орта­лықтары, ломбардтар, ақша айырбастау пункттері, микроқар­жы және микрокредиттік ұйымдар, сақтандыру компаниялары, ақ­па­­раттық-коммуникациялық тех­нологиялар компаниялары, құ­рылыс материалдарын сату бо­йын­ша мамандандырылған дү­кендер жұмыс істей бастады. Бұлардың қатарына сауда үй­лерінде, орталықтарда, бизнес-орта­лықтарда орналасқандары жатпайтынын ескеру керек.

Жеткізу режімінде тұрмыстық техника мен электр тауарларын, жануарларға арналған тауарларды, тұрмыстық химияны, сондай-ақ қосалқы бөлшектер мен шығыс материалдарын өткізетін ауданы 500 шаршы метрден асатын сауда нысандарына жұмыс істей бастауға рұқсат етілді.

Карантиннің ерекше тәртібінде тұрған Теміртаудың өзінде де бірқатар жеңілдетулер енгізіледі. Мысалы, қалада қоғамдық көлік жұмысы қайыра жанданады. Жеке автокөліктердің жүруіне рұқсат бар. Таксиде жолаушылар саны бойынша шектеу жоқ. Шаштараздар, сұлулық салондары алдын ала жа­зылған клиенттеріне қызмет көр­се­те бастады. Бұлар сағат 20:00-ге дейін жұмыс істейді.

Қанат Асқаров брифинг барысында инфекциялық қауіп сейіл­ме­йінше, облыста бала бақша­лардың әзірге ашылмайтынын айтты.

Санитарлық блок-бекеттерге келсек, олар індеттің ошағына айналып отырған Теміртауда ғана қа­лып, облыстың қалған аума­ғын­да алынып тасталды. Яғни қалалар мен аудандар арасында шектеусіз жүріп тұр.

Дегенмен, облыстың бас мем­ле­кет­­тік санитарлық дәрігері ін­дет­ті жұқ­тырудың қаупі әлі де бол­са жо­ғары екенін айта келіп, тұр­ғын­дар­ды санитарлық және дезинфек­ция­лық талаптарды қатаң сақтауға шақырды.

 

ҚАРАҒАНДЫ