Руханият • 14 Мамыр, 2020

Баянды бағдарлама шарапаты

217 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасына орай қабылданған «Дипломмен – ауылға!» мемлекеттік бағдарламасы мыңдаған жастың өмірден өз орнын табуына шарапатын тигізуде.

Баянды бағдарлама шарапаты

Жас жүрегі өнер деп лүпілдеп соққан Аманжол Аят Ақан сері атын­да­ғы жоғары мәдениет колледжін бітірген соң кірпіш дүниенің қай ке­ті­гіне қаланарын білмей тосырқап та қалған еді. Өзі тәрізді өрім жасқа шарапаты мол мемлекеттік «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасының бетін түзеп жібергені. Қазір төрт құбыласы түгенделген соң қолтығынан демеген бағдарламаға дән разы. Мемлекет өзіндей жас толқыннан қамқорлығын аямай, бар жағдайын жасап беріп отырған соң өзі де сол сенімді ақтап, адал еңбегімен абырой тапсам дейді.

Жастық шіркін оң-солыңа қарата ма?! Қаршадайынан өнерді құлай сүйген. Басқа дүние еш қызықтырған емес. Тіпті, өзі қатарлы жастар оқу орнын бітірмей жатып еңбек жолын қайдан бастарын іштей бағдарлап жүргенде, Аманжол бұл жайды қапе­ріне де ілмеген. Қолына диплом тиген сәтте абдырап қалғаны. Тіршіліктің тауқыметі жаңа ғана басталғандай. Бір сәт алды қараңғы тәрізді болып та көрініп кетті. Ең алдымен, жұмысқа орналасу керек. Жұмыс табылар-ау, баспананы не істейді. Міне, осы сәтте мемлекеттік «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы жайлы құлақтанған.

Осы бағдарламаның шарапаты жетектеп, қияндағы Жолымбет ауылына жеткізді. Бірден баспана мәселесін де шешіп алды. Айтпақшы, Аманжолды сиқырлы шығармашылық әлем есін енді жиған балалық шақтан бері өзіне тартып, баурап тұратын. Мектепте оқып жүргенінде сан алуан шараның біреуін қағыс қалдырып көрген жоқ. Өзі де қатысты, ұйымдастыру ісіне қолғабыс та болып жүрді. Облыс орталығындағы мәдениет колледжін бітірген соң ағасына ілесіп облыстық Шахмет Құсайынов атындағы Қазақ музыкалық-драма театрына дыбыс режиссері болып орналасты. Бұрын осындай өнер ұжымына сырттай тамсанып, таңырқап қарайтын Аманжол енді қызылды-жасылды қызық дүниенің ішіне күмп ете түскен. Әйтсе де, есін тез жиды. Мәдениет қызметкерлері жалақысының жайы белгілі. Азын-аулақ ақшаның басым бөлігі пәтер жалдап тұруға кетеді. Бір күні ойға кеткен, осылай қарызданып-қауғаланып күн кешемін-ау, арада он жыл өтер, он бес жыл өтер, іргелі үй болуым керек емес пе?!

Бар жайды ақыл таразысына салған. Ең оңды бағыт бағдарлама аясында ауылға бару тәрізді болып көрінді. Шынын айту керек, бірінші себеп күнкөріс мәселесі болса, екіншісі өз бойындағы өнер ұшқынын алыстағы ауылда лаулату. Облыс орталығында өнердің жалына жармасқан өрендер Аманжолсыз да жетіп жатыр. Ал шалғайдағы шағын елді мекендер жас толқынның жалынды лебіне сусап отыр емес пе? Айтса айтқандай, тиісті орындарға құжаттарын тапсырған соң арада көп уақыт өтпей Шортанды аудандық мәдениет үйінен шақырту келген.

– Қазір жастардың көпшілігі үлкен қалаларға ұмтылуда, – дейді Аманжол Аят, – мен Көкшетау қаласының іргесіндегі Зеренді ауданына қарасты Березняковка ауылының тумасымын. Біздің ауыл облыс орталығынан небәрі 15 шақырым жерде. Соның өзінде менің замандастарымның бәрі дерлік жайлы жер іздеп кетті. Егер жастар ауылға тұрақтамаса, ел бесігі қалай тербетілмек?!

Кейіпкеріміз айтса айтқандай, бағдарламаның екі жаққа да тиімділігі бар. Мәселен, Ақмола облысында осы бағдарлама жүзеге асырыла басталғалы жүздеген жас маман ауылдық жерлердегі білім, денсаулық, әлеуметтік қамту, мәдениет тәрізді салалар бойынша орналасты. Тиі­сінше, пәтермен қамтамасыз етілді, жалақыларын уақытында алып тұра­ды. Жұмыс істеймін дейтін жасқа одан басқа не керек.

Бүгінде өмірден өз орнын тапқан Аманжол осылай сараптайды. Ауыл өмірі бұрыннан етене таныс. Қуаты мол жас толқын шындап кіріссе, ауыл­­ды да ажарландырып, өнерімен мәдениетті өрістете алады. Ол үшін жақсылап еңбек ету керек. Кө­ңі­лі қалаған жұмысын істегеннен кейін өнер мен мәдениетке қа­тысты кез-келген шаруаның пұш­­пағын илеу­ге дайын тұрады. Сахнаға дыбыс аппаратураларын құрумен қатар, театр­ландырылған қойылымдарды, концерттерді да­­­­йындау барысындағы көрерменнің көзіне түсе бермейтін күйбең тір­шілікті әп-сәтте тындырып тастау қолынан келіп-ақ тұр.

– Ауыл үшін мәдениет қызметкері өте қажет, – дейді Аманжол, – ауылда тұрған адамдардың да ел қатарлы дема­лулары керек емес пе? Ауыл көңілді болса, жастар да жақсы жер іздеп үдере көшпей, тұрақтап қалар еді. Адамға материалдық игілікпен қа­тар, рухани байлық та қажет.

Қазір бағы бағдарламамен жанған Аманжол Аят ауданның мәдениет са­ласындағы мықты мамандарының бірі.

 

Ақмола облысы,

Шортанды ауданы

 

Соңғы жаңалықтар