«Ерім дейтін ел болмаса, елім дейтін ер қайдан болсын» дейді дана халқымыз. Жыл санап сарбаздардың әлеуеті де, жауынгерлік даярлығы да артып келеді. Оның барлығы Жоғарғы Бас қолбасшымыз – Қазақстан Президентінің Қазақстан әскерін жетілдіруге деген батыл қадамдарының, оң шешімдерінің жемісі екенін мойындауымыз қажет.
Ықылым замандардан бері Алаш әскерінің қажыры мен қайраты тұлпар мініп, Ту алған сарбаздарының жігерімен өлшенген еді. Бұл ерлік пен өрліктің осынау ХХІ ғасырда да лайықты сабақтастығы бар. Оған дәлел – «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығына қарасты 91678 тау-егерьлік әскери полкы.
Отан қорғау ісіне деген қызығушылығым бала кезден бастау алады. Өзім Алматы облысының Талғар ауданына қарасты Тұздыбастау ауылының тумасымын. Орта мектепті тәмамдағаннан кейін, 2013 жылы Алматыдағы Құрлық әскерлерінің әскери институтына қабылданып, оны 2017 жылы мотоатқыштар әскерлерінің командалық-тактикасы біліктілігі бойынша тәмамдадым. Оқуды ойдағыдай аяқтаған соң күні бүгінге дейін қызмет етіп келе жатқан «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығын қарасты 91678 тау-егерьлік әскери полкына жіберілдім. Бұл полктың ерекшелігі сол, сарбаздары атқа қонған мұндай полк ТМД елдерінде – жалғыз! Полкта атты әскерді қамтамасыз етуге қатысты барлық жағдай жасалған. Қамбар ата төліне сарбаздар өздері қарайды.
Өткен жылы Ресей, Қырғызстан, Моңғолия және Қазақстан елдерінің жауынгерлері бақ сынап, Моңғолияда өткен «Арафт» халықаралық атты әскер марафонына қатыстық. Жүлделі 2-орынға ие болдық. Кейін Қазақстанға оралған соң, І дәрежелі «Ел қорғаны» медалімен марапатталдым.
Күнделікті өмірде біз жауынгерлік дайындықтарды жүргіземіз. Оқу кестесіне сәйкес атыс, тактикалық сабақтарды, жаттығуларды орындаймыз. Ал елімізде жарияланған қазіргі төтенше жағдай режімі кезеңінде атты әскерлеріміз Тараз қаласындағы блок-бекеттерді күшейтуге жұмылдырылды. Қала аумағында бас-аяғы жеті блок-бекет бар. Әр бекетке екі атты жауынгер бекітілген. Бұл індет те аяқталар деген сенімдемін.
Бекдаир ТӨЛЕГЕНОВ,
«Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығына қарасты 91678 әскери бөлімінің тау-егерьлік ротасының командирі, аға лейтенант