Руханият • 14 Мамыр, 2020

Мұқтажды демеп, көрсетті көмек

197 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

«Biz birgemiz» акциясы аясында мұқтаж жандарға қайырым жасау ісі Алматы облысында толастаған жоқ. Жақында осындай игі шара Кербұлақ ауданында жалғасып, көмек қажет ететін 200 отбасыға азық-түлік пакеттері таратылды.

Мұқтажды демеп, көрсетті көмек

Қайырымдылық акциясының өтуіне Nur Otan партиясы Алматы облысы, Кербұлақ аудандық филиа­лы мен аудан әкімдігі ұйытқы болды. Ал Сарыөзек ауылының қалталы азаматтары жалпы саны 702 адамды ең қажетті азық-түлікпен қамтамасыз етті.

– Қайырым жасау кезінде 5 тонна ұн, 2 тонна ет, 1000 литр сұйық май, 600 кг күріш және 400 кг макарон өнімдері тегін таратылды.Бұл іске аудан орталығындағы 25 кәсіпкер бір кісідей жұмылды. Олар жалпы құны 6 млн теңгеге жұмсады. Ал көмекке мұқтаж отбасылар мен қарт тұрғындарға азық-түлік жеткізіп беруді «Jas Otan» жастар қана­ты­ның волонтерлері мойындарына алды. Мұндай игі іс ауданымызда жалғасын таба бермек, – дейді Кербұлақ ауданының әкімі Махаббат Бигелдиев.

Жалпы, төтенше жағдай жарияланғалы бері Nur Otan партиясының Алматы облыстық филиалына азық-түлік мәселесі бойынша 4743 өтініш түскен. Оның ішінде 3609 өтініш оң шешімін тапқан. Ал азаматтардың талап-тілегін қабылдауға арналған арнайы колл-орталық нөміріне 1850 азамат хабарласып, көмек сұраған екен. Осы кезеңде партияның мұрындық болуымен 11 532 адамға жалпы құны 124 105 825 теңге болатын азық-түлік пакеттері және жеке гигиена заттары, антисептикалық құралдар, медициналық маска сатып алынып, тегін таратылған. Ал «Bіrgemіz» республикалық қорынан Талдықорған қаласындағы 3 361 мұқтаж азаматқа көмек көрсету үшін облыстық «Bіrgemіz Jetіsý» қорына 168 050 000 теңге қаражат түсті. Көрсетілген 7 санат бойынша Талдықорған қаласының тұрғындары қаржылай көмекті толығымен алды. Сонымен қатар екінші толқын бойынша 7 санатқа кіретін тағы 6 551 мұқтаж адамның тізімі әзірленген екен.

Айтпақшы, Алматы облысы тұрғындары ай са­­­йын 111 тоннаға жуық азық-түлік тауарын тұтынады екен. Бұл тізімде күн көріске ең қажетті деген заттар түзілген. Қуаныштысы, облыста сұранысқа сай азық-түлік қоры жеткілікті. Қазір өңірде 193,1 мың тонна азық-түлік қоймада сақтаулы тұрған көрінеді. Ел-жұртты қажетті тауармен қамтуда облыстың тұрақтандыру қорынан қаражат жеткілікті бөлініп отыр. Осы айда жалпы құны 26,8 млн теңге болатын 121,7 тонна тауар алынған. Оның ішінде 94 тонна бидай ұны, 27,7 тонна қант әкелінді.

Сондай-ақ аймақта азық-түліктің 19 түрі кіретін әлеуметтік маңызды тауар бағасының өсуіне жол бермеу мақсатында нақты іс жүзеге асуда. Кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының хабарлауынша, облыс әкімінің тапсырмасымен халықты азық-түлікпен және бірінші кезектегі қажеттіліктермен үздіксіз қамтамасыз ету үшін бюджеттен қосымша 2 млрд теңге бөлінген. Соның 1 млрд теңгесі әлеуметтік маңыздағы азық-түлік тауарларын сатып алу интервенциясын жүргізуге, тағы 1 млрд теңгесі кәсіпкерлік субъектілеріне займдар беру үшін қарастырылған екен. Бөлінген қаржыға қосымша 5,9 мың тонна ұн, 100 тонна күріш, 20 тонна жарма өнімдері, 5 мың литр күнбағыс майы, 1000 тонна қант, 200 тонна картоп, 100 тонна пияз бен 1 тонна тұз сатып алу жоспарланып отыр.

 

Алматы облысы