Спорт • 14 Мамыр, 2020

Коронавирус спортшылардың табысына қалай әсер етті?

184 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Әйгілі Forbes басылымы жуырда коронавирус салдарынан атақты спортшылардың қанша шығынға батқанын есептеп шықты. Басылымның жазуынша, Лионель Месси 50 миллион, Криштиану Роналду 20 миллион доллар табысынан айырылған. Ұлттық хоккей лигасының ойыншылары жалақыларының 25 пайызынан қағылуы мүмкін. Ал Ұлттық баскетбол қауымдастығы (ҰБҚ) жұлдызы Леброн Жеймстің есепшотына кейінге шегерілген әр матч үшін 300 мың доллар көлемінде қаржы түспей жатыр.

Коронавирус спортшылардың табысына қалай әсер етті?

Коронавирустың кері әсері ең алдымен спортта байқалды. Командалар жыл соңына дейін «күн көру» үшін шығындарын қалай азайтарын білмей біраз бас қатырды. Өйткені ірі клуб­тардың негізгі шығыны спортшылардың жалақысынан тұратыны белгілі. Кей командалар футболшылармен келіскен түрде жалақыларын қысқартты. Сондай-ақ ірі-ірі турнирлер өткізбегендіктен, қосымша сыйақыдан да қағылды. Со­нымен коронавирус спортшылардың табысына қалай әсер етті?

 Футбол

Еуропаның кейбір клубтарында фут­болшылар жалақысының қыс­қаруына өздері келісімін берді. Мы­салы, «Барселона» футболшылары жа­ла­қы­ларын қысқарту туралы бас­шылыққа өтініш берген. Каталония суперклубы коронавирусқа дейін бір жылда жалпы 858 миллион доллардың 600 миллионын тек жалақыға жұмсайтын. Осылайша клуб футболшылардың ж­алақысын 70 пайызға қысқарта алды.

«Барселона» сапында әлемде жала­қысы ең көп футболшылардың бірі Лио­­нель Мессидің доп тебетіні бел­гілі. Forbes-тің мәліметінше, оның жыл­­дық табысы, жарнама шартын қоса есеп­тегенде, 127 миллион доллар көле­мінде. Сонымен қатар «Барселона» Мес­сиге бонус есебінен бір жылда 80 миллион дол­лар төлейтін. Енді пандемия себепті Мессиге тек 30 миллион доллар беретін болды.

Криштиану Роналду да «Ювентус­тағы» командаластарымен бірге наурыз айынан маусымға дейінгі 4 айлық табысын қысқартуға өтініш берген. Бұл өз кезегінде «Ювентусқа» 97 миллион доллар немесе жалақының 30 пайызын үнемдеуге мүмкіндік берді. Өткен жылы Роналдудың бір өзі, жарнама қызметін қоса есептегенде, 109 миллион доллар табыс тапқан екен.

Франция жоғары дивизионының клубтары сәуірден бастап футбол­шыларға уақытша жұмыссыз статусын берді. Бұл – спортшылардың жалақысы автоматты түрде 30 пайызға қысқарды деген сөз. Сондай-ақ клубтар кәсіпқой футбол кеңесі мен елдің қаржы минис­трлігінен футболшылардың жалақысын та­ғы да қысқарту туралы ұсыныс алған. Осыған сәйкес, аптасына 10 мың­нан
20 мың еуроға дейін алатын футбол­шы­лардың жалақысы 20 пайызға, 100 мың еуродан көп алатындардың жалақысы 50 пайызға дейін қысқаруы мүмкін.

Бұл шектеулер ПСЖ клубына тиім­ді болды. Өйткені клуб жылдық жала­қы үшін 400 миллион еуро жұм­сайды. Аталған соманың 20 пайызы Неймардың, қалған 70 пайызы өзге футболшылардың жалақысы екен. Неймар ПСЖ-дан жылына 70 миллион доллар алады. Уа­қыт­ша жұмыс­сыз мәртебесіне ие бол­ған соң брази­лия­лықтың жалақысы 70 па­йызға қысқарған және ол қазір айына 4 миллион доллар алып жатыр. Тіпті бұл көрсеткіш 2 миллион­­ға дейін қыс­қаруы әбден мүм­кін еке­ні айтылған. Бірақ Франция футбол феде­рациясы 28 сәуірде елдің ішкі бірін­шілігі мерзімінен бұрын аяқтал­ғанын мәлімдеген-ді.

 Автоспорт

Коронавирус салдарынан «Фор­му­ла 1» бәсекелері белгіленген мерзім­де басталмады. Сол себепті ұйымдас­тырушылар, командалар және спортшылар қаржылай зиян шегіп жатыр. Әрбір қалдырылған Гран-при жарыстарынан командалар 1,5-2 миллион еуродан қағылуда. Сондай-ақ спортшылар өз келісімімен жалақыларынан да бас тартып жатыр. Олардың арасында атақты пилот Себастьян Феттель мен Луис Хэмилтон да бар. Луис өткен жылы 45 миллион доллар, Феттель 40 миллион доллар жалақы алған.

ҰБҚ және ҰХЛ

Америка баскетбол және хоккей лигалары форс-мажор жағдайды алдын ала ескеріп, жалақы беру мәселесін бұрыннан бір жолға қойған. Спортшылардың келісімшартында жалақының максимум және минимум көлемі белгіленген. Америкалықтар мұны эскроу деп атайды. Былайша айтқанда, спортшылардың ұлттық қоры. Яғни лига басшылығы спортшылардың жалақы пайызын ай сайын тексеріп, белгілі бір бөлігін қорға жіберіп отырады. Егер маусым соңында спортшылардың табысы белгіленген межеден төмен болса, оның орны эскроу қоры есебінен төленеді. Ал табыс көбейіп кетсе, артылған сома қорға ауда­­рылады.

ҰХЛ-да эскроу пайызы әр кезеңде өзгеріп отырады. Өйткені бұл лиганың табысына байланысты. Бюджет көп болса, пайызы да көп болады. Әдетте жаңа маусым үшін эскроу көлемі өткен маусымдағы табыс көрсеткіші негізінде дайындалады. Мысалы, лига былтырғы табысының 50 пайызын есептеп, оны 5 пайызға көбейтеді. Шыққан соманы 15 пайызға көтеріп, жалақының максимум деңгейін, ал 15 пайызға түсіріп минимум деңгейін белгілейді. Ма­мандар келесі жылы эскроу пайызы көтерілуі мүм­кін деп болжап отыр. Өйткені 2019/20 жылғы маусым уақытша тоқтап тұр. Сондай-ақ лига клубтары барлық төлемді 15 мамырға дейін тоқтатты. Қазір ҰХЛ-да ең көп (16 миллион дол­лар) жалақы алатын Митч Марнер осы­ның салдарынан 1,23 миллион доллар зиян шегуі мүмкін.

Ұлттық баскетбол лигасында да жала­­қы қысқартылған. 15 мамырдан олар­дың жалақысы 25 пайызға, эскроу қоры арқылы 10 пайызға қысқартылған. Осы арқылы кейінге қалдырылған әрбір ойын үшін баскетболшылар 1 пайыз жалақысын сақтап қала алады. Лиганың ең көп жалақы алатын баскетболшылары Леброн Жеймс, Стефан Карри және Кейин Дюрант үшін 1 пайыз дегеніміз 300-380 мың доллар шамасында.

 Теннис және гольф

Жалақы алмайтын, тек әр турнирдің қаржылай сыйақысынан табыс табатын гольф пен теннис спортшылары да қаржылай қиындыққа тап келді. Себебі бәсекелер өткізілмегендіктен олар да табысынан айырылатыны белгілі. Мысалы, теннисшілер кейінге шегерілген «Үлкен дулыға» санатындағы екі ірі жарыста 2-4 миллион долларға дейін, Мастерс сериясында 1 миллион долларға дейін қаржы табатын еді. ATP 500 жарысының турнирлерінде теннисшілер 300-500 мың доллар, ATP 250 додаларында 100 мың долларға дейін сыйақы алушы еді.

Бірақ атақты теннисшілердің негізгі табысы жарнамадан түсетінін ескерсек, олар аса шығынға бата қойған жоқ. Мысалы, 2019 жылы Роджер Федерер 93,4 миллион доллар табыс тапқан. Оның 86 миллионы тек жарнамадан түскен екен. Әлемдік рейтингте бірінші орында тұрған Новак Джокович жылдық жалпы табысының 30 миллионын (50,6 миллион доллар), Рафаэль Надаль 26 миллионын (35 миллион доллар) жарнамадан тапқан.

Ал рейтингтің төменгі орындарында тұрған теннисшілер үшін жүлде қоры жалғыз табыс көзі болып табылады. Сол себепті Федерер, Надаль және Джо­кович рейтингте 200-700-орында тұрған теннисшілерге көмектесу мақсатында 4 миллион доллар жинамақ. Сондай-ақ аталған теннисшілер «Үлкен дулыға» және ATP турнирлерін ұйымдас­тыру­шыға да қаржылай көмек көрсетпек.

2019 жылдың ең табысты гольф шеберлері Тайгер Вудс пен Фил Микель­сон өткен жылғы бәсекелерде сәйке­сінше 9,9 миллион және 12,4 миллион доллар табыс тапқан. Ал жарнамадан Вудс 54 миллион, Микельсон 36 миллион долларға кенелген. Бірақ олар да қазіргі уақытта тек жарнама арқылы «жан бағып» отыр. Ал танымал емес гольфшілер тек трансляцияның, яғни турнирдің басталғанын сарыла күтуде.