Саясат • 14 Мамыр, 2020

Экономиканы тұрақтандыру – басты мәселе

278 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Екі айға созылған төтенше жағдай режімі аяқталды. Ол туралы Мемлекет басшысы төтенше жағдай режімін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссияның отырысында жариялады.

Экономиканы тұрақтандыру – басты мәселе

Дегенмен, жаһандық індетке байланысты дағдарыс толық аяқталды деуге әлі ертерек болар. Бұған әлем бойынша індетті жұқтырғандардың саны 4 миллионнан, Қазақстан бойынша 5 мыңнан асып отырғандығы дәлел. Сол себепті күнделікті өмірде, жұмыс орнында, адамдармен қарым-қатынаста сақтық шараларын қатаң ұстанған жөн екендігін, өзіміздің аман-саулығымызға, ең алдымен, өзіміз жауапты болуымыз керек екендігін Президент Қ.Тоқаев ерекше атап өтті. 

Карантин талаптарын жұмсартқан бірқатар елде қайтадан індет таралуының күрт өршуі бұл мәселеде салғырттық таныту мен жеке жауапкершіліктің деңгейін төмендетуге болмайтынын көрсетеді. Мысалы, Германияда
6 мамырдан бастап карантин шараларын қысқартудың екінші кезеңіне өту арқылы барлық сауда орталықтарын ашуға, бұқаралық және кәсіби спортқа рұқсат беріліп, сән салондары, музей, зоопарк­тер жұмыстары жанданды, мектептер біртіндеп сабақтарын бастауға көшті. Алайда вирусты жаңа жұқтырғандар саны көптеп тіркелетін жағдайда, қайтадан қатаң карантин режімі федералды аймақтарға байланысты енгізілуі мүмкін екендігін билік жоққа шығармайды.

Қазақстандағы коронавирус індеті­нің қазіргі күйіне, әлі де халықтың денсау­лығына қауіптің сақталуына байланысты қа­былданған шешімдер құптарлық. Атап айтсақ, облыстар арасындағы көлік қа­ты­насына шектеулер, қоғамдық көліктер­дің жартылай жүктемемен жүруі, жолаушы­лардың бетперде тағуы талап етілуі, көшеде топтасып жүру 3 адамнан аспауы, мем­ле­кеттік қызметшілердің 50 пайызы қашық­тан жұмыс істеуі індеттің екінші кезеңінің басталмауына тосқауыл болатын шаралар.

Бұдан бөлек Мемлекет басшысының сөзінде елдегі экономикалық жағдайды тұрақтандыруға байланысты өте өзекті мәселелер қарастырылды. Ендігі кезекте аталған мәселелер Экономикалық өсімді қалпына келтіру жөніндегі мемлекеттік комиссия шеңберінде жүзеге асырылатын болады.

 

Әсел НАЗАРБЕТОВА,

Президент жанындағы ҚСЗИ халықаралық зерттеулер бөлімінің басшысы