Дегенмен, жаһандық індетке байланысты дағдарыс толық аяқталды деуге әлі ертерек болар. Бұған әлем бойынша індетті жұқтырғандардың саны 4 миллионнан, Қазақстан бойынша 5 мыңнан асып отырғандығы дәлел. Сол себепті күнделікті өмірде, жұмыс орнында, адамдармен қарым-қатынаста сақтық шараларын қатаң ұстанған жөн екендігін, өзіміздің аман-саулығымызға, ең алдымен, өзіміз жауапты болуымыз керек екендігін Президент Қ.Тоқаев ерекше атап өтті.
Карантин талаптарын жұмсартқан бірқатар елде қайтадан індет таралуының күрт өршуі бұл мәселеде салғырттық таныту мен жеке жауапкершіліктің деңгейін төмендетуге болмайтынын көрсетеді. Мысалы, Германияда
6 мамырдан бастап карантин шараларын қысқартудың екінші кезеңіне өту арқылы барлық сауда орталықтарын ашуға, бұқаралық және кәсіби спортқа рұқсат беріліп, сән салондары, музей, зоопарктер жұмыстары жанданды, мектептер біртіндеп сабақтарын бастауға көшті. Алайда вирусты жаңа жұқтырғандар саны көптеп тіркелетін жағдайда, қайтадан қатаң карантин режімі федералды аймақтарға байланысты енгізілуі мүмкін екендігін билік жоққа шығармайды.
Қазақстандағы коронавирус індетінің қазіргі күйіне, әлі де халықтың денсаулығына қауіптің сақталуына байланысты қабылданған шешімдер құптарлық. Атап айтсақ, облыстар арасындағы көлік қатынасына шектеулер, қоғамдық көліктердің жартылай жүктемемен жүруі, жолаушылардың бетперде тағуы талап етілуі, көшеде топтасып жүру 3 адамнан аспауы, мемлекеттік қызметшілердің 50 пайызы қашықтан жұмыс істеуі індеттің екінші кезеңінің басталмауына тосқауыл болатын шаралар.
Бұдан бөлек Мемлекет басшысының сөзінде елдегі экономикалық жағдайды тұрақтандыруға байланысты өте өзекті мәселелер қарастырылды. Ендігі кезекте аталған мәселелер Экономикалық өсімді қалпына келтіру жөніндегі мемлекеттік комиссия шеңберінде жүзеге асырылатын болады.
Әсел НАЗАРБЕТОВА,
Президент жанындағы ҚСЗИ халықаралық зерттеулер бөлімінің басшысы