Елорда • 14 Мамыр, 2020

Нұр-Сұлтан мектептерінде қандай цифрлық жобалар қолданылуда?

220 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Жаңа цифрлық жобалар пәндерді жақсы түсінуге және оқушылардың білім жүйесіне деген қызығушылығын арттыруға көмектеседі, деп хабарлады елорда әкімдігінің баспасөз қызметі.


Нұр-Сұлтан мектептерінде қандай цифрлық жобалар қолданылуда?

Оқу орындарында білім алушылардың цифрлық сауаттылығын арттыру мақсатында «Okoo онлайн-платформасы», «Цифрлық оқулықтар» және «Цифрлық мектеп» пилоттық жобалары жүзеге асуда.

Okoo онлайн білім беру платформасы – «Информатика» пәнін оқытуға арналған жасанды интеллект алгоритмдері. Виртуалды оқытушысы бар, бағдарламалауды үйретіп, барлық адамға дербес мүмкіндік беретін платформа тәулік бойы әлемнің кез келген нүктесінде қолжетімді. Біріктірілген рейтинг жүйесі арқылы оқушылардың рейтингін объективті түрде анықтауға болады. Жоба қаланың 13 мектебінде жүзеге асуда. Okoo платформасы 7–10 сынып оқушыларына Python тілінде бағдарламалауды үйренуге көмектеседі. Бүгінгі таңда платформаға 6015 оқушы тіркелген. «Okoo: онлайн бағдарламалау мектебі» жобасы аясында қаланың 13 мектебінен 86 информатика мұғалімі оқытылды. Тренингке үш білім беру курсы кіреді: «Python тілінде бағдарламалауға кіріспе», «Графикалық дизайн», «IT стартап курсы».

«Цифрлық оқулықтар» пилоттық жобасына төрт мектеп қатысады. Бұл жобада оқулықтардың сандық нұсқасы opiq.kz сайтына енгізіліп, «Алматыкітап» баспасымен, эстониялық Аvita баспасымен және Star Cloud IT-компаниясымен (ҚР БҒМ жобасы) бірлесіп әзірленген.

Жобаның мақсаты – электронды білім беру контенті мен заманауи педагогикалық технологиялар есебінен білім беру үдерісінде электронды оқулықтарды тиімді пайдалану және оқушыларды оқыту сапасын басқару жүйесін құру. Мектептің ақпараттық-білім беру саласына электронды оқулықтарды енгізу электронды білім беру ресурстарын пайдалану сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, оқушылар тек тыңдап ғана қоймай, берілген тапсырмаларды көріп, есте сақтау және орындау арқылы білім сапасын көтеруі тиіс.

Бұл бағдарлама оқыту үрдісінде жаңашылдық саналады. Визуализация арқылы сабақтар қызықты, өзекті, заманауи бола түсті. «Цифрлық мектеп» жобасына тоғыз мектеп қатысады. «Google-сынып» жобасы мұғалімдерге АКТ қолданудың қазіргі заманғы әдістемелерін үйретіп, Google қосымшаларын сабақ жоспарлау процесінде интеграциялауға көмектеседі,. Сондай-ақ G Suite бірлескен әдістемелік жұмысына, қағазсыз құжат айналымына, білім беруге арналған G Suite қосымшалары пакетімен жұмыс істеудің практикалық дағдыларын меңгеруге үйретеді. Қазіргі уақытта жобаға 1112 мұғалім мен 1375 оқушы қосылған.

Бұдан басқа, «Е-портфолио» инновациялық электронды платформасы жұмыс істейді. Оған қаланың білім беру ұйымдарының барлық педагогтарының мәліметі енген. Бұл база мұғалімдерді қағазбастылықтан арылтуға, аттестаттаудың жаңа форматына сәйкес, педагогтарды аттестаттаудың екінші кезеңін (жетістіктер сараптамасы) сапалы және ашық өткізуге мүмкіндік береді. Жүйе портфолионы қолмен толтырудан бас тартуға және жетістіктерді автоматты түрде бекітуге көшуге жағдай жасайды. Жаңа платформа ұстаздарды қағаз толтырудан босатып, өз қызметімен алаңсыз айналысуға мүмкіндік береді.