Аймақтар • 14 Мамыр, 2020

Биыл Қостанай облысында 3 183 түлек ҰБТ тапсырады

188 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бірыңғай ұлттық тестілеу биыл 20 маусымда басталып, 5 шілдеге дейін созылады. Биылғы ҰБТ-ға облыстағы мектеп бітіретін түлектердің 71%-ы қатыспақ.

Биыл Қостанай облысында 3 183 түлек ҰБТ тапсырады

Оқушылардың білім сапасын тестілеу барысында санитарлық қауіпсіздік талаптары қатаң сақталатын болады. Бұл туралы Ұлттық тестілеу орталығы облыстық филиалының директоры Нұргелді Хасенов «Anticor.LIVE»-тың тікелей эфирі арқылы айтты.

«Биыл ҰБТ-ға қатысушылардың арақашықтығы кем дегенде 2 метр болуы тиіс.  Дәрісханаларға жіберілетін адамдар саны 40-тан аспауы шарт. Сондықтан бұл жылы тест тапсыратын топтардың саны да көп болады. Біздегі мәлімет бойынша алдағы жазда 3183 оқушы тест тапсырады. Егер тест тапсыруға өтініш беріп үлгермегендер болса, 55-84-55 телефоны арқылы әлі де болса өтініш беруге болатынын, я болмайтынын біліп алуға болады. Біз әр адамның мәселесін жеке қарап, оң шешім қабылдауға тырысамыз», - деді  филиал басшысы.

Тест материалдарын үлестіру барысында оқушыға жауап парақшасының көшірмесі қоса берілетін болады. Тест тапсыру барысында даулы сұрақтар кездесіп қалса, оқушы оны осы парақшаға белгілеп отыру тиіс. 

Тестілеу аяқталған соң дұрыс жауаптардың коды ақпараттық тақтаға ілінеді. Түлек осы тақта арқылы өз жауабының дұрыс-бұрыстығын салыстыра алады.

Биыл тест тапсырушыларға қойылатын талап та қатая түскен. Мәселен, филиал директорының айтуынша, дәрісханаға жасырып ұялы телефон алып өтпек болып, ұсталып қалған түлек сол жерде тест тапсырушылар тізімінен  шығарылады. Мұндай оқушы бір жыл бойы ҰБТ-ға қатысу құқынан айырылады.   

Биылғы емтихандар сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қызметінің жіті қадағалауымен өтеді.

-Тест тапсыру барысын белгілі қоғам белсенділері мен арнайы мониторингтік топтың мүшелері бақылайтын болады. Бұл барлық  оқушыға жоғарғы оқу орындарына түсу үшін тең мүмкіндік беру мақсатында жасалып отыр. Бұрын тестілеу кезінде оқушыларға тең жағдай жасалмайды дейтін сөз шығып қалатын. Ал бүгінде баршаға ортақ тең мүмкіндік бар. Сондықтан түлектер тек өз біліміне ғана сенуі керек деді, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті басшысының орынбасары Данияр Смағұлов.

 

 

Қостанай облысы