Спорт • 14 Мамыр, 2020

Спортты дамыту жөніндегі 2020-2025 жылдарға арналған кешенді жоспар таныстырылды

720 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова Орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингте бұқаралық спортты дамыту жөніндегі 2020-2025 жылдарға арналған кешенді жоспардың жүзеге асырылуымен таныстырды.

Спортты дамыту жөніндегі 2020-2025 жылдарға арналған кешенді жоспар таныстырылды

«Кешенді жоспар Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың өткен жылғы ел халқына жолдауында бұқаралық спортты дамыту қажет деген тапсырмасы негізінде, сонымен қатар салауатты өмір салтын насихаттау, халықтың барлық тобы арасында дене шынықтыру мен спортты дамыту, спорттық инфрақұрылымды өскелең ұрпаққа қолжетімді еткізу мақсатында әзірленді. Кешенді жоспар 5 басты бағыттан тұрады: нормативті-құқықтық қамтамасыз ету, мектеп және студенттік спорт, спорттық желілерді кеңейту, салауатты өмір салтын насихаттау, спорттық-бұқаралық шараларды қамтиды», - деді Ақтоты Райымқұлова.

Оның айтуынша, кешенді жоспарда бұқаралық спорт бойынша заң жобасының 8 заңнамалық актісіне 33 өзгертулер енгізу қарастырылған. Оның ішінде, дене шынықтыру мен спорт бойынша мұғалімдерге сабақтан тыс қосымша ақы қарастырылған, дене шынықтыру сабағына ұлттық спорт түрлері бойынша міндетті қосымша енгізу, халықпен жұмыс істеу үшін спорттық нұсқаушылармен қамтамасыз ету, өңірлерде дәрігерлік-дене шынықтыру диспансерлерінің жұмысын ұйымдастыру көзделіп отыр. Қазіргі таңда заң жобасы аталған өзгертулермен Парламент Мәжілісінің қарауына енгізілген.