Басқосуда облыс әкімінің орынбасары Нұржан Календеров баяндама жасап, цифрландыруды енгізу бойынша бірқатар бастамалардың орындалмағанын айтты. Мәселен, білім беру саласында 7 бастаманың 5-еуі, денсаулық сақтау саласында 12 бастаманың 10-ы ғана жүзеге асырылған. Сонымен қатар, әлеуметтік қызметтерді ұсыну, қалалық басқарушылық, көлік, жер қатынастары және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық салаларында да кемшіліктердің бар екені анықталған.
«Ел Президенті нақты міндеттерді айқындап берді. Үкімет оларды орындауға бағытталған шараларды белгіледі. Бірақ стратегиялық мақсаттарға жету жолында кідіріс байқалуда. Цифрландыруды жүзеге асыруда біздің облыс республика бойынша артта қалғандардың қатарынан көрініп отыр. Біз бұл туралы жыл басынан бері айтып келеміз, бірақ нәтиже жоқ. Әлі де сол қалпында. Мұның бәрі жауапты тұлғалар тарапынан тиісті бақылау мен талаптың жоқтығының салдары» деді Бердібек Сапарбаев.
Кездесу барысында әкім білім беру саласында жаңа оқу жылы басталғанға дейін ақпараттық жүйелерді біріктіру бойынша жұмыстарды аяқтауды тапсырды. Сондай-ақ, әр мектепте полиция бөлімдері мен жедел басқару орталығына байланыстырылған бейнебақылау камералары орнатылуы тиіс.
Тиісті басшыларға әлеумет-еңбек саласында электрондық қызмет көрсету үлесін 70 пайызға дейін жеткізу, әлеуметтік ID-картаны іске қосу міндеттері жүктелді. Тараз қаласы бойынша басқару саласында әлі де көп шаруа атқарылу керектігі айтылды. Қала басшылығына әуелі мемлекеттік қызметтерді автоматтандыруды, «Ашық әкімдік» фронт-офисін құру қажеттігі ескертілді. Пәтер иелері мен сервистік ұйымдар арасындағы өзара қарым-қатынасты жетілдіріп, көшелерді жарықтандыруды басқару жүйесін де реттеу керек.
Сондай-ақ қоғамдық көліктерде электронды билеттендіруді енгізу міндеті де әлі өзекті мәселе күйінде қалуда екен. Жол қозғалысы мен бағдаршамдарды басқару жүйесін жетілдіру ісі де маңызды болып отыр.
«Бұған дейін өткен кездесуде жауапты тұлғалар алға қойылған міндеттердің ағымдағы жартыжылдықтың аяғына дейін орындалатынына сендірген еді. Енді ол мерзім қазан-қараша айына ауысыпты. Ол үшін себеп тауып, коронавирус, карантинді алға тартуда. Цифрландыру бойынша жұмыстарды бір айдан соң қайта қараймыз. Сұраныс қатаң болады. Бізге жай сылтау, бос сөздер емес, нақты нәтиже керек», деді Бердібек Сапарбаев.
Жамбыл облысы