Аймақтар • 14 Мамыр, 2020

Бурабай туристерді тосады

685 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жаз шықса-ақ жер жаһаннан қаптаған туристер Бурабай баурайына ұмтылатын. Енді елдегі төтенше жағдайға байланысты туризм саласының жұмысы онлайн түрде жүргізілмек. Карантин аяқталған соң жағдай қалай қалыптаспақ?

Бурабай туристерді тосады

Туризм саласының өкілдері карантин аяқталған соң Бурабай баурайы жылдағы дәстүр бойынша келім-кетімді кісіге лық толады деп үмітті. Соңғы жылдары қызмет көрсету аясы кеміп, жетіле түскен болатын.

–Біз Щучинск-Бурабай туристік маршрутын дамытуға байланысты мәселелер қаралған онлайн жиынға қатыстық. Оған «Турбизнес», Ұлттық кәсіпкерлер палатасы, «Қазақтуризм», облыстық туризм басқармасы қатысты. Сондай-ақ карантин кезінде  біз туристік нысандармен онлайн режимде байланыс орнаттық. Карантин аяқталған соң жазғы маусымды бастауға қатысты сұрақтарға жауап іздедік,–дейді Бурабай аудандық дене шынықтыру, спорт және туризм бөлімінің жетекшісі Азамат Баймұқанов.

Жазға жасалған жоспар көп. Атап айтқанда, жыл сайынғы йога мен бард әндер фестивальдары, «Burabike Fest» спорттық шарасы, «Қансонар» халықаралық турнирі өткізілу керек еді. Жаңа нысандардың құрылысы да қолға  алынғалы отыр.

–Биыл «Бурабай даму» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі «Визит орталығының» аумағында үлкен жобаның құрылысы басталмақ. Ол нысан - биіктігі 42 метр шолу шеңбері болмақ. Айналасында аттракцион салынады. Бұл жоба туристерді тартуға септігін тигізеді,–дейді Азамат Баймұканов.

Туристерге арналған тағы бір жақсы хабар бар. Абылай хан алаңында заманауи  3Д  мұражайы, жаңа кәдесыйлар дүкені және дәмхана ашылмақ. Бурабай кентінде ірі сауда орталығы салынады. Бұл ауқымды жоспардың барлығы коронавирус індеті  тоқтап, жағдай  тұрақтанған соң жүзе асады.

 

Ақмола облысы