Өскеменде «Нұр Отан» ХДП Шығыс Қазақстан облыстық филиалының кезектен тыс ХІV конференциясы болып өтті. Онда «Қазақстан-2050» Стратегиясын жүзеге асырудағы «Нұр Отан» партиясының жаңа міндеттері, «Нұр Отан. Нұрлы болашақ жолында!» жаңа Саяси доктринасы талқыланды.
Өскеменде «Нұр Отан» ХДП Шығыс Қазақстан облыстық филиалының кезектен тыс ХІV конференциясы болып өтті. Онда «Қазақстан-2050» Стратегиясын жүзеге асырудағы «Нұр Отан» партиясының жаңа міндеттері, «Нұр Отан. Нұрлы болашақ жолында!» жаңа Саяси доктринасы талқыланды.
Конференция жұмысына өңір басшысы, «Нұр Отан» ХДП облыстық филиалының төрағасы Бердібек Сапарбаев, Парламент Мәжілісінің депутаты Айгүл Соловьева, қалалық және аудандық партия ұйымдарының жетекшілері, «Жас Отанның» белсенділері қатысты.
– Бүгін біз барлық жоспар мен міндеттерді елді 2050 жылға дейін дамытудың стратегиялық жоспарының басты қағидаларымен сәйкестендіруіміз қажет. Бүгінгі кезектен тыс конференцияда өткенге көз жүгіртіп, болашаққа жоспар жасауымыз керек. Партияның ХV съезінде жаңа Доктрина қабылданатын болады, – деді Б.Сапарбаев.
Өңір басшысының айтуынша, Шығыста қазір «Нұр Отанның» 70 мыңнан астам мүшесі, 540 бастауыш ұйым бар. Саннан гөрі сапаға назар аудару керек, сонда ғана алға қойған мақсатқа жете аламыз. Ұсынып отырған Доктринада 7 басымдық белгіленген. Бірлік пен келісім, төл мәдениет және руханият. Мықты экономика, әділ әлеуметтік саясат, зиялы ұлт, тиімді мемлекеттік басқару, әлемге ашық Қазақстан, міне, осыларда партияның негізгі оң жетістіктерінің жолдары көрсетілген, деді өңірлік партия жетекшісі.
Парламент Мәжілісінің депутаты А.Соловьева Доктринаға байланысты ойларын ортаға салды. Партияның стратегиялық құжаты өскелең жас ұрпақтың бойында Отанға деген сүйіспеншілік, адал берілгендік, барынша жан-тәнімен жұмыс істеу сезімін қалыптастыруға бағытталған, деді халық қалаулысы. Ал Семейден келген «Жас Отанның» белсендісі Мұхтар Баймағұлов «Қазақстанның болашағы – жастардың қолында», дей отырып, бүгінгі күні Кенді Алтайда 18758 жасотандық 136 бастауыш ұйымын құрып отырғанын, олардың барлығында Доктринаның қызу талқыланғанын, жастардың мемлекеттің өсіп-өркендеуі мен алға қарыштап дамуына лайықты үлес қосатынын айтты. Бұдан кейін сөз алған конференция делегаттары Доктринаның бейбітшілік пен татулық кепілі екеніне сенім білдірді.
Конференцияға қатысушылар алдағы «Нұр Отанның» ХV сьезіне делегаттар сайлады.
Оңдасын ЕЛУБАЙ,
«Егемен Қазақстан».
ӨСКЕМЕН.