Аймақтар • 14 Мамыр, 2020

Ақмолада үкіметтік емес ұйымдар волонтерлық жұмысқа ден қоюда

324 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Биыл үкіметтік емес ұйымдардың көбі жұмыс форматын өзгертті. Мәселен, қоғамдық және қайырымдылық қорлар волонтерлыққа бет бұрды. Осыған орай өңірдегі үкіметтік емес ұйымдарға қосылған волонтерлардың саны көбейді. 

Ақмолада үкіметтік емес ұйымдар волонтерлық жұмысқа ден қоюда

Бүгінде өңірде 718 үкіметтік емес ұйым тіркелген. Олар 34 әлеуметтік жобаны жүзеге асыруда. Биыл аталған ұйымдар өз жұмысын волонтерлық негізге сүйене отырып ұйымдастыруда. Оған коронавирус пандемиясы мен Түркістан облысы Мақтаарал ауданындағы су тасқыны сияқты төтенше жағдайлар себеп болып отыр.

–Қаладағы волонтерлық қозғалыстар төтенше жағдай кезінде көптеген отбасына үлкен қолдау танытты. Осы бағытта жұмысты жалғастырып жатырмыз. Қиын жағдайға тап болған отбасыларға әрдайым көмек көрсетіледі. Жүрегі жомарт жандар да бұл іске бей-жай қарамауда,–дейді қалалық жастар ресурстық орталығының маманы Аслан Жұмабеков.

Мысалы, Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің көпсалалы колледжі жанындағы «Аманат» волонтерлық орталығы қиын жағдайға тап болған 30-дан астам адамға көмек көрсеткен. Азық-түлік, киім-кешек пен жеке гигиеналық заттарын екі күн ішінде жинап, жеткізген. Ал «Рахат-Добро» орталығының белсенділері облыс орталығының 25 отбасын қамқорлықтарына алған. Мұндай жұмыстар Ақмола облысының аудандарында да жалғасуда.