Бұл туралы Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақов тікелей эфирде өткен баспасөз жиынында айтты.
-Ауылды дамыту біз үшін өте маңызды, - деді Әбілқайыр Сқақов.
-Ауыл тұрғындарының еңбектері ерекше. Төтенше жағдай кезінде бұны нақты түсіндік және сезіндік. Сондықтан карантин режимінде ауылшаруашылық тауарын өндірушілерге жасыл дәліз жасадық. Бүгінде біз өңірдің агроөнеркәсіп кешенінің ең маңызды үш өсу бағытын көріп отырмыз. Бұл – суармалы егін, сүт өндіру және ет өндірісі. Облыс әкімі биылғы жоспар бойынша суармалы жерлердің көлемін 18 мың гектарға, келесі жылы тағы 25 мың гектарға ұлғайту көзделгенін атап өтті. Бұл өсімдік шаруашылығының жалпы өнімін 450 мың тоннаға немесе 25 млрд теңгеге ұлғайтуға әкеледі. Сүт өндірісі бойынша биыл және келесі жылы облыста 5 жаңа тауарлы сүт фермасы салынып, тағы үшеуі кеңейтіледі, - деді Әбілқайыр Сқақов.
Нәтижесінде сүт өндірісі 40 мың тоннаға немесе жалпы өнім 6 миллиард теңгеге ұлғаяды. 2020 жылы дайындау пункттерінің санын екі есе көбейту жоспарланған. Бұл қайта өңдеушілерге сүт беру көлемін жылына 15 мың тоннаға арттыруға мүмкіндік береді.
Ал, ет өндірісінде жалпы сыйымдылығы 9 000 ірі қара малға арналған 3 бордақылау алаңында инвестициялық жобаларды іске асыру жоспарланған. Болжам бойынша, ет өндірісі қосымша 1 800 тоннаға артады.
- Аталған үш саланы экономикаға тиімді әсерін тигізетін бағыттар ретінде көріп отырмыз. Алайда, басқа бағыттар назарсыз қалмайды. Ауыл шаруашылығы Павлодар облысының даму драйверлерінің бірі болып табылады, - деді облыс әкімі.