Аймақтар • 14 Мамыр, 2020

Төлеби ауданы: Қасқасу ауылындағы көпір қалпына келтіріліп жатыр (видео)

986 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

13 мамыр күні қатты жауған нөсерлі жауын-шашын салдарынан Төлеби ауданы, Қасқасу ауылдық округіндегі Қасқасу өзені суының деңгейі көтеріліп, арнасынан тасыды. Салдарынан 4 көпірді су алып, 8 ірі қара және уақ мал суға батқан. Екпінді ауылында 4 үйді және 15 үй ауласын су басты. Бұл туралы Төлеби ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Төлеби ауданы: Қасқасу ауылындағы көпір қалпына келтіріліп жатыр (видео)

Барлығы 15 текше метр су сорылды. Департаментте шұғыл түрде штаб құрылды. Сағат 22.15 -те Достық ауылын су ала бастағандықтан, тұрғындар эвакуациялана бастады. Леңгір қаласындағы Т.Тәжібаев атындағы мектеп пен Киелі тас ауылындағы Сұлтан Рабат мектебінде эвакуациялық орталықтар құрылды.

Оқиға орнына «Егемен Қазақстан» газетінің тілшісі Ғалымжан Елшібай арнайы барып, мән-жайға қанық болды. 

«Құлаған көпірді толыққанды жөндеу болмаса да, тұрғындардың қарым-қатынас жасауына қолайлы болу үшін алғашқы көмек көрсету шұғыл түрде басталып кетті», - деді Ғалымжан Елшібай.

Қасқасу ауыл округі әкімінің айтуынша, қазіргі таңда апат зардабын жою жұмыстары жүріп жатыр.

«Қазіргі жағдайда Қасқасу ауылында 108 отбасы, 761 халық тұрады. Қатты жауын әсерінен таудан аққан ағын су Қасқасу мен Сырғанақ өзендерінің арнасынан тасуына себеп болды» , - деді Қасқасу ауыл округінің әкімі Талғат Қамытбек.