Аймақтар • 14 Мамыр, 2020

«Қызылжар аламаны» қадам басты

218 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

«Заманың түлкі болса – тазы боп шал» демекші Солтүстік Қазақстан облысындағы Ерік Асқаров атындағы ақындар мектебі үміткерлердің шабыты суып қалмас үшін карантиндік жағдайға бейімделген айтыстың жаңа форматын ойлап тауыпты. Ол - телевизиялық ақындар айтысы.

«Қызылжар аламаны» қадам басты

«Қызылжар аламаны» деген атау алған бұл айтысқа екі ақын ғана қатысып, көрермендердің қолдауынсыз өтіп, сары күзге дейін жалғаспақшы. Оны ұйымдастырып жүрген Жарқын Жұпарханның айтуына қарағанда қазірдің өзінде 14 жұп дайындалған. «Біз соның ішінде сегіз жұпты финалдық кезеңде айтыстырамыз. Оған қазылар алқасының тарапынан көп дауыс алғандар өтетін болады», деді ол.

Бүгін алғашқы жұп үш адамнан тұратын қазылар алқасының алдында өздерінің өнерлерін көрсетті. Олардың бірі – Жантілеу Рахымов әскери қызметші, талай аламанға қатысқан тісқаққан  ақын. Ал оның қарсыласы Дияс Аяған болса биыл ғана мектеп бітіргелі отырған өнерпаз жеткіншек. Бірақ ол азулы ағасынан бір мысқал да кем түспей, барлық қырынан тең көсілді. Екі ақын да Қызылжар өңірінің төл тумалары. Аты жаман індетті де шарпып өткен олардың қамтыған тақырыптары да кең құлашты болды. Соның ішінде Абайдың 175 жылдығы мен Сәбит Мұқановтың 120 жылдығының тойлануы, ел мен жер мәселелері, Қызылжар атауының қалпына келуі, Мақтарал проблемасы бәрі-бірі назардан тыс қалмады. Ойлары ұтымды, сөздері бапты ақындар төрт аяғы тең түскен хас шеберлерден кем түспеді.

Аз уақытта Солтүстікте осындай ақындардың өсіп шыққанына, шынымызды айтсақ, таңырқаумен ғана қарап отырдық. «Ат аунаған жерде түк қалар» деген сол екен-ау. Бір кезде мұнда ақын шықпайды, халқының негізгі бөлігі орыстілдестер деп сын айтып жүргендердің өзі мына айтысты көрсе таң қалар еді. Айтысты дамытудың кілтін тауып, жатпай-тұрмай ұлы өнерге қызмет қылып жүрген Жарқын Жұпархан бауырымызға да айтар алғысымыз шексіз. Оның бастамаларын қолдап, айтыстың дамуына ықпал білдіріп отырған облыс әкімінің орынбасары Руслан Әлішев пен мәдениет басқармасының бастығы Құралбек Атамұратовқа да халықтың ризашылығы шексіз болары сөзсіз. Айтысқа төрелік берген қазылар алқасын жазушы, журналист, қоғам қайраткері Жарасбай Сүлейменов ағамыз бастады. Оған жергілікті өнерпаз, айтыс ақыны, дирижер Қайролла Ғафуров пен осы жолдардың авторы көмек берді. 

Әрбір айтыс облыстық теледидардан арнаулы бір күні халыққа көрсетіліп тұратын болыпты. Жаман індеттің жабырқатуымен рухани жағынан жүдеп түрген қызылжарлықтар оны көріп бір серпіліп қалары даусыз. Өнерді өрлетудегі осындай ептіліктер арта берсе – нұр үстіне нұр болар еді.

 

Солтүстік Қазақстан облысы