Аймақтар • 14 Мамыр, 2020

Маршал Жуков медальдарын алған майдангерлер

238 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Өңірде қазір Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан 54 майдангер қарт тұрады.

Маршал Жуков  медальдарын алған майдангерлер

9-мамыр  мереке   күндері өңір басшысы Әбілқайыр Сқақов Петр  Кунгуров,  Мария Курбатова, Ғабидолла Мусинов, Әкімбек Әбдірайымов, Михаил Шаболда, Михаил Топтун, Михаил Ковтун, Ефим Петренконың үйлеріне барып, құттықтап қайтты.

Петр Кунгуров 17 жасында әскерге шақырылған. 1944-1946 жылдар аралығында 203 қосымша артиллериялық атқыштар полкінің 297-атқыштар полкі құрамында болған және Жапониямен соғысқа қатысқан. Ал Харьков түбінде өзі оқыған мектебінде ашылған госпитальда жарақат алған жауынгерлерге күтім жасаған Мария Курбатова 1943 жылы  майданға аттанған.

Украина, Польша және Чехословакияны азат етуге қатысқан. Ол «Отан соғысы» орденімен, «Ерлігі үшін», «Жауынгерлік еңбегі үшін», «1941-1945 жж.  Германияны жеңгені үшін» және «Кеңес Одағының Маршалы Г.Жуков» медальдарымен наградталған.

Соғыс ардагері Ғабидолла Мусинов 1943 жылы майданға аттанған. Ол I дәрежелі «Отан соғысы» орденімен, «Ерлігі үшін», «1941-1945 жж. Германияны жеңгені үшін» медальдары бар. Сондай-ақ Әкімбек Әбдірайымов 1942 жылы майданға шақырылады. 18 жастағы жауынгер Калинин майданына Белоруссияның Витебск және Смоленск облыстарының аума-ғында 60-шы автоматшылар полкінің 204-ші атқыштар дивизиясы құрамында, содан кейін Украин аумағында соғысты.           

Әкімбек ата II дәрежелі «Отан соғысы», «Қызыл Жұлдыз» ордендерімен, «Германияны жеңгені үшін» және «Кеңес Одағының маршалы Г.К.Жуков» медальдары берілген. Сонымен бірге,  Успен ауылында тұратын 92 жастағы Михаил Шаболда Жапонияға қарсы соғыстан бастаған. Ол радио-телефонист, атқыштар бөлімінің командир-радисі болған. II дәрежелі «Отан соғысы» орденімен, «Жапонияны жеңгені үшін» және «Кеңес Одағының маршалы Г.К.Жуков» медальдарымен марапатталған.

Ал ауылдасы  94 жастағы Михаил Топтун да жапондық империалистерге қарсы әскери қимылдарға қатысқан. Соғыс аяқталысымен 1951 жылға дейін Оңтүстік Сахалиндегі авиация бөлімінде қызметін жалғастырды. II дәрежелі «Отан соғысы» орденімен және «Жапонияны жеңгені үшін» медальдарымен марапатталды. Ал Шарбақты ауданында тұратын 95 жастағы тұрғыны Михаил Ковтун 1943 жылдан 1944 жылға дейін 130-шы атқыштар бригадасында Калинин майданының 39-шы армия құрамында соғысты, Невель қаласын жаудан азат ету ұрысына қатысқан.

1944 жылы жарақат алуына байланысты әскерден қайтарылды. Ол II дәрежелі «Отан соғысы» орденімен, «1941-1945 жж. Германияны жеңгені үшін» және «Кеңес Одағының маршалы Г.К.Жуков» медальдарымен марапатталған.

Ауылдасы  101 жастағы Ефим Петренко 1941 жылдың мамыр айынан бастап 471-ші гаубица артиллериялық полкінің құрамында Киевтік әскери округіне жіберілді. Батыс майданында Вязьма түбіндегі шайқасқа, Мәскеу қаласы үшін ұрысқа қатысты. 1941 жылдың желтоқсан айынан бастап 877-ші артиллериялық дивизионының құрамында Брянск майданында шайқасты. Ол I дәрежелі «Отан соғысы» орденімен, «1941-1945 жж. Германияны жеңгені үшін», «Мәскеуді қорғағаны үшін» және «Кеңес Одағының маршалы Г.К.Жуков» медальдарымен марапатталған.

 

Павлодар облысы