Аймақтар • 14 Мамыр, 2020

Мақтааралдықтарға психологиялық көмек көрсетілді

229 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

«Серпіліс» қоғамдық қоры мен  «Жалын» қоғамдық бірлестігі және  Шымкент қаласы Ішкі Саясат және дін істері басқармасының қолдауымен психолог мамандар Мақтаарал  ауданында орын алған тасқын судың зардабын көзбен көріп, үрейленген азаматтарға психологиялық көмек көрсетті.

Мақтааралдықтарға психологиялық көмек көрсетілді

Мамандардың сөзінше топан судың әсерінен жас балалар  шошып қалған. Тәжірибелі психологтар балалармен бірге сазбалшық және тұз терапиясымен суреттер салу арқылы көңіл-күйіне оң ықпалын беретін әртүрлі сабақтар өткізді.   Нәтижесінде балғындар бір сәтке болса да бойлары сергіп, жүздеріне күлкі үйірілді. Десе де, псхиологтар балалардың көзінде  әлі де мұң байқалатынын айтады.

Мамандар тек жастармен ғана  емес, су зардабынан мал-мүлкінен бір-ақ күнде айырылып, сергелдеңге салынған тұрғындармен де арнайы семинар тренингтер өткізді. Тіпті, көпшілік алдында сырын аша-алмай қысылған азаматтарды жеке қабылдап,  олармен жеке-дара жұмыс жүргізген. Әр азаматты жеке қабылдаған мамандардың айтуынша, тұрғындардың жан дүниесінде ауырлық бар.

Өз ісінің маманы болған, психологтың сөзінше кәсіби деңгейдегі психологиялық көмектен кейін тұрғындар өздерінің бойындағы жеңілдікті сезінгендерін айтып, мамандарға алғысын білдірген. 

– Сіздерге үлкен рақмет. Біздің мәселелерімізді мұқият тыңдап, жанымызды толғандырған мәселелерді түсініп, алдағы күндер үшін күш сыйлағандарыңызға және осындай қиын сәттерде бірге болғандарыңызға  мың алғыс!  Біз де сіздерге тілеулеспіз. Амандықтарыңызды тілейміз, - деді Өргебас ауылының  тұрғыны Сәлима Ерден.