Бизнес • 17 Қаңтар, 2017

Жазға қарай қазақстандық көліктер қымбаттауы мүмкін

2619 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

2017 жылдың ортасына қарай қазақстандық автокөліктер 4−6,5% қымбаттауы мүмкін. Бұл туралы Қазақстандық автобизнес қауымдастығы басшысы Андрей Лаврентьев мәлімдеді, деп хабарлайды Kapital.kz.

Жазға қарай қазақстандық көліктер қымбаттауы мүмкін

Оған себеп қаңтардан бастап отандық автоөндірушілерге берілген қосымша құн салығына берілген жеңілдіктің алынып тасталуы.

«2010 жылы өнеркәсіптік құрастыру туралы жасасқан келісімшарт кезінде біз 2017 жылы да бұл жеңілдіктің жалғасатынына үміттенген едік. Дегенмен ДСҰ-ға кіргеннен кейін Қазақстан ұйымның өзіндік талаптарын орындауға мәжбүр болды. Тек автокөлік емес, елде шығарылатын барлық тауарларға әлгіндей жеңілдік жасау дүниежүзілік сауда ұйымы талабының сақталмағаны болып есептеледі. Нәтижесінде біз отанлық автокөлік өндірушілерге берілетін жеңілдікті ұзартуға шамамыз жетпегенімен, үкіметтік деңгейде жаңа шаралар қабылдауды қарастырдық. Енді қосымша құн салығы жеңілдігінің орнына жеңілдетілген несие бойынша қосымша транш беріледі. Бұл 2017-2018 жылдарға белгіленген," - дейді Андрей Лаврентьев.

Қазақстанда жасалған көліктердің қаншалықты қымбаттайтыны биыл екінші немесе үшінші маусымда белгілі болмақ.

«1 қаңтардан бастап барлығы бағаны көтеріп жібереді деп айта алмаймыз. Өйткені үкіметтік шарт бойынша, 2016 жылы ҚҚС жеңілдігі бйоынша әкелінген көліктер биыл сол жеңілдікпен сатылады. Яғни биылға дейін елге кіргізілген көліктердің жеңілдігі күшін жоймайды", - дейді қауымдастық басшысы.

Дегенмен, қауымдастық басшысы отандық көліктердің қымбаттауы оған деген сұранысты азайтпайтынына сенімді.

«Баға ақырындап өсе береді. Менің ойымша ең көп дегенде 6,5% қымбаттауы мүмкін. Соған қарамастан, біздің көліктер нарықта бәсекеге қабілеттілігін жоғалтпайды. Өйткені көлік саудасының 70 пайызы отандық өнімдерге тиесілі", - дейді.