32 жастағы Феттелдің келісімшарты осы маусымда аяқталады. Ол бір жылда «Феррари» командасынан 40 миллион еуро жалақы алатын. Бұған дейін F1-Insider порталы «Феррари» Феттелге екі жылға келісімшарт ұсынғанын жазған еді. Келісімшартта жалақы сомасы коронавирус пандемиясына байланысты қазіргіден аз көрсетілген.
Феттель «Формула-1» жарысында 2007 жылдан бері бақ сынап келеді. Ол «Ред Булл» командасы сапында әлемнің төрт дүркін чемпионы атанған (2010–2013). Неміс автошабандозы «Феррариге» 2015 жылы ауысқан болатын.
Коронавирус індетіне байланысты «Формула-1» бәсекесінің биылғы маусымы әлі басталған жоқ. Бүгінге дейін Бахрейн, Вьетнам, Қытай, Нидерланд, Әзербайжан және Канада гран-приі кейінге қалдырылды. Ал Аустралия, Монако, Испания және Франциядағы жарыстар өтпейтін болды.