Мұхамеджан осында 1880-1887 жылдары медреседе оқып, бұны бітірген соң Қостанайдағы Арыстан деген байдың орыс-қазақ мектебінде оқитын балаларына күтуші болып орналасады. Қолы бос кезде осы мектепке тыңдаушы ретінде сабаққа қатысып, соңынан оқуға түседі. 1891 жылы аталған мектепті «өте жақсы» деген бағамен тәмамдайды.
Мұхамеджанның арманы асқақ, көңіл көкжиегі кең еді. Білім алуды одан әрі жалғастыру мақсатымен Орынбордағы мұғалімдер даярлайтын училищеге түспек болады. Сынақтан өтсе де оқуға қаражаты болмай, жағдайы көтермей, лажсыз ауылға оралады. Бірнеше жыл ел ішінде мұғалім болып, шәкірттеріне қазақ, орыс тілінде сабақ береді. Ұстаздық ете жүріп, Троицк қаласындағы кітапханаға барып, орыс классикасының барлық кітаптарын оқып шығады, ұлттық халық әдебиетіне зерттеу жүргізіп, өлең жазуға кіріседі. Қажымай, талмай ізденудің арқасында қазақ тілімен қатар татар, парсы, орыс тілдерін еркін меңгереді. Мұның бәрін біз неге тәптіштеп, баяндап жатыр деген сұрақ та туындауы мүмкін. Өкінішке қарай бүгінгі жастарымыздың бірқатары, тіпті кейбір үлкендеріміздің өзі Сералиннің кім екенінен бейхабар. Қараңғы қазақ көгінде жұлдыздай жарқырап көрінген, елінің мешеулігін көріп, жүрегі ауырып, халқының көзін баспасөзбен ашуға тырысқан Мұхамеджан Сералиннің есімін ешқашан жадымыздан шығармауымыз керек.
Мұхамеджан ұзақ жылдар бойы алған бағытынан таймай, өркөкірек, менмен атқамінерлердің бетін бері қаратып, патша өкіметінің сұсты, айбарлы шенеуніктеріне мән-жайды түсіндіріп, бәрінің пікірін өзгертіп, бір арнаға тоғыстыра білді. Жұмсаған жігері, қарымды қайраты текке кетпеді. 1911 жылы қаңтар айында сарғая, тағатсыздана күткен «Айқап» журналының алғашқы саны шықты. Зерттеулерге көз жүгіртсек, алғашында журнал ел ішінен қарызға жиналған ақша есебінен жарық көріпті. Сәлден соң басылымға қолұшын берушілер қатары өскен. Бастапқы жылы айына бір рет, кейін екі рет шыға бастайды. Журнал дүниеге келген кезден бастап, бес жылда барлығы 89 саны оқырмандар қолына тиген.
Қазақ халқы саяси-экономикалық жағынан неліктен артта қалды дегенде, демократ-ағартушылар оның басты себебін халықтың ғасырлар бойы көшпелілікпен өмір өткізіп келе жатқанынан көрді. Шоқан да, Ыбырай да осы мәселелерге назарын аударған. Өмірдің осылай сызылғанын олар білген. Бірақ арнайы өкімет алдына мәселе етіп олар қоймаған. Оны алғаш жүзеге асырған, яғни баспасөз ашып, осы арқылы сөз еткен Сералин, оның «Айқап» журналы болды.
«Мен терең ойшыл болмасам да, ойыма келген бірнеше пікірімді көпшілік алдына салғым келеді. Мал шаруашылығы мен егін кәсібін біріктіріп, жарым көшпелі, жарым отырықшы болып, күн көретін заманымыз өтті. Енді қайтіп келмейді. Ол заманды сағынбасақ, һәм қумасақ керек. Мұнан былай күн көруіміз үшін ең алдымен қала болып отыруымыз тиіс. Қала жұртының істейтін кәсібін істеу керек» деп жазды Сералин 1911 жылы «Айқаптың» 6-санында.
«Айқап» журналының өзі сол кездегі қазақ қоғамы үшін ерекше құбылыс болғанын айта кетуіміз жөн. Қазақтың әлеуметтік теңсіздік мәселесі Абайдың да көкірегін қарс айырған. Ал оған дейінгі, одан кейінгі тұлғалардың да қайғы-мұңы болған. Бірақ олардың қай-қайсысы да өмірдің жаратылысына іштері қара қазандай қайнап, наразы болып өткенімен, өз қасіретіне өзі бөгіп, жан дүниесі жаралы қалпында кеткен. Жалғыз қаздың үні шықпаспен өткен. Байтақ далаға дауыстары жетпеген. Шың басынан шығып айқай салса да, айқайы аяғының астына ғана естілген. Алысқа, байтақ қазаққа үнін қайтіп естірте аларын білмеген. Осының қайласын, амалын жаңа интеллигенция тапты. Халықтың үні, тілі, құлағы боларлық ортақ баспасөз шығару арқылы айтар ойын, мақсатын бүкіл сары далаға асыруға болатынын озық өнегелі орыстан үйренді. Міне, осынау үннің тірегі «Айқап» болды. Оның шығарушысы да, редакторы да Сералин болды. Орыстың озық ойлы интеллигенциясымен пікірлес, істес, үзеңгілес бола жүріп, Сералин олардан осынау ұлы өнерді де жете игеріп кетті. Оның орыс баспасөзі тәжірибесіне аса зер салып, көңіліне қондырған Сералиннің ой, қабылдау, тарату жүйесі қалыптасқан, сараптап, талдау, жинақтау, кемшілік пен жетістікті қорыта білу, алдағыны болжамдау, оқиғаны алдын ала көре білу қабілеті бір редактордың басына сыйып жатты. Ол осы журналды жасаушыларды, тілші, журналистерін, хабаршыларын таба білді, төңірегіне топтастыра білді.
Ол өз журналын әуел бастан жүйелі жолға қойып, кездейсоқ ой-пікірлерден сақтап, тек ел мүддесін қорғайтын, оның еңсесін көтеретін, ұлттық сезімін жоғалтпауына әсер ететін, надандықтан сақтандыратын, тарихи жадын ұмыттырмайтын, тірлікке, бірлікке шақыратын, ойы бүтін, сапалы басылым ете білді. «Айқаптың» сөзіне жұртшылық құлақ асты, сенді, ілтипатқа алды. Журналды халық іздеп, күтіп отыратын болды. Бірінен-бірі алып оқыды.
«Айқап» журналында елді көшпелі өмірден арылтып, отырықшылдыққа бейімдеу, егіншілікпен айналысу, жерді тиімді пайдалану, әйел теңдігі, оқу, білім алу, ағарту жұмыстарын жүргізу мәселелері көтерілді. Басылым бетінде мемлекеттік думаға сайлаулар жайлы материалдар жарық көрді. Мысалы, аталған журналдың 1912 жылдың үшінші санында «Юбилей» туралы деген мақалада Романов әулетінің патшалық құрғанына 300 жыл толуына байланысты мерекелік шараларға қатысатын қазақ өкілдеріне Қазақ елінен Думаға депутат сайлау, қазақ жеріне енді шеттен көшпенділер келтіруді тоқтату, орыс орналасқаннан қалған жерді қазақ пайдасына беру, мал шаруашылығын жаңаша өркендетуге орыспен қатар қазаққа да учаске болуы, қазынадан сатылатын жерлерді орыспен қатар қазақтың да сатып алуына рұқсат ету, дін туралы, мектеп, медресе ашу туралы, халық сотын өзгерту туралы сұраным жасау төңірегінде тапсырмалар береді. Патша өкіметінің қатал цензурасы жұмыс істеп тұрған кезеңде Мұхамеджан Сералиннің қаймықпай, осылай талап қоюы ерлік іс деп айтуға болады.
Біздің қазақтың артта қалуына феодалдық қоғам, ұлттық оқшаулану, көшіп-қону, іргелес елдердің жақсы жақтарын алмай, үлгілі істерін елемеу әсер етті. Алдыңғы қатарға қосылу үшін озық мемлекеттер сияқты зауыт, фабрикалар салу, өндірісті өрге бастыру қажет. Журналда осындай ойлар айтылып, келелі мәселелер сөз болады. Сол кезеңмен салыстырғанда бұл жұртшылыққа ой салатын, ұлт мүддесін көздейтін саяси-әлеуметтік мәселелер еді.
Сералин қазақтың тұңғыш ағартушы-педагогы Ыбырай Алтынсариннің ағартушылық-демократиялық идеяларын қолдай отырып, халқының мұңын мұңдап, жоғын жоқтап, қасіретін жүрегінен өткізді. Елдің иығына түскен тұрмыс тауқыметін жеңілдетіп, қайтсем жұртыма пайдам тиеді деген ниетпен аянбай еңбек етті. Шыбын жанын шүберекке түйіп, «Айқап» беттерінде сорлаған, езілген ұлтының сауатын ашып, өнер, білімге жетелеу үшін өткір, батыл материалдар жариялап, патша өкіметіне сөзін жеткізуге тырысты. Мұхамеджан осылайша баспасөз арқылы еліне қалтқысыз қызмет етті. Ол журнал беттерінде 40-қа тарта мақала жазды.
Ол баспасөздің үгіт-насихатшы ғана емес, сонымен бірге ұйымдастырушылық, жұмылдырушылық рөлін жақсы түсінді және тиімді пайдалана білді. Сералин феномені дегеніміз осы. Ол қазақтан шыққан тұңғыш кәсіби журналист болды. Жаңадан редакторлық мектеп қалыптастырды.
Троицк сол жылдары Батыс пен Шығыстың сауда жолдарында тұрған, діни, ағарту орындары, қолөнер училищесі, орыс шіркеулері, мұсылман мешіттері бар діни, мәдени орталық еді. «Уазифа» медресесінде, ұлдар, қыздар гимназияларында қазақтың балалары оқитын. Мұхамеджан «Айқап» журналын шығарумен қатар солардың арасында қазақ халқының тарихы, бүгінгі жай-күйі, келешегі жайлы лекциялар оқып, әңгімелер өткізетін. Бүгінгі өрімдей өскіннің өзі аңсаған ұлы мұраттарын алға апаратын ертеңгі қанат жаяр өркені екенін біле отырып, оларға дұрыс жол көрсетіп, ақыл-кеңестерін айтып, жөн сілтеді.
«Айқап» журналында мазмұнды, өзекті мақалалар жарияланды. Әр санында елдік мүддені көздейтін, қазақты сауатты, білімді, мәдениетті ету үшін не істеу керек дей келіп, жаман әдеттерден арылып, ізгі қасиеттерді сіңіру, бейқамдықты, енжарлықты, жалқаулықты, бойкүйездікті тастап, оқуға, еңбек етуге, ізденіп, жаңа кәсіптерді игеруге шақырады.
«Айқап» журналы байтақ сахараға кеңінен тарады. Жұртшылық оның әрбір санын сағына, асыға тосатын. Себебі басылым беттерінде көпшілік көкейінен шығатын түрлі сипаттағы материалдар жарық көретін. Әр материалдың тақырыбы ойластырылып қойылатын, бәрінде қазақтың мөп-мөлдір судай тұнық, таза сөздері қолданылатын. Мұхамеджан осылайша халқымызды қазақша ойлап, қазақша жазуға, қазақ тілін қадірлеп, сүюге үйретті. Журналға Семейден, Ақтөбеден, Шымкенттен, Қарқаралыдан, Зайсаннан, Торғай, Қостанайдан, Астрахань губерниясынан, Бөкей ордасынан, Тараздан, бір шеті Мәскеу, Санкт-Петербургтен хаттар толассыз келіп тұрған. Жер-жердегі тілшілер елдің жай-күйін білдіретін хабарлар жолдаған. Сералин бірде-бір хатты елеусіз қалдырмай, ұқыптылықпен қарап, сергектік танытқан. Сөйтіп ол журналда сол кездегі қазақ даласының тыныс-тіршілігін бейнелейтін кең ауқымды, тұтас панорамасын дүниеге әкелді, ХХ ғасыр басындағы езгіде болған, азаттықты көксеген халқымыздың ауыр халін, әйел теңсіздігін және асыл армандарын көрсететін жылнамасын жазды. Демек «Айқап» қараңғы түнде ақ сүттей, жаңа туған жарық айдай көрінді, жоғарыда айтқанымыздай қоғамның өмірінде ерекше құбылыс болды.
Арнайы, не жоғары тиісті білімі болмаса да Сералин нағыз кәсіби журналист екенін ісімен дәлелдеді, жаңа журналист мамандығын игеріп, өмірге әкелді. Қазақ бұратана, сауатсыз, артта қалған халық деген империялық теріс ұғымды жоққа шығарды, сол жалған түсініктің күлін көкке ұшырды. Өзгелерге қазақ та өнерлі, ақылды, озық ойлы жұрт екенін, журнал шығару да оның қолынан келетінін айқын көрсетті. Ол басылым төңірегіне талапты, талантты адамдарды топтастырды. Жауапты хатшы болып өмірден жастай, ерте кеткен ақын Сұлтанмахмұт Торайғыров, тілші, автор, қызметкер болып Жиханша Сейдалин, Бейімбет Майлин, Сәбит Дөнентаев, Сәкен Сейфуллин, Спандияр Көбеев және басқалары еңбек еткен.
«Айқап» журналы жабылған соң Мұхамеджан Сералин Троицкіде орысша шығатын «Степь» газетінде біраз уақыт еңбек етеді. 1919-1920 жылдары Орынбордағы «Ұшқын» (кейін «Еңбекші қазақ») газетінде қызмет етеді, шығарушылар алқасының мүшесі болады. 1921 жылы Қостанайға оралып, Шұбар болыстық атқару комитетінің төрағасы, содан соң Қостанай губерниялық атқару комитеті төрағасының орынбасары, «Ауыл» (қазіргі облыстық «Қостанай таңы») газетінің редакторы болады. 1922 жылы Кеңестердің бүкілқазақстандық съезіне, 1924 жылы қаңтарда Кеңестердің Бүкілресейлік съезіне делегат болып қатысады. Мәскеуге барған сапарында Ленинді жерлеуге қатысады.
Қостанай облыстық архивінен Мұхамеджан Сералиннің өмірі мен қызметіне байланысты кезінде жаңа деректер табылған еді. Мұны іздеп табуға сол жерде жұмыс істеген көзі ашық, көкірегі ояу азамат Қалқаман Жақып жанашырлық танытып, дәнекер болғанын ерекше атап өткеніміз жөн. Сол деректер Мұхаңның Қостанай губерниялық атқару комитеті төрағасының орынбасары және оның төралқа мүшесі, губерниялық жер басқармасының меңгерушісі, губерниялық сот төрағасының орынбасары болғанын, кейін партиялық жұмысқа ауысқанын растайды. Сондай-ақ «Ауыл» газетін шығарудың сметасы бар. Осының бәрін егжей-тегжейлі зерттеу қажет.
1926-1928 жылдары Сералин сал ауруына ұшырап, өз ауылында болады. Осы кезде Ақсор деген жерде сәулетті село орнаттырып, онда мектеп, клуб, монша салдырады. Су қоймасын жасатып, ағаш, жеміс ектіреді. Сөйтіп жаңа ауыл мәдениетінің үлгісін көрсетуге тырысады. Оның сол кездегі елдегі тірлігінің жәдігерлерінің әлі күнге дейін орны бар. 1928 жылы қайтадан Қостанайға келгенінде денсаулығы бұрынғыдан да нашарлап кетіп, төсек тартып жатып қалады. Осы ауру оны жер қойнына алып тынады. Ол 1929 жылы мамыр айында қайтыс болған.
Мұхамеджан сонымен бірге ақын, жазушы, аудармашы, қоғам қайраткері болды. 1903 жылы Орынборда басылып шыққан «Гүлкашима» поэмасына әйел теңсіздігі жөнінде мәселе арқау болған, ал 1907 жылы Троицкіде жарық көрген «Топжарған» поэмасы тарихи шығармалар қатарына қосылады. Аталған поэмада ХІХ-ғасырдың 30-40 жылдарындағы елдің тіршілігі, Кенесары, Наурызбай бастаған қозғалыс суреттеледі. Ол Фирдоусидің «Шахнама» дастанының «Рүстем-Зораб» бөлімін, А.Сорокиннің «Жусан» повесін қазақ тіліне аударған.
Мұхамеджанның әкесі Серәлі Еруәліұлы да атақты айтыс ақыны болған, заманында қазақтың белді ақындары Орынбаймен, Ұлбикемен айтысқан. Оның шығармалары «Айтыс», «Қазақ халық әдебиеті», «Бес ғасыр жырлайды» жинақтарына енген. Әкесінен өнегелі тәлім-тәрбие алған ұлының да жақсы адам болып өсуі бір қарағанда заңды секілді.
Мен 1999-2004 жылдары облыстық «Қостанай таңы» газетінің бас редакторы қызметін атқардым. Сол жылдары редакция ғимаратының қабырғасына газеттің тұңғыш редакторы Мұхамеджан Сералинге арналған ескерткіш тақта орнатылды, үлкен портреті салынып, редакция ішіне қойылды. Қарабалық ауданының Өрнек ауылындағы бейіті жөнге келтірілді, бірнеше жыл қатарынан қазақтың бірінші кәсіби журналисін еске алу мақсатында облыстық желаяқтар жарысы ұйымдастырылды. 2003 жылдың 21 ақпанында туғанына 130 жыл толуына орай еске алу кеші өткізіліп, ас берілді. Қостанай қаласындағы Сералин көшесіндегі ескерткіш тақта жаңартылып, жолы жөнделді. Мұны мен мақтанып айтып отырғаным жоқ, аз да болса Мұхамеджан атамыздың еңбегін қастерлеп, рухына тағзым жасауға қосқан үлесім деп білемін. Алда атқаратын істер жетерлік. Ең бастысы өзі туған Қостанай облысының орталығында, ел астанасы – Нұр-Сұлтан қаласында Сералинге ескерткіш орнатылса деп армандаймын.
Біз істейтін не қалды деуге болмайды. Аталарымыз бәрін де тындырып кетті десек, өмір осымен тоқтап қалмас па еді. Әр заманның өз міндеті, шешілмеген мәселелері бар емес пе? Біздің де алдымызда бітпеген, қолға алынбаған, кезек күтіп тұрған ауқымды істер жеткілікті екенін «Айқапқа» қарап бағалай алсақ, кәні! Осынау өтпелі кезеңдегі біз атқарар істер қаншама. Басын ұстасаң, аяғы ұстатпайды, аяғынан ұстасаң, басы ұстатпайды. Осы арада Мұхаң-Мұхамеджан Сералиндей адамдар, олардың күш-қайраты керек. Бір Мұхамеджанның тындырғанын қазір мың журналист тындыра алмайды.
Бүкіл саналы ғұмырын халқының көзін ашып, сауатты қылуға, елін қала, ауыл салып, отырықшы етуге, көршілес озық елдер қатарына қосуға баспасөз арқылы ықпал жасауға арнаған, жұртының мешеу тірліктен құтылып, бақытты өмір сүруін аңсаған, азаттықты армандаған Мұхамеджан Сералиннің ұлтымызға сіңірген еңбегі орасан зор. Алғаш рет «Айқап» журналын ашқан, облыстық «Қостанай таңы» газетінің бірінші редакторы болған, бүгінде құрылғанына 100 жыл толып отырған «Egemen Qasaqstan» газетінің бастауында тұрып, осында қызмет еткен Сералин есімі тарихымызда алтын әріптермен жазылады. Қазақтың тұңғыш кәсіби журналисі сонау өткен ғасырдың басында ел көгінде жарқыраған күндей сәулесін шашып, адамдардың санасын оятып, рухын көтерді, баспасөз арқылы елді жалынды сөзімен жігерлендіріп, алға, жарқын болашаққа жетеледі. Сералин феномені міне, нақ осында.
Есенгелді СҮЙІНОВ,
жазушы, Ақпарат саласының үздігі
Нұр-Сұлтан