Аймақтар • 15 Мамыр, 2020

Кескінін туған жердің кестелеген

140 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Жақсы ауданында осыдан екі жыл бұрын бастау алған «Өнерлі қол – бақытқа жол» деп аталатын қолданбалы-сәндік өнер туындыларын қамтыған шығармашылық жоба табысты өткізілуде.

Кескінін туған жердің кестелеген

«Ел іші – өнер кеніші» деген аталы сөз тегін айтылмаған. Тек осы уақытқа дейін булығып жатыпты. Қайнар бұлақтың көзін ашқан, шалғайдағы шеберлерге дем берген, жалауын желбіреткен Елбасы Нұрсұлтан Назар­баевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаң­ғыру» мақаласының серпіні. Сары сағым­ға оранған шалқар даланың төсіндегі заман­дас­тарымыздың көкірегіндегі қыздың жи­ған жүгіндей қатталып жатқан көркем дүние­де сәл-пәл ғана өсіріп айтқанда, шек жоқ­тай. Неше түрлі заттан жасалған әралуан бұйым­дар. Хас шебердің қайталанбас ғажа­йып туын­дысы іспетті. Қарап тұрып шын шебер­лер ауылда жатыр екен ғой дер едіңіз. Тері­ден, ағаштан, балшықтан жасалған қанша­ма бұйым. Бірінен-бірі өтеді, бірінен-бірі қызық. Қайсысы болсын көз тартып, көңіл арбап тұр.

Ең алғаш көпшілік назарына ұсынылған қолданбалы-сәндік туындаларының көрмесі Жақсы ауылындағы мәдениет үйіне қойылған 2018 жылғы көрмеден басталған. Ауданның әр елді мекенінде тұратын 33 шебердің 300-ден астам еңбегі көрерменді таң-тамаша қал­дыр­ған. Жақсының жалпақ даласында тап осын­ша­лық көкірегі ояу, қолы шебер адамдар тұра­ды деп бұрын-соңды ойламаған да болар. Жасам­паз жарқын өмірді бейнелейтін кес­кіннен тұла бойыңа беймәлім жылу тарай­тын­дай. Көңіліңе қуаныш сазын дарытатындай.

Әр шебердің еңбегі жеке-жеке баға­ланып, жетістігі айтылған. Осы жерде тәжі­ри­белі шебер­лердің шеберлік сыныптары да өткізілді. Талап­тылар ғана емес, көрер­меннің ішіндегі қолы епсектілері де қатысып, қыр-сырын ұғын­ған. Сөйтіп Жақсының жақ­сы ісі ат тұяғы жете­тін аумаққа тегіс тарады. Атбасар, Есіл, Жар­қайың аудандарына көш­пелі көр­ме ұйым­дастырылып, өнегенің өрісі кеңе­йе түсті. Кейін «Ақмола жұлдыз­дары» ха­лық шығар­машылық облыстық көр­ме­сіне қатысып, таланттылар­дың тәлім­ді ісі та­лай­ға белгілі болды. Облыс орталы­ғы­­ның тұр­­ғындары да шалғайдан келген шығар­ма­лардың шырайын жоғары бағалады. 

Осы жоба шеңберінде деректі фильм түсірілді. Ел ішіндегі өнерлінің өз еңбегінен қанағат тауып, көкірегі мақтаныш сезімі кернейтін сәт туды. Олар да қанаттанып, мар­қайып қалды. Талай талант иесіне қуаныш сыйлаған жоба әлі де жалғаспақ. Жақсыдағы жақсы өнер өткен тарихтың өңін уақыт тозаңынан аршып алып, кейінгі жасқа өнеге етумен қатар, болашақтың бағдарын айнытпай сілтейтін темірқазық іспетті дүние. Өйткені шеберлердің ойын онға, санасын сегізге бөліп, бойындағы бар білім-білігін сарқа жұмсап жасаған дүниелерінің жалпы мазмұны замандастарымыздың бойындағы құндылықтарды бір арнада жинақтап, ортақ рухани байлықты еселей түседі.

 

Ақмола облысы,

Жақсы ауданы