Аймақтар • 15 Мамыр, 2020

Ақмола облысы: Волонтерлық ұйымға көмекшілер қажет

295 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

«Доброе сердце lider.kz» волонтерлық ұйымы волонтерлар іздейді. Жұмыс ауқымы кеңейген соң қарбалас шаруаның бәрін толайым атқару біршама қиындық тудырып отыр әрі волонтерлардың қарамы көбейсе, қайырымдылықтың да ауқымы еселене түсер еді дейді еріктілер.  

Ақмола облысы: Волонтерлық ұйымға көмекшілер қажет

Олар бес жылдан бері көмекке мұқтаж жандарға қол ұшын созып келеді. Сырқат  жандардың ем-домына қажетті қаражат жинайды. Мәселен, биыл ең көп жиналған қаржы 1 млн  200 мың теңге. Бұл ақшаға  екінші топтағы мүгедек  Дина Құрманғожинаға  тыныс  алу аппаратын алып берді.

Елдегі төтенше жағдай кезінде ұйым волонтерлері ауызбіршілік танытып, 250 отбасыға  азық-түлікпен көмектесті. 4 баланың еміне қаржылай қолдау көрсетті. Күні бүгінге дейін 12 сәбиге көмек берген. Майдангерлерді де құттықтап, қарттарды да  елеп-ескеріп отырады.  Қазір  ұйымда 400-дей волонтер бар. Алайда, олардың тек 50-60-ы ғана белсенді.  Келесі аптада олар көмекке зәру  500  тұрғынға азық-түлік себетін таратпақ.  Сондықтан,  ұйымға қосымша көмек күші  қажет.

– Біз мейірімді жандарды өз ұйымымызға қосылып, қайырымдылық жасауға шақырамыз. Қаржылай көмек беріңіз демейміз. Өйткені, қазір  қатарымызға  біртіндеп демеушілер қосылуда. Бізге тек жәрмеңке, түрлі шара ұйымдастыруға көмектесетін, жастарды ізгі амалдар жасауға насихаттайтын  жандар қажет,- дейді «Доброе сердце lider.kz» волонтерлық ұйымының жетекшісі Ирина  Катухова.

Замандастарымыздың басым бөлігі жақсылық жасауға талпынып тұрса, әлем де мейірлене түспей ме?!

 

Ақмола облысы