Аймақтар • 15 Мамыр, 2020

Ақмолада мұқтаж жандар баспаналы болды

114 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Шалғайдағы Жарқайың ауданында 486 отбасы баспана алу кезегінде тұр. Жыл соңына дейін 60 отбасы көптен күткен пәтерлеріне қол жеткізбек.

Ақмолада мұқтаж жандар баспаналы болды

Надежда  Ложкина өткен жылы қоныс тойын тойлаған. Бұл оның алғашқы жеке баспанасы. Қуанышында шек жоқ. Айтуынша ұзақ жыл пәтерден пәтерге көшіп, көп қиындық көрген. 2013 жылдан бері баспана кезегінде тұрған. Екі баланың анасы бастауыш сыныптың мұғалімі екен. Былтыр пәтер кілтін табыстаған кездегі бақытты сәті жадында өшпестей болып жатталып қалыпты.    

–Маған жаңа салынған үйден пәтер берілді. Көптен күткен баспанамыз. Пәтеріміз жап-жарық. Қыста жылы. Жастарға арналған осындай бағдарламаның баяндылығына қуанамын,–дейді аудан орталығы Державинск қаласының тұрғыны Надежда Ложкина.

Бюджеттік мекемелердің Надежда сынды тағы 25  қызметкері баспаналы болды.  Сондай-ақ, көпбалалы 13 отбасы мен 12 жетім бала өткен жылы қоныс тойын тойлады.   

–Ауданда  мемлекеттік тұрғын үй қорынан баспана алуға 486 адам кезекте тұр. Олардың ішіндегі 95-і жетім және ата-анасының қамқорлығынан айырылған балалар, 142-сі халықтың әлеуметтік осал тобы, мемлекеттік және бюджеттік ұйымдардың 248 қызметкері,–дейді аудандық тұрғын үй-коммуналдық бөлімінің бас маманы Әсия Хайруллина.

Ауданда құрылыс қарқыны биыл да бәсеңдемейді. Қараша айында 60 пәтерлі тұрғын үй тапсырылады деп күтілуде. Құрылыс «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында жүзеге асырылмақ.