Аймақтар • 15 Мамыр, 2020

Қостанай облысы: Алдағы дүйсенбіден бастап карантин талаптары жеңілдейді

549 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгін облыс әкімі Архимед Мұхамбетовтің төрағалығымен індеттің таралуына жол бермеу жөніндегі жедел штаб отырысы өтті.

Қостанай облысы: Алдағы дүйсенбіден бастап карантин талаптары жеңілдейді

Облыс әкімі аймақта коронавирустың таралуына жол бермеу бойынша барлық шаралар қабылданып жатқанын атап өтті.

Қостанай облысында 15 мамыр сағат 10.00-дегі жағдай бойынша COVID-19 жұқтырған 72 адам тіркеліп, 36 адам сауығып шыққан. Қатерлі індеттен 1 адам көз жұмды.

Жедел штаб еліміздің Бас санитарлық дәрігерінің ұсыныстары мен қалыптасқан эпидемиологиялық аһуалды ескере отырып, аймақта  бірқатар жеңілдіктерді енгізу туралы шешім қабылдады. Сонымен, тұрғындар 18 мамырдан бастап үйінен көшеге еркін шыға алады. Бірақ 2 және одан көп адам бірге жүрген жағдайда бетперде тағу керек болады. Сонымен қатар,  саябақтарға, өзен жағалауларына серуендеуге болады. Алайда бірнеше адам бірге жүрген жағдайда қауіпсіз ара қашықтық сақталу керек.

Жедел штаб отырысында, сондай-ақ,  сауда орындары мен басқа да мекемелердің жұмыс істеу тәртібі былайша нақтыланды:

  1. Ауданы 2 мың ш/метрден аспайтын сауда орындары мен азық-түлік және өзге де тауарларды сататын базарлар сағат 10:00-ден 17:00-ге дейін жұмыс істейді;
  2. Сұлулық салондарының клиенттері қызмет көрсету ғимаратына бетпердемен кіруі тиіс және алдын ала тіркелуі керек;
  3. Баспахана, тігін цехтары, аяқ киім жөндеу орындары сияқты халыққа қызмет көрсету нысандарының жұмысы жанданады;
  4. Моншалар мен сауналар жұмыс істейді. Бірақ бассейнге түсуге болмайды және адам саны 20-дан аспауы шарт;
  5. Мектепке дейінгі тәрбие беру ұйымдарында кезекші топтар жұмыс істейді;
  6. Ашық ауада спорттық жаттығулар жасауға болады;
  7. Қоғамдық көліктер қала ішінде сағат 7.00-ден 20.00-ге дейін, ал саяжайларға баратын автобустар сағат 7.00-ден 21.00-ге дейін жүреді.
  8. санитарлық талаптар ескеріле отырып, мемлекеттік органдардың (ұйымдардың), кеңселердің қызметіне рұқсат етіледі.

Алайда бұл жеңілдіктердің Жітіқара ауданына қатысы жоқ. Жітіқарада карантин режімі 25 мамырға дейін сақталады.

 

Қостанай облысы