Қазіргі уақытта түрлі порталдар мен мемлекеттік органдардың кабинеттері азаматты сәйкестендіру және қызметтерді алуға берілген өтініштерге қол қою үшін электрондық цифрлық қолтаңбаны (ЭЦҚ) талап етеді. Олардың ішінде – Салық төлеушінің кабинеті, Сот кабинеті, Мемлекеттік сатып алу порталы және басқалары бар. QR-код арқылы авторизациялау сервисін енгізу аталған ресурстарды пайдалану процесін жеңілдете түспек.
«Қазіргі кезде бәрі смартфон пайдаланады. Азаматтар eGovmobile қосымшасын барлық мемлекеттік сайттар мен порталдарды ашатын кілт ретінде қолдана алар еді. Ол үшін қосымша арқылы QR-кодты сканерлеу жеткілікті. ЭЦҚ-ны компьютерде пайдалану үшін қосымша софт орнатудың да қажеті болмайды», - деп атап өтті Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиев.
Авторизациялау процесінің осындай баламасы электрондық үкімет порталында іске асырылды. Азамат «QR-код бойынша авторизациялануды» таңдап, QR-кодты eGovmobile қосымшасы арқылы сканерлеуі керек. Қосымшаға енгізілмеген мемлекеттік қызметтерді аталған принцип бойынша алдағы маусым айында алуға болады.
«Азаматтардың мемлекеттік қызметтерді оңай әрі ыңғайлы алуы үшін өтінімдерге қол қою механизмін QR-кодты eGovmobile қосымшасы арқылы оқу процесін жүзеге асыру жұмыстары жүргізілуде», - деді «ҰАТ» АҚ Басқарма төрағасы Әсет Тұрысов.
Мемлекеттік қызметтерді автоматтандыру және оңтайландыру жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысы тұрақты түрде, айына бірнеше рет өткізілетінін айтып өткен жөн. Осы кездесулер шеңберінде мемлекеттік органдар көрсетілетін қызметтерді автоматтандыру және оңтайландыру үшін жаңа бизнес-процестерді талқылап, пысықтайды.