Қоғам • 15 Мамыр, 2020

Отбасы қарым-қатынасы тақырыбында онлайн семинар өтті

851 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«Отбасы құндылықтарын нығайту және гендерлік мәдениетті қалыптастыру» жобасы аясында «Отбасы қарым-қатынасын нығайту» тақырыбында онлайн семинар өтті. Бұл туралы елорда әкімдігінің ресми сайты хабарлады.

Отбасы қарым-қатынасы тақырыбында онлайн семинар өтті

«Рухани қоғам әлемі» қоғамдық қоры халықаралық отбасы күніне орай отбасы қарым-қатынасы мен бала тәрбиесіндегі тұлғаның жағымды қасиеттерін дамытуға бағытталған семинар ұйымдастырды. Семинар Instagram әлеуметтік желісінде психолог, арт-терапевт, Қазақстан психологтар лигасының мүшесі Лимана Қойшиеваның парақшасында тікелей эфирде көрсетілді.

«Әр отбасы – мемлекеттің кішкентай бөлшегі. Оның бастауы, негізгі қозғалыс күші әкеде болса, отбасын сақтау, дамыту кілті – анада. Ал қозғаушы күш, тек отбасының ғана емес тектің жалғасы – бала. Отбасындағы қарым-қатынастың қай деңгейде, қандай болатыны осы үш тағанға байланысты. Әр адамның табиғи жаратылыстан ажырамай тұлғалық дамуы, баланы тәрбиелеу, үлкендермен қарым-қатынас, замандас, достармен қарым-қатынасты қалай дұрыс орнату керек», – деп атап өтті Лимана Қойшиева.

Семинарды педагог, психолингвист, мәдениеттану кафедрасының докторанты Мира Қойшыбаева жүргізді. Мира Қойшыбаева отбасы құндылығы мен оның маңызы, негізгі функциясы туралы және отбасын сақтау мен дамыту тақырыптарында ой қозғады.

Сондай-ақ ата-ана мен бала қарым-қатынасы, тұлғаның қалыптасуы мәселелерінде ақыл-кеңес берді.

«Отбасының берік болуы шынайы құндылықтардың сақталуына байланысты. Ең бірінші отбасына махаббат, сүйіспеншілік, құрмет қажет. Ерлі-зайыптылар бірін-бірі түсініп, шыдамдылық пен мейірімділік, адалдық танытып, үйлесімде өмір сүруі тиіс. Сол кезде шаңырақтағы татулық, сүйіспеншілік сақталады», – дейді Мира Қойшыбаева.

Семинар қатысушылары өзін-өзі дамыту, отбасында дұрыс қарым-қатынас құру, баламен байланысты сақтауға арналған түрлі психологиялық әдістермен танысты.

Айта кетейік, семинардың басты мақсаты – адамгершілік пен тазалыққа ұмтылу жолындағы әр азаматтың борышын нақтылау.