Аймақтар • 15 Мамыр, 2020

Оралда даңқты ұшқыш Хиуаз Доспанованың туған күні аталып өтті

910 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Орал қаласында Халық Қаһарманы, даңқты ұшқыш Хиуаз Доспанованың туған күніне орай бірнеше шара өтті.

Оралда даңқты ұшқыш Хиуаз Доспанованың туған күні аталып өтті

Салтанатты шара Кеңес Одағының батырлары Мәншүк Мәметова, Әлия Молдағұлова және Халық Қаһарманы Хиуаз Доспановаға арналған «Қазақтың батыр арулары» мүсіндік композициясына гүл шоғын қоюмен басталды.

- Күні кеше ғана Ұлы Отан соғысында біздің аталарымыз бен әкелеріміз алып берген Ұлы жеңістің 75 жылдығын атап өтіп едік. Енді, міне, бүгін қазақтың үш батыр қызына арналған ескерткіш басына тағы жиналып отырмыз. Біздің Орал қаласында Хиуаз апаның жүрген ізі сайрап жатыр. Тұрған үйі, оқыған мектебі бар. Апамыздың атына көше атауын беріп жатырмыз. Даңқты ұшқыш Ұлы Отан соғысына Жәнібек жерінен аттанды. 300-ден аса әуе жорығына қатысып, ерліктің өшпес үлгісін көрсетті. Бұл боздақтарға, батыр апаларымызға қанша құрмет қылсақ та артық болмайды. Бұл батыр апаларымыздың есімін Тәуелсіз Қазақстан жастары есқашан ұмытпауы керек. Бүгін ұлт мақтанышы Хиуаз Доспанованың туған күнінде біз Ұлы Отан соғысында ерлік көрсеткен, қан төккен, жан берген барша майдангерге тағзым етеміз! Осы батырлардың даңқына сай боламыз! – деді салтанатты шарада сөз алған Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Серік Егізбаев.

Осы шараға егде тартқан жасына, еңкейген басына қарамастан Ұлы Отан Соғысының ардагерлері Хамза Сафин, Иван Гапич, Вениамин Скаленко арнайы келген екен. 95 жастағы Хамза Әбдірахманұлы ақсақал әсерлі естелік айтты.

- Осы Хиуаз өрімдей 17 жасында Оралдың аэроклубында оқып, 18 жасында үздік бітіріп шығып еді. Соғыс басталғанда қайта-қайта сұранып, майданға өз еркімен аттанды. Одан арғы ерлігін бәріңіз білесіз. Біздің осы үш қызымыздай батыр қыздар әлемде жоқ! Осы жерде тұрған соғыс ардагерлері үшін Мәншүк, Әлия және Хиуаз – біздің замандасымыз. Сонда да болса біз оларды мақтаныш етеміз. Дана халқымызда мынадай сөз бар: Жүрегіңді – халыққа бер, жаныңды – Құдайға бер, ал намысты ешкімге берме! – дейді. Бұл батырлар дәл осылай істеді. Айналайын, кейінгі ұрпақ, еліміздің болашағы, жастарым, сіздерден де осыны сұраймын, - деді Хамза ақсақал толқып тұрып.

Үш батыр қыз ескерткіш-композициясына гүл шоғы қойылған соң жиылған жұрт осы маңдағы шағын көшеге бет алды. Бұрын Алмазов есімін иеленген бұл көшеге жақында ғана Батыс Қазақстан облысы әкімдігі мен облыстық маслихаттың бірлескен қаулысы және шешімімен Халық Қаһарманы Хиуаз Доспанованың есімі берілген болатын. Батыр ұшқышқа бұл көшенің таңдалуы тегін емес. Өйткені Кеңес Одағының батыры Мәншүк Мәметова мен Әлия Молдағұлова көшелері де осы жерде тұспа-тұс, жарыса орналасқан. Міне, үш батыр қыздың ескерткіші бірге, көшелері қатар келіп, әдемі өрнек құрап отыр.

9

Көшенің жаңа атауы жазылған тақтайшаны Ұлы Отан соғысының ардагерлері Иван Гапич пен Вениамин Скаленко, еңбек ардагері Жайсаң Ақбай құрметпен ашты. Дәл осы тұста ұшқыш қыздың суреті бейнеленген үлкен банер орнатылған. Ал көше қиылысында орналасқан ғимарат маңдайындағы электронды таблода Хиуаз Доспанованың өмірі мен ерлік жолы туралы ақпарат айналып жатты.

Бұдан кейін Хиуаз Доспанова білім алған Орал қалалық №1 орта мектебінің көне ғимаратының қабырғасына орнатылған ескерткіш тақтаның ашылу салтанаты болды. Даңқты ұшқыштың бедерлі бейнесі шекілген тақтада «Бұл мектепте 1939-1940 жылдары Қазақстан Республикасының Халық қаһарманы, қазақтың батыр қызы, ұшқыш Хиуаз Доспанова оқыды» деп жазылған.

9

9

- Орал қаласы – қаншама елеулі оқиғалар өткен, тарихы бай қала. Ұлтымыздың қаншама тарихи тұлғаларының тағдыры осы шаһармен байланысты болды. Жергілікті тарихшылардың, өлкетанушылардың ұсынысымен облыс орталығының тарихи келбетін қалпына келтіру, соның ішінде ұлт азаттығы жолында еңбек еткен тұлғаларымыздың есімін халық жадында сақтау бағытында жүйелі жұмыс жүріп жатыр. Тарихи ғимараттарға орнатылатын ескерткіш тақталар – соның бір көрінісі,- дейді Орал қаласы әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов.

 

Батыс Қазақстан