Жуырда Мақтаарал ауданына Қызылжар өңірінен 20 тонна азық-түлік, оның ішінде 14 тонна ұн, 5 тонна картоп және 1 тонна макарон өнімдері аттандырылды. Зардап шеккен отандастарымызға Солтүстіктен алғашқы көмек осылай жүріп кетті.
Жүкті жеткізуге басшылық жасау міндеті облыстың ветеринария басқармасының басшысы Берік Әлжановқа тапсырылған екен. Өзінің қысқа сөзінде ол: «Солтүстікқазақстандықтар отандастарымыздың қайғы-қасіретінен тыс қалмауымыз керек. Бұл жүк Мақтарал ауданының эвакуацияланған тұрғындары үшін жиналып, аз уақытта дайын болды. Жүктің негізгі бөлігі адамдарға бірінші кезектегі қажетті заттар», - деді ол.
Қайырымдылық көмек жинауға облыстық әкімдік, «Nur Otan» партиясы, мемлекеттік ұйымдар, «Солтүстік» ӘКК өкілдері, депутаттар мен бизнесмендер қосылды. Су тасқынынан зардап шеккендерге көмек көрсету жөніндегі арнайы штабпен тұрақты байланыс орнатылған.
Түркістан облысы әкімдігінің мәліметіне қарағанда бүгінгі таңда Мақтарал ауданындағы 14 ауылдың 30 мыңнан астам тұрғыны қауіпсіз жерлерге көшірілді. Су астында 845 үй, 3 мектеп, 5 балабақша, 4 медициналық ғимарат және мәдениет үйі, 55 км жол мен көпір қалыпты.
Солтүстік Қазақстан облысы