Аймақтар • 16 Мамыр, 2020

Шетелдіктер СҚО-да уақытша тұруға рұқсат алды

252 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

ТЖ режимі тоқтатылғаннан кейін алғашқы екі күнде СҚО көші-қон қызметіне 120-дан астам азамат жүгінген, соның ішінде 87 шетелдік уақытша тұруға арналған рұқсат ресімдеді.

Шетелдіктер СҚО-да уақытша тұруға рұқсат алды

Карантин кезінде Солтүстік Қазақстанның 8 мыңға жуық тұрғыны жеке басты куәландыратын құжаттарды дер кезінде ресімдей алмады. Олардың 1700-ден астамы 16 жасқа толған облыс тұрғындары, яғни өздерінің алғашқы жеке куәліктерін алушылар. СҚО ПД Көші-қон қызметі басқармасы атап өткеніндей, аталған азаматтарға әкімшілік шаралар қолданылмайды. 18 мамырдан бастап олар Халыққа қызмет көрсету орталығында құжаттарын ресімдей алады. «Жарамдылық мерзімі төтенше жағдай кезінде өткен және ол тоқтатылған күннен бастап 60 күнтізбелік күн ішінде жеке басты куәландыратын құжаттар жарамды деп танылады. Мерзімі өткен құжаттарды 10 шілдеге дейін ауыстыру қажет», - дейді СҚО Көші-қон қызметінің басқармасының бастығы полиция подполковнигі Талғат Әбілов.

13 мамырда Көші-қон қызметі орталығы, сондай-ақ көші-қон қызметінің аумақтық бөліністері барлық санитарлық нормаларға сәйкес бұрынғы режімде жұмыс істей бастады, сонымен бірге белгілі бір мемлекеттік қызметтерді қай уақытта алуға болатыны көрсетілген кесте жасалған.

ТЖ режімі кезеңінде белгіленген мерзімде елден кете алмаған шетелдіктерге қандай да бір шаралар қолданылмайды. СҚО-да осындай жағдайда карантин уақытында 1500-ге жуық шетелдік қалған. Олар 10 шілдеге дейінгі мерзімде қосымша құжаттарды ресімдемей-ақ Қазақстаннан шыға алады. Ал Қазақстанда қалуды жоспарлағандар өзінің құқықтық мәртебесін реттеуіне, оның ішінде ҚР-да уақытша тұруға арналған рұқсатты ресімдей алады. Жоғарыда аталған 87 адам соның ішіндегілер екен.

Солтүстік Қазақстан облысы