Аймақтар • 16 Мамыр, 2020

Ауыл мен село әкімдері алаңдамайтын болады

344 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов өткен аптада Қызылжар ауданына жұмыс сапарымен барды. Ол алдымен аудан орталығындағы жөндеу жұмыстарымен танысты. Осы Бескөл селосындағы 40 көшенің жолдарын жөндеуге биыл 800 млн теңге бөлінген. Сонымен бірге оларды жарықтандыруға 60 млн теңге қарастырылған.

Ауыл мен село әкімдері алаңдамайтын болады

Мұндағы орталық қазандық пен жылу жүйелері де жаңартылған. Қазір оларға 18 көпқабатты үй қосылған. Ал жаңа жылу маусымында тағы 32 үй қосылмақшы.

Өңір басшысы осы аудандағы Якорь селосына да барды. Мұнда әлеуметтік нысандардың бәріне жөндеу және абаттандыру жұмыстары жүргізілмек. Оған 150 млн теңге бөлінген. Бұл қаражатқа бұрынғы балабақша да қалпына келтірілмекші.

Әкімнің сапары жалғасқан Асан селосында да осындай жұмыстар жүргізілуде. Оларға 156 млн теңге бөлінген. Бұл соманың 79 млн мектеп те күрделі жөндеуден өткізіледі. Санация тәсілімен үйлерге су жеткізілген. Кең жолақты интернетке де қол жеткізілген.

Әкім ат басын тіреген соңғы ауыл – Соколовка селосы. Бұл кезінде аудан орталығы болған біршама үлкен және Ресейдің Түмен облысына шығаратын шекарадағы ең үлкен елдімекен. Биыл оның ішкі жолдарын жөндеуге 74 млн теңге бөлініпті. Дәрігерлік амбулаторияның күрделі жөндеуіне 61 млн теңге бөлінген.

Облыс әкімі басталып жатқан жөндеу жұмыстарына қанағаттанарлық білдіріп былай деді: «Біз қазір перспективасы бар селолардағы жөндеулердің аяғына дейін өзіміз бақылаймыз. Барлық жүйелі мәселелерді өзіміз шешеміз. Осындай кешенді жұмыстардан кейін ауыл мен село әкімдеріне бақылайтын жұмыс та қалмайды», деді ол.

Сонымен бірге облыс әкімі Құмар Ақсақалов аудандағы егіс жұмыстарының  жүргізілу барыстарымен танысты.

Солтүстік Қазақстан облысы