Аймақтар • 17 Мамыр, 2020

Көлікке мас болып отыру көбейіп барады

237 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Солтүстік Қазақстан полицейлері көлікті масаң күйде жүргізгені үшін көзделген жауапкершіліктің қатаңдатылғанына қарамастан, машиналарын масаң күйде жүргізетіндердің көбейіп жатқанына таң қалуда. Аталған фактілерді анықтау және жолын кесу – жергілікті полиция қызметі жұмысындағы маңызды бағыттардың бірі болып табылады.

Көлікке мас болып отыру көбейіп барады

Осындай фактінің бірі «Мамлютка» блок-бекетінде төтенше жағдай режімінің тоқтатылуына бір күн қалғанда анықталды. Ол «Audi-100» автокөлігінің 38 жасар жүргізушісі еді. Медициналық куәлендіру оның масаң күйде болғанын көрсетті. Бұдан бөлек, жүргізушіде  блок-бекеттен өтуге рұқсат болмаған, жүргізуші куәлігін де алмаған. Сондай-ақ, оның бұрын да көлікті масаң күйде басқару құқығынсыз жүргізгені үшін жауапқа тартылғаны белгілі болды. Тәртіп сақшылары Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің «Жүргізушінің көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйде басқаруы, сол сияқты көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның басқаруы» туралы бабы бойынша хаттама толтырды. 14 мамыр күні сот шешімімен оған 30 тәулікке әкімшілік қамаққа алу жазасы тағайындалды. Жазасын өтегеннен кейін бұзушы сот алдына қайта барады. Өйткені, полицейлер оған қарсы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің «Төтенше жағдай режімін бұзу» бойынша материал жинады.

«Масаң күйде рөлге отырған жүргізуші өзіне және айналасындағы адамдардың денсаулығы мен өміріне қауіп төндіреді»,- дейді СҚО Полиция департаменті Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы полиция подполковнигі Айдын Байматов. –« Жыл басынан облыс жолдарында ащы су ішіп алып рөлге отырған жүргізушілердің кесірінен 6 жол-көлік оқиғасы орын алды, 7 адам жарақат алып, 3-уі қайтыс болды. Көлікті масаң күйде жүргізгені үшін 261 солтүстікқазақстандық жауапқа тартылды».

Солтүстік Қазақстан облысы