Аймақтар • 18 Мамыр, 2020

Ақмолалық диқандар егістік алқапта

293 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Көктемгі егіс науқаны ауыл шаруашылығы еңбеккерлері  үшін сын сәті. Биыл Ақмола облысында 4 млн 900 мың гектар алқапқа дән сіңіріледі.

Ақмолалық диқандар егістік алқапта

Ауыл шаруашылығы экономиканың драйверіне айналуы тиіс. Саладағы еңбек өнімділігі екі жарым есе артылсын деген меже белгіленді. Бұл жаңа технологиялар, ғылыми және кәсіби мамандар, озық техника мен маңдай тердің тоғысуынан келетін жеңіс. Ендеше, бұл науқан  бұрынғыдан өзгерек.

Әлемді жайлаған пандемия салдарынан әдетте ерте қимылдайтын  диқандардың тосырқап қалғаны рас.  Астық экспорттаушылардың ондығынан ойып тұрып орын алған, орта есеппен жылына 20 млн. тонна алтын дәнді қамбаға құятын қазақ елі үшін бұл стратегиялық маңызы бар мәселе еді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев шаруаларды қолдауға бағытталған шешім шығарып, диқандарға дем берді.

Шұғыл қолдауға бөлінген қаржының басым бөлігі тұқым шаруашылығына жұмсалмақ. Ақмолалықтар соңғы 30-40 жыл бойы бидай сеуіп келеді. Бидай болғанда да, 2,3 репродукциялы, төмен сұрыпты тұқым. Бұл топырақтың жұтаңдауына әкеледі. Көктемде сеуіп, күзде орумен шектелген шаруаның өнім сапасы да көңіл көншітпесі белгілі.

– Үкіметтен бөлінген 70 млрд теңге қаржының 20 миллиардын біздің облыс шаруалары игеруде. Бұдан бөлек, тұқым мәселесінде «Азық түлік келісім шарт корпорациясымен» бір жарым мың тонна тұқым шаруаларға беріліп жатыр,–дейді Ақмола облысы әкімінің орынбасары Ғалымжан Әбдіхалықов. 

2019 жылдың күзі қуаңшылыққа ұласып, диқан көңілі күпті болған сәтте ақмолалықтар гектарына 11 центнер жинап, межеленген 5 млн тонна астықты түгендеді. Бұл жетістік тұқымды дұрыс таңдаудың нәтижесі. Тың игеру жылдарынан бері қазақстандық шаруалардың маңдайы тасқа тірелген бір тұсы осы тұқым селекциясы еді. Мәселенің шешімі ретінде Бараев атындағы институт құрылып, жуық арада жаңа сорттар шығарылды. Ал қазір, маман тапшы, шаруашылық екпіні кенжелеген.

– Біз 20-30 жылдай артта қалып қойдық. Батыс елдері техниканы дайындап, технологияны дамытып, астықтың тұқымын, сапасын арттырып бізден озып кетті. Бір техникамен 5 операция орындалады. Жерді жыртып, дән сеуіп, тыңайтқыш сеуіп, гербецидпен өңдеп, жерді тегістеп шығады. Қазір шаруалар осы техниканы сатып алып, қазіргі жетістіктерге жетіп отыр,–дейді ауыл шаруашылығы саласының ардагері Алтай Нұрғасымов.

Сөз ауанын жер өңдеуге ойыстырсақ. Қазіргі таңда шаруалар химиялық тыңайтқыштардан аянып қалмайды. Фосфор, азот пен калий астықты алқапқа ауадай қажет. Десе де, мұның өзінде қапы қалып жатқан тұс көп. «Жер тірі адам тәрізді. Оны түсіне білу керек» депті ғалым Бараев. Технология қарыштаған заманда жердің жайын ғарыштан бақылау тиімді. Жаңашыл шаруалар әр қадау жерге қанша минерал жұмсауды, оның шығымын, өнімділігін сандық технологиялар арқылы бақылайды.   

– Біз әр 25 гектардан тереңдігі 50 см-ге дейін топырақ үлгісін алып, зертханаға жөнелтеміз. Осы деректер негізінде шаруаға ғылыми ұсыныс картасы беріледі. Мәліметтер республикалық «Қолдау» деректер базасына енгізіледі. Осылайша диқан қай алқапқа қанша фосфор керек немесе қай жерге әлдебір тыңайтқышты қолдануға болмайтыны туралы ақпарат алады,–дейді «kazagrolab» зертханасының директоры Әділбек Ғазизов,– шамадан тыс күкірт, кальций қолдансақ, егін бір жерде шығады, екінші бір аумақта мүлдем өспей қалады. Ал, айталық фосфор жетіспесе, өзге тыңайтқышқа жұмсаған ақшаңыз желге ұшты дей беріңіз. Оның үстіне топырақ құнарынан айырылады, мемлекет бөлген қаржы мақсатсыз жұмсалады.

Бұл мүмкіндікке көз жұма қараған дихан қаржысын желге шашып жүр дейді нүктелі жер игеру мамандары. Жалпы облыста 10 млн 802 мың гектар ауыл шаруашылығы жерлері бар. Оның  5 млн 902 мың гектары жайылым. Егістік алқабы – 4 млн 900 мың гектар. Биыл облыс аумағында 147 мың гектар егістік алқап айналымға енгізілді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 4,3 процентке артық. Егістіктің 91 процентін бидай мен астық тұқымдастары құрайды. Бұл 4 млн 438 мың гектар. Одан бөлек 254 мың гектарға майлы дақылдар, 20 мың гектарға картоп пен көкөніс егіледі.

Облыста тиімді пайдаланылмаған 234 мың гектар жыртынды жер қалып отыр. Қурай басқан, тасты, қыратты, топырағы саздауыт, балл-бонитеті орташадан төмен мына алқап банк кепілдігінде қала берер ме еді, кәсіпкердің жаңашыл көзқарасы болмаса. Борис Козлов Зерендінің Қазақстан ауылында бос қалған 4 мың гектар алқабын ғылыми тәжірибе алаңына айналдырған дерсіз. «Берекет-2050» серіктестігі ұзақмерзімді стратегиямен іс жоспарлаған. Араға 4 жыл салып, танап басы  облыстың тәжірибелі шаруалары берекелі егістікке айналды.

– Алғашқыда өзге дихандар ауыл шаруашылығы тәуекелі өте жоғары сала деп, қайта-қайта ескертумен болды. Бірақ, мен,  кәсіпкер ретінде алдымен экономикалық талдау жасадым. Мемлекет шаруаның барлық бастамасын қолдайды. Гербицидке 50 процент, минералды тыңайтқыштарға 50 процент, көктемде жеңілдетілген несие беріледі. Жанар май бағасы арзандатылған, салық жеңілдетілген. Әрине, мұндай тиімді мүмкіндікті бос жіберуге болмайды. Қазір мен еш өкінбеймін, керісінше. осы салаға келгенімен бақыттымын,–дейді «Берекет-2050» серіктестігінің құрылтайшысы Борис Козлов,–мемлекет бөлген қолдауды біз жерді тыңайтуға жұмсадық. Шаруашылық толығымен сандық технологияларға көшкен. Жыл бойы барлық жер өңдеу технологияларын атқарамыз. Былтыр, орта есепен 280 млн теңгені жер өңдеуге жұмсадық. Ал түскен пайдасы әрине, барлық қаржымызды ақтап отыр.  

Былтыр Қостанайда қуаңшылық болды, Солтүстік Қазақстанда да астық шығым көңіл көншітпеді. Ақмолалықтар гектарына 11 центнерді әупірімдеп межелегенде, «Берекет-2050» әр гектардан 22 центнерден астық жинап, агроғылымға ден қойған әлдеқайда берекелі боларын дәлелдеді.  

Мәселенің күрмеуі мемлекет бөлген субсидияның мақсатты жұмсалмауынан. 70 жасында жерден тамыр үзбеген кәнігі агроном Яков Тимофеевич осылай дейді. Тұқымға, тыңайтқышқа, жаңа техникаға деп берген қаржыны баз біреулер жүйткіген джипке жұмсап мәз.   Биыл Ақмола облысы аграрийлерін субсидиялауға қазынадан 37 млрд теңге бөлінді. Ал, агроғылым жаңа меже белгілеуде. Қазір, экологиялық таза, табиғи тыңайтқышпен көктеген астыққа сұраныс жоғары. Осы мақсатта «Берекет-2050» мал шаруашылығын қатар өрістетіп, автопилот, дрон, еуропалық стандартқа бет бұрған. Сөз ретіне қарай айталық. Шаруалар 9 түрлі дақыл өсіреді. Мұндағы мақсат өсімдік мәдениетін алмастыру арқылы жердің құнарын арттыру, майлы дақылдардың ырысынан олжалау.  

– Біз мезгіларалық маусымда глифосатты өңдеу жүргіздік. Өсімдік түрлерін дақыл ерекшеліктеріне қарай алмастырып отырамыз. Алғашқы жылы тек зығыр ектік, кейінгі жылы зығыр, арпа, бидай ектік. Үшінші жылы соя, рапс алқаптары қосылды. Биыл бұршақ пен күнбағыс өсіруді қолға алдық,–дейді «Берекет-2050» серіктестігінің директоры Яков Савченко.

14 мыңнан астам трактор, 16 мың астық себу кешені, 1,2 мың өнімділігі жоғары шетелдік техника алқапқа түрен салды. Егіске 74 мың тонна жанармай қажет. Мемлекет жанармайды да, жаңа техниканы да субсидиялайды. Ісім өрге бассын деген шаруаға жеңілдетілген  несие ұсынылып отыр. Биылғы қыста қар қалың түсті, яғни, ылғал мол. Күннің ерте жылынғаны да шаруаның асығын алшысынан келтіріп тұр.  Алайда, әлем ауа райына емес, агроғылымға сенеді. Бұл үрдісті түйсінген, жаңалықты іске жарата білген  диқанның төккен тері ақталары анық.