Жуырда Солтүстік Қазақстан облысындағы ЖШС-лардың бірінің басшысы егіске дайындап қойған құны 900 мың теңге тұратын гербицидінің қолды болғанын айтып, полицияға шағым түсірген.
Ұрылар қоймада тұрған 225 литр (еріте келе ол бірнеше мың гектарға жетеді) гербицидті қолды қылған. Қылмысты ашуға аудандық қана емес, облыстық ПД мамандары да тартылады. Күдік осы ЖШС-да былтыр жұмыс істеген, бұрын сотталған, 1970 және 1986 жылдары туған Петропавлдың екі тұрғынына түседі. Ақыры олардың үйлерін тексергенде ұрланған гербицид табылып, толығымен иесіне қайтарылды.
Қазір ұрылар уақытша ұстау оқшаулағышына қамалып, үстерінен Қылмыстық кодекстің «Ұрлық» атты 188-ші бабы бойынша қылмыстық іс қозғалған. «Біз көктемгі егіске дайындық жүргізіле бастаған 27 сәуірден бері «Астық» атты алдын алу шараларын жүргізудеміз. Осы шараның шеңберінде криминалдық полицияның барлық бөлімшелері тұқым, гербицид, жанар-жағар май және қосалқы бөлшектердің ұрлығына қарсы әрекет етуде. Егіс пен астық жинау науқандарында аграрийлер өздерінің мүдделерін қорғауға айрықша зәру. Біз оларды қолдауға әрқашан дайын болуымыз керек», дейді облыстық ПД Криминалдық полиция басқармасының бастығы, полковник Петр Климов.
Биыл ауылшаруашылығы тауар өндірушілерінің меншігіне қарсы 5 қылмыс жасалған екен, бүгінгі таңға дейін соның 4-уі ашылған.
Солтүстік Қазақстан облысы