Спорт • 19 Мамыр, 2020

Футбол: Ең ықпалды адамдардың тізімі жарияланды

180 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Францияның әйгілі «France Football» басылымы футбол саласындағы ең ықпалды адамдардың тізімін жариялады.

Футбол: Ең ықпалды адамдардың тізімі жарияланды

Үздіктер көшін «Пари Сен-Жермен» клубының президенті Нассер Әл-Хелайфи бастап тұр. 47 жастағы Катар азаматы кезінде өз елінің ең белді теннисшілерінің бірі болып, әлемдік рейтингте 995 орынға дейін көтерілді.

Үлкен спорттан қол үзгеннен кейін ол «Al Jazeera Sports» желісінің бас директоры болып тағайындалды. Осы орайда, көптеген спорттық арналар ашып, түрлі ауқымды шаралар ұйымдастырды. Бұл күндері Әл-Хелайфи мырза «beIN Media Group» деп аталатын іргелі корпорациясын басқарып отыр. Бірқатар шет мемлекетте филиалдары және 55 миллионнан аса жазылушысы бар айтулы ұйым 2022 жылы футболдан Катарда өтетін әлем чемпионатының дайындық жұмыстарымен белсене айналысуда.

Футбол саласындағы ең ықпалды адамдардың тізімінде екінші және үшінші орындарды Португалия ұлттық құрамасы мен Италияның «Ювентус» клубының жұлдызы Криштиану Роналду мен ФИФА президенті Джанни Инфантино иеленуде.