Аймақтар • 19 Мамыр, 2020

Көкшетаудағы колледж базасында өндіріс ошағы ашылды

338 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Жоғары техникалық колледжі «Қазприцеп» компаниясымен бірлесіп ортақ жобаны қолға алды. Қос тарап жеңіл көлікке арналған шағын жүк тасу тіркемелерінің өндірісін жолға қойған. Мұндай техника шаруашылық нысандарында және ауыл тұрғындары арасында үлкен сұранысқа ие.  

Көкшетаудағы колледж  базасында өндіріс ошағы ашылды

«Қазприцеп» компаниясы оқу орнына шағын техниканы құрастыруға қажетті барлық бөлшектерді ұсынады. Тіркеменің жүкті өздігінен түсіру функциясы бар. Мұндай техника шағын бизнес иелері мен аграрийлер үшін тартымды. Алдағы уақытта тіркемелерді тапсырыс бойынша құрастыру жоспарланып отыр.  

–Оқу орнының соңғы курс студенттері өндірістік білім беру шеберлерімен бірлесіп ұзындығы екі және екі жарым метрлік тіркемелер құрастыруда. Осылайша, колледж тәлімгерлері техника құрастыру ісінде өндірістік тәжірибе жинақтап отыр,–дейді жоғары техникалық колледжі директорының орынбасары Нартай Ыбыраев.   

Дайын өнімді саудалаумен «Қазприцеп» компаниясының өзі айналысуда.

–Маған осында білім алған ұнайды. Мұнда білікті ұстаздар мен шеберлер тәлім береді. Мен металл дәнекерлеуді, конструкцияны дұрыс құрастыруды үйрендім. Сызба бойынша жұмыс істеуді бұған дейін де игерген болатынмын, дейді жоғары техникалық колледжінің студенті Игорь Панов.

Тіркеме 570 килограмм салмақты көтереді. Алдағы уақытта колледждің тігін цехында тіркемелерге арналған жабынын тігу жоспарланып отыр.