Абай • 20 Мамыр, 2020

Дулат Иcабеков: Пушкин, Абай және басқалар

651 рет
көрсетілді
24 мин
оқу үшін

(Соңы. Басы 95-нөмірде)

Ресей статистикалық орталығының мәліметі бойынша, 1917 жылғы револю­цияға дейін Ресей халқының 87 пайызы сауатсыз болған екен. Ал Пушкин заманында хат танитын адамдардың өзі санаулы болған, тіпті, «Евгений Онегин» романындағы (кейде оны поэма деп атайды) Татьянаның өзі орысша хат жаза алмайды емес пе? Оқиын, білейін, оянайын деп әрекет етпейтін надандар мен тоғышарларға жаны күйген Пушкин:

«Паситесь, русские народы,

Для вас не внятен слова чести,

Не нужны вам дары свободы, –

Вас надо резать – или стрич!» – деп ашу-ызаға толы қатал үкім айтқан өлең жолдарын жазып еді. Өз халқыңды соқыр сезіммен сүйе берудің халыққа да, өзіңе де пайдасы жоқ, халқыңды шын сүйсең алдымен оның кемшілігін көріп ал, «мал сияқты жайыла беріңдер!» деп Пушкин күйінгендей, оның бейғамдығы мен бар кемшілігін бетіне басып айта біл. Құр мақтаудан гөрі айыбын ашып айтқан адам ғана халқына пайдалы. Жидебайда жатқан Абай да өзінің 41-сөзін­де надандық һәм бойкүйездікпен күре­су­дің амалын таппай шарасыздық халге түседі. «Бұ қазақты ақылменен, не жерлеп, не сырлап айтқанменен еш нәр­сеге көндіру мүмкін емес. Етінен өткен, сүйегіне жеткен, атадан мирас алған, ананың сүтіменен біткен надандық әлдеқашан адамшылықтан кетірген. Өздерінің ырбаңы бар ма, пыш-пышы бар ма – сонысынан дүниеде ешбір қызықты нәрсе бар деп ойламайды, ойласа да бұрыла алмайды, сөз айтсаң түгел тыңдап тұра алмайды, не көңілі, не көзі алаңдап тұрады. Енді не қылдық, не болдық!» – деп халқын қараңғылықтан шығарудың жолын таппай, Пушкиннен де артық қиналды.

 

Дулат Иcабеков: Пушкин, Абай және басқалар

Ой бірлігінің ұқсастығы ойшылдар­дың бірін-бірі қайталауы емес, әркім өзі өмір сүріп отырған қоғамның жоғары-төмен деңгейіне байланысты не күйініп, не сүйініп айтуынан туған мүлде дербес ойлар деп қарауға тиіспіз. Әсіресе, Абайдың жағдайында. Адамзат адамзат болып қауым құрғалы сол адамдардың аз ғана тобының көзі ашық болып, қалған көпшілігі тобырлық санада өмір сүріп келеді екен. Ой ойлау, сананы жетілдіру, ізгілікке ұмтылу, о дүние мен бұ дүние арасындағы жақсылық пен жамандықты оймен өлшеп көру, обал мен сауаптың бәсін түсіну – тобырдың есіне келмейді екен. Ақыл-есі толық топтан гөрі көңілі соқыр, өссем екен, жетілсем екен деп алға талпынбайтын тобыр көп болатын көрінеді. Олардың көңіл-көздері жақсылықтан гөрі жаманшылықты көруге құштар. Дәл осындай тоғышар топтың кесапат мінезіне күйінген Пушкин П.А.Вяземскиге жазған бір хатында: «Толпа жадно читает исповеди, записки и etc. Потому что в подлости своей радуется унижению высокого, слабости могущества. При открытий всякой мерзости она в восхищении» дейді. Өзгенің табысын көре алмау, араларынан ақылы асқан біреу шыға қалса «тәйірі, о да адам бола қапты ғой» деп кемсіту, озған адамның кемшілігін көруге құмартып тұратын Пушкин күйінген тоғышар топ қазақта да жетіп-артылатынын Абай 39-сөзінде айтып өтіпті. «Қазақтың шын сөзге нанбай, құлақ та аспай, тыңдауға да қолы тимей, пәлелі сөзге, өтірікке сүттей ұйып, бар шаруасы судай ақса да, соны әбден есітіп ұқпай кетпейтұғыны қалай?» – деп өзі құлап жатып, елге сыйлы адамның сүрінгеніне күлетін, тағы бір сүрінгенін көруге құмар болып тұратын «күлкішіл кердең надандардың» өсекқұмар мінезіне Абай да Пушкиннен кем күйінген жоқ.

Осындай тоғышарлық пен топастық­ты өз елінен көп көрген Пушкин күйіні­шін одан әрі жалғастыра келіп: «Черт догодал, с таким умом и талантом родиться мне в России» деп өкіне келіп: «Живая власть для черни ненавистна, они любить умеют только мертвых» деп ойын аяқтайды. Пушкин ойын жол­ма-жол қайталамаса да, алыста жат­қан Абай да осымен үндес ойын өзін­ше өрбітіп, бір-ақ ауыз сұрақпен шек­теледі. Пушкин сияқты сан түрлі мәде­ниетпен, сан түрлі ұлттармен араласып көрмеген Абай, тағы да сол қазағының өмірін мысалға ала келіп: «Осы, біздің қазақтың өлген кісісінің жаманы жоқ, тірі кісісінің жамандаудан аманы жоқ болатұғыны қалай?» дейді. Тіріні тілдеп, өліні пір деп қарайтын қасиет қазаққа да, орысқа да, басқаға да ортақ екен. Адам баласында қандай қасиет болса, ол қасиеттің бәрі қазаққа да ортақ екенін Абай тап басып айтып отыр. «Осындай ақыл мен талант беріп, мені Ресейде туғызуға қай сайтан түрткі болды екен!» деген Пушкиннің өкінішін оқып отырып, еріксіз Абай еске түседі. Көп қарғаның ішіндегі бір сұңқар, көп жабының ішіндегі бір тұлпар. Сол көп қарға мен көп жабы «өзі ермей, ерік бермей қор етіп», «жапырағы қуарған ескі үміттей», «не ол емес, бұл емес» болып, «мұңдасуға жан таппай» күй кешіп жүрген Абайға шын жаның аши­ды екен. 14 жасында Жуковский мен Дер­жавиннен «орыс поэзиясының бола­шағы» деп мақтау естіген, 27 жасында император Николай І-нің: «Мен бүгін Россияның ең ақылды адамымен кездестім» деген сөзін өз құлағымен тыңдаған Пушкин әлгіндей деп өкінсе, Абайдың күйі қандай болмақ?

Пушкин өлген соң 9 жылдан кейін дүниеге келген Абайды Пушкиннің «замандасы ғой» деп өзімізге жақын тұтсақ, Пушкиннен екі жарым мың жыл бұрын өмір сүрген философтармен Абай ойлары қалай үндесіп жатқанына зер салып көрейік.

Әлемді жаратқан Құдай туралы айта келіп Платон: «Каково было намерение бога создавая вселенную? Какова причина создать мир была у него? – Сделать добро, либо Бог добр». Өзі қойған сұраққа Платон кәміл сеніммен өзі жауап берсе, Абай да бұл сұраққа екі жол өлеңмен жауап беріп өтеді.

«Алланың өзі де рас, сөзі де рас...

Махаббатпен жаратқан адамзатты», – деп түсіндіреді Абай дүниенің жаратылу себебін. Бірі Құдай, бірі Алла деп отырса да, екеуі де бар әлем бір Жаратушының махаббаты мен мейірімінің арқасында жаралғанына шүбәсіз сеніп отыр. Сократ, Аристотель, Диоген, Еврипид, Аристофандардың арасында талғам мен таным (вкус и убеждение) жайлы таласа жүріп, Платон жаратушы мен жаратылушы жайлы осындай ғарыштық сұрақтарға жауап іздесе, Абай ауылдағы Оразбайлармен арпалысып жүріп-ақ Платон қойған сұраққа өзінше жауап тауып қойыпты.

«Төмендер сыбырласады, биіктер сырласады» деген осы болса керек.

«Не для одного уголка я рожден: все люди мне братья, весь мир мне отчизна» (Сенека).

«Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» (Абай).

«Әкенің баласы – адамның дұшпаны,

Адамның баласы – бауырың» (Абай).

«Неумеренный гнев пораждает безумие» (Сенека).

«Ашу – асау ат, тізгінін тартып ұстамасаң орға жығады» (Абай).

«Мы почитаем всех нулями,

А единицами – себя» (Пушкин),

«Единица нөлсіз-ақ, аз басымдық болар ол. Единица кеткенде не болады өңшең нөл» (Абай).

«Раньше ты умрешь или позже – неважно. Хорошо или плохо – вот что важно. Хорошо умереть – избежать опаснос­ти жить дурно» (Сенека).

Өлім жайлы көп толғанған Сенека: «Адам баласы анадан туа салып өлімге беттейді. Бірі – жақсы өлім, екіншісі жаман өлім, үшіншісі – ерте өлім. Жақсы өлім – Жаратушымен жақын болып, ізгі­лікпен іс тындырып өлген өлім, жаман өлім – қолынан келіп тұрса да бас­та­ған ісін аяқтауға ерінген адамның өлімі, ерте өлім – өзі өлмей жатып өлу, яғни ешнәрсе бітіре алмаған адамның жағымпаздық пен жарамсақтықтың арасында жалтақтап өмір сүрген адамның өлімі» (Сенека).

Сенеканың өлім туралы мұндай анық­тамасына Абай өлім мен өмір жайлы барлық өлеңдерінде жеріне жеткізе айтып кеткен. Әсіресе, Оспанға деген өлеңі Сенеканың жақсы өлім жайлы айтқан анықтамасына дәлме-дәл келіп-ақ тұр. Үзінді келтірейік.

«Жайнаған туың жығылмай,

Жасқанып жаудан тығылмай,

...Жақсы өмірің бұзылмай,

Жан біткеннен түңілмей,

Жайдары жүзің жабылмай,

...Жан біткенге жалынбай

Жақсы өліпсің, япырмай!».

Ілім-білімнің бұлағынан еркін сусындап, әлемдік ой-теңізінде еркін құлаш ұратындай Абайда мүмкіндік болған жоқ. Бар болса Семейдің жұпыны кітапханасы болды. Сол жұпыны кітап қоры арқылы Абай таным деңгейі­нің ғарыштық биігіне қалай көтеріл­ді? Аталған ғұлама философтардың еңбектерін мәтіндік нұсқасы бойынша оқып шыға алды ма? 37-сөзіндегі «Сок­ратқа у ішкізген, Иоанна Аркті отқа өр­теген, Ғайсаны дарға асқан, Пайғамбары­мызды түйенің жемтігіне көмген кім? Ол – көп, ендеше көпте ақыл жоқ. Ебін тап та, жөнге сал», – деген ғақ­лиясын, 27-сөзінде Сократ шәкірті Аристодимге (Аристотель. Д.И.) қойған: «Өнерімен адамды таңғалдырған адам бар ма?» деген сұрағына Аристотель Гомердің ақындығын, Софоклдың трагедияларын, Зевксистің суреттері жайлы айтқан жауаптарына қарап, Абай Аристотельдің өнер, театр, драматургия жайлы «Поэтика» атты әйгілі кітабымен таныс болды ма екен деп те ойлап қаласың.

Луций Сенека өскен орта мен тәрбие­нің адам өмірін қалыптастыруға зор ықпал ететіні жайлы айта келіп, мынадай қорытындыға келеді. «Если бы он (Нерон) родился в Парфин, то с мла­ден­чества натягивал бы лук, если бы в Германии, – то в детстве уже замахивался бы легким копьем, а живи он в времена наших пращуров, ему пришлось бы выучиться скакать верхом и биться врукопашную. Каждого повелительно побуждает к этому воспитание, принятое у его племени».

Біз білетін ортада «Халқым надан болған соң, қайтіп адам болайын» деп шарасыз күй кешіп жүрсе де, Абай сол Сенека жеткен ой биігіне «соқтықпалы, соқпақсыз жерде» жүріп-ақ қарапайым қазақы тұғыр арқылы көтеріле білді. «Қайнайды қаның, ашиды жаның, мінездерін көргенде» деп қазағының жер-жебіріне жетіп ұрысайыншы деп ұрысқан жоқ, оған жаны ашығаннан ұрысты. Адам болса екен, санасы оянса екен деп «Жапырағы қураған ескі үмітпен», «Ауру жүрегі ақырын жай соққанға» дейін елін «Талаптың дәмін татуға» шақырумен болды. Әрі өздері ермей, әрі ерік бермей «қор еткен» жұртына «Қайраттан беркін, жігерлен сілкін» деп насихат айтудан қажыған кезде ашу-ызаға «шам жағып», сол ашуы жан түбінде жатқан қатпар-қат­пар ой маржандарын кезек-кезегімен лықа серпіп көмейге әкеп тірейтін болса керек. Абай халқын сүйгендігінен ұрысты, сүйгендігінен жаны ашыды, сол күйініш пен жаны ашудың «аспандағы ай мен күннің шағылысындай» алапат жарқылынан бүкіл адамзатқа ортақ ой маржандары Парнаста емес, Афинада емес, Римде емес, алыстағы Жидебайда туып, әлемдік ой-санамен қанаттасып, ұштасып жатуын Абай ойының өзіндік жемісі, яғни «Абай феномені» деп атауы­мызға жалтақсыз жол сілтейді.

Байқайсыз да, Абайдың кеудесінен Пла­тон айтқан «поэзия музасының қасиет­ті орын тапқанына» шүбә келтір­мейсіз. «Жан қуаты дейтұғын қуат – көп нәрсе, бәрін мұнда жазарға уақыт сый­ғызбайды» деп 43-сөзінде Абай­дың өзі жазғандай, қағаз бетіндегі орын­ға қанша үнеммен қарасақ та, ұлы Абай­­дың бүкіл халықтық ұлы тойы­ның тұсында Абайдың ұлылығын таны­та­тын ойларының бағзы заман мен бертін­гі заман ойшылдарының таным-түсінік­тері­мен ұштасқан, тым болмаса төрт-бесеуін айтып өтейікші:

«Человек рожден для смерти» (Сенека) десе, Абай: «Өлмек үшін туған­сың, ойла шырақ» деп екеуара сөйлесіп отырғандай оп-оңай ой тастай салады.

«Каждый уходит из жизни так, словно только что вошел» (Эпикур). Абайдың – 34-сөзін қараңыз.

«Только тот достоин бога, кто през­рел богатства» (Эпикур). Абай – 35-сөз. «Поэзия как ангел утешитель, Стала меня, и я воскрес душой» (Пушкин). Абай – «Өзгеге көңілім тоярсың».

«Всяки истинный человек добра причастен божеству» (Сенека). Абай: «Ұят кімде болса – иман сонда» (36-сөз).

«Гордиться славою своих предков не только можно, не уважать оной есть постыдное малодушие» («Карамзин). Абай – 24-сөз, немесе «Қазақтың шығу тегі туралы бірер сөз».

«Луцилий, ты удивляешься, что человек идет к богам? Но и бог приходит к людям и даже – чего уже больше? – входит в люди» (Сенека). Абай – 35-сөз.

«Страх – стража царей» (Сенека). Абай – «Уайым – ер қорғаны».

«Горе от ума» (Грибоедов). Абай – «Қайғы шығар тілімнен, ыза шығар білімнен».

Тізе берсек бұл секілді қатар ойлар толып жатыр. «Абай – данышпан» деп жалпылама айта бергенше, оның данышпандығын айғақтайтын өлеңдері мен қара сөздеріндегі ойларына там-тұмдап қана сілтеме жасап өттік.

Қазақ өлеңінің өрісінде Абайға дейін де, Абайдан кейін де «ұлы» деп танылған немесе ұлы деп айтуға лайық ақындарымыз аз болған жоқ. Бірақ, солардың бәрінен биік тұрған – Абай.

Несімен? Өлең сөздің бар бояуы мен құдіретін жүрегіне ұялата білуімен, жазба әдебиетінің еуропалық классикалық үлгісін қазақ өлең құрылымына еркін енгізе білуімен, форма мен мазмұнның ішкі-сыртқы гармониясын қазақтың қара өлеңі дәстүрімен табиғи жарасым таптыра білуімен, өзіне дейінгі не батыстың, не шығыстың классикалық поэзиясында кездеспейтін жаңа теңеулер мен эпитеттерді көп ойлап қиналмай, қалыптасқан канондарды бұздым-ау деп жалтақтамай, жасқанбай еркін енгізуі – оны «Бар жаңаның басы» (Ә.Кекілбаев) ретінде тануымызға мол мүмкіндік береді. Абай ой мен ұйқас іздемейді, ой мен ұйқас Абайды іздеп табады. Қазақтың байырғы сөздерінің өзі Абай қажет етсе жаңаша түр, жаңа бояуға малынып шыға береді екен. «Жас жүрек жайып саусағын», «Уақыт күнді итеріп», «Адасқан күшік секілді, ұлып жұртқа қайтқан ой», «Ақыл – жүректің суаты», «Жүрегіңе сүңгі», «Іші залым, сырты абыз», «Күлкінің ерні кезермес», «Балалық өлді, білдің бе?», «Менімен менікінің айрылғанын», «Іштегі ескі жалын», «Ауыр ойды көтеріп ауырған жан», «Өзі шошқа, өзгені ит деп ойлар», «Шай­тан­ның шәкірті», «Ұры сағат», «Ұйық­таған ой», «Ызалы жүрек, долы қол, ұлы сия, ащы тіл», «Қырық жамау жүрек», «Адамзат бүгін адам, ертең топырақ».

Басқа ақындардың шығармаларынан қанша іздесең де «Арыстың суынан акула іздегендей» (А.Сүлейменов), осы те­ңеу­лерге ұқсас сөздерді таба алмайсың.

А.Пушкиннің «Евгений Онегин» романын бітпей қалған шығарма деп, ал Онегинді «бола алмай қалған Дон Жуан» деп қаттырақ сынап тастаған Ф.В.Булгарин П.А.Вяземскиге жазған бір хатында: «Пушкин дуэльде өлмесе оның аты осыншалықты аспандамас еді» деп ұшқары пікір айтып қалған екен. Қазақ арасында да Абай жайлы: «Абай өз халқын жерден алып, жерге салып жамандай бермесе, мұншалықты аты шықпас еді» деген күңкілдерді естіп қаламыз. Егер бәріне осындай ұстаныммен қарайтын болсақ, Наполеон Бонапарттың: «Егер Иисус Христос крестке керілмесе – ол Құдай болмас еді» деген пікіріне бүкіл христиан әлемі мойынсұнып өтер еді. Алайда, олар осылай деді екен деп жалтақтап қалған ешкім жоқ, бәрі де «баяғыдай көрініп» (Абай), өмір көші жалғаса берді – Пушкин поэзия шыңына айналды, Иисус Христос Құдайға айналды (немесе айналдырды), Абай – қазақтың Бас ақынына айналды ( А.Байтұрсынов).

Пушкин мен Абай туралы қатар­ластыра сөз қозғағанда «Татьянаның хаттары», «Татьянаның қырдағы әні» жайлы айтпай кетуге болмайды. «Евгений Онегин» романында Татьяна Онегинге хат жазбаған, өйткені, ол французша болмаса орысша хат жаза алмайды, тек Евгениймен өз үйінде екінші рет кездескен соң оны жан-дүниесімен құлай сүйген 15 жасар қыз ғашықтық азабын тартып, бар сезімін қиялындағы хатқа түсір­мек болып, өз-өзімен арпалысқа түсе­ді. Іште жалындаған махаббат оты­ның әсерінен ол тершіген терезеге кеп «О.Е.» деп жазғанын өзі де білмей қалады. Татьянаның барлық «хаты» осы ғана. Ал Абайда Татьяна жазған бірнеше хат бар. Абай шығарған «Татьянаның қырдағы әні» бар қазаққа қазақ қызының шерлі махаббатындай болып кең тарады.

Бұдан шығатын қорытынды – Онегин мен Татьяна хаттары ешқандай да аударма емес, романдағы сезім толқыныстары мен махаббат азабының поэтикалық керегесін кеңейтіп, жас кеудедегі арман мен амалсыздықты элегиялық-романтикалық биікке көтерген Абайдың төл туындысы деп қарағанымыз жөн...

Ресейдегі қалың «ұйқыда жатқан» тобырына қанша ашу-ызасын төгіп бір кезде «Колокольчик однозвучный, утомительно гремит» деп өлең жазған Пушкин ол тобырдың ерте ме, кеш пе әйтеуір бір оянып, көкірегі сезімтал, көзі ашық ұлтқа айналарына сеніммен қарады. Чаадаевқа жазған хатында ол: «Россия воспрянет ото сна» деп бұрынғы өкініш-күйініштерін бір сәтке ұмытқандай болды. Ұмытып қана қоймай оның зор болашағын да көзіне елестетті. «Уақыт өтер, ұлы орыс тройкасы қоңыраулатып, бар жұрт­ты таңғалдырып, кейбіреулерінің қызғанышын оятып, ел мен елдің арасын қақ жарып өтіп бара жататын кезі де келер» деген үмітпен ескі қайғы-мұңын жуып-шайса, Абай да одан қалыспапты. М.Әуезовтің «Абай» романында мынадай көрініс бар.Биік жартастың басына шығып алып Абай Ералы жазығына алыстан қарап тұр. Ералы жазығын тегіс тұмшалаған сағым кенеттен Абайдың көзіне шексіз теңіз боп елестейді. Сол теңіз бетінде Абайдың қиялдағы Ақ кемесі жүзіп бара жатыр. Онда ру да жоқ, бұру да жоқ, барымта мен бақай есеп бақталастық та жоқ, үлкен мақсатқа бет бұрып, басқа кемелермен қатарласып ашық теңізге шығып бара жатыр:

Ол – қазақтың кемесі

Ол – Абайдың Ақ кемесі.

 * * *

1995 жылы «Жазушы» баспасында директор болып қызмет істеп жүрген кезімде аты-жөні белгісіз бір кісі келіп: «Мынау Абайдың бұрын-соңды еш жерде жарияланбаған өлеңі» деп машинкаға басылған бір жапырақ қағаз ұсынды. Оқып шықтым. Абай стиліне ұқсайтын сияқты. Жалғыз өлеңді кітап етіп шығара алмайсың, газет-журналға ұсынуды асығыстық болар ма екен деп жүргенде мен баспадан кетіп қалдым. Бума-бума қағаздарымды үйге алып келдім. Бірақ уақыт өткен соң баяғы қағаз есіме түсіп, архивтерімді аудара қарап, ақтара тексердім – әлгі бір жапырақ қағаз табылмады. Жуықта ғана сол папкаларды қайта қарап, басқа бір қағазды іздеп отыр едім, «бір жоқты бір жоқ табады» дегендей, үшті-күйлі жоқ болып кеткен баяғы сары қағаздың дәл осы мақаланы жазу үс­тінде табан астында табыла кеткені! Сол қа­ғаздағы «бұрын-соңды еш жерде жария­ланбады» деген Абай өлеңі мынау (Ен­ді оның төрелігін абайтанушылар мен көзқарақты оқырмандар айта жатар):

Көкіректі шер кернеп көңіл қаяу,

Елім бе деп жүргенде, досым да жау,

Сүйер кісім, сүйенер жақыным жоқ,

Бір өзіңе сиындым, о, Құдай-ау.

Сөзге ерсем-ақ жолымнан адасамын,

Көнбей жүрсем көп итпен таласамын.

Тек отырсам тепкілеп шыдатпайды,

Енді қайтіп бұл елмен жарасамын?

Бір момынның ұстасам түзік ісін,

Жөн демейді ғаріптің жөн жұмысын,

Ардан безген, ары жоқ, өңшең залым,

Ырылдатып жабады ит пен құсын.

Көп төбетке жетеді қайдан күшім,

Адалды құтқара алмай пысады ішім,

Қабағыңды қаққанша қас болады,

Жақыным деп жан тартып жүрген кісім.

Мүмкін Абай, мүмкін абайшылаған бір қазақ. Ұлы дала ұлы теңіздей толқи­ды. Біз сол ұлы теңізді кешіп бара жатырмыз.

 

Дулат ИСАБЕКОВ,

Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты