Руханият • 20 Мамыр, 2020

Шыны әлемнің шындығы

851 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Жер шарын шарпыған пандемияға байланысты көптеген сарапшы мен маман енді әлемнің бұрынғыдай болмайтынын, көп нәрсенің өзгеретінін айтып жатыр. Рас шығар.

Шыны әлемнің шындығы

Өзім байқаған құбылыстарға келетін болсам, әлем тіпті осыған дейін-ақ өзгеріп қойған секілді. Коронавирус тек соны дәлелдеп берді.

Ең бірінші, күллі әлемнің шыны секілді шытынауға бейім екені байқалды. Бір жерде артық айтылған бір ауыз сөз талай дүрбелең тудырады. Ал мұндай ақ­па­раттың таралуы коронавирустан да жылдам. Бір сәттің өзінде дүниенің бір шетінен екінші шетіне жетіп жатты. Жай ғана жетіп қойған жоқ, адамдарды әбігерге салды. Мұнай мен бағалы қағаздар биржаларына тұтқиылдан соққан дауылдай тиіп, бағаларды құбылтты. Ақпараттық шекарасы мың жерден мығым деген мемлекеттердің өзі оларға тосқауыл бола алмады.

Ақпараттың атом секілді құдіретті қаруға айналғандығын көрудеміз. Өйткені корнавирустың өзінен бұрын ол туралы таралған ақпараттардың адамзат қоғамына тигізген әсері үлкен болды. Ол ақпараттар бүкіл әлем халқын үйлеріне қуып тықты.

Сондай-ақ біз ақпараттардың осындай күш алуына халықтың дайын емес екеніне куә болдық. Өйткені шынайы ақпаратпен қатар, ойдан шығарылған жалған ақпарат қатар тарауда. Бәрінен осы қиын болды. Аталарымыз өсекті жел сөзге теңеуші еді. Сөйтсек ол нағыз мылтықсыз майданның қаруы екен.

Шындап келгенде, бұған интернеттегі еркіндіктің де әсері тигені анық. Қазір ақпаратты таратуға әркімнің еркі бар. Ал оны қадағалайтын, рас-өтірігін тексеріп, жоққа шығарып отыру қиын. Ендігі жерде жалпыға ортақ ақпараттық жауапкершілік пен мәдениет ерекше өзекті.

Екіншіден, біз әлемнің шыны секілді нәзіктігімен қатар, ашық бола түскенін байқадық. Әрине, барлық жерде бірдей емес. Бірақ енді осы мөлдірліктің арқасында қашықтан баспасөз конферен­циялары өткізіліп, оқушыларға дәрістер беріліп жатты. Үйден шықпай-ақ музейлерді аралап көру мүмкіндігі пайда болды. Бұрын жекелеген елдерде осындай оқиғалар ішінара кездескенімен, енді ол күллі әлемге тән сипат алып отыр. Сөйтіп қазіргі ақпараттық технологиялардың дамуы арқасында адамзат өзінің көп нәрсеге дайын екенін, көп дүниені өзгерте алатынын айқын түсінгендей болды.

Осы айтылған жайттар түптеп келгенде нені білдіреді?

Бұл жайттар ақпараттық құралдар мен технологиялар барынша дамыған са­йын ақпараттардың маңыздылығы арта беретінін білдіреді. Ақпарат алу мүмкіндігі мен оларды тарату құралдары жұтаң замандарда олардың қажеттілігі де көп сезіле қоймаушы еді. Енді ол күнделікті тұтынатын тамақ секілді қажеттілікке айналып отыр. Тіпті бара-бара сәт сайын тұтынатын ауа секілді қажеттілікке айналуы да мүмкін. Міне, сол кезде сіз өзіңіз жұтатын ауаның тазалығын ойлағандай, сәт сайын пайдаланатын ақпаратыңыздың шынайылығы мен сапасы туралы да ойлайтын боласыз. Тек сіз емес, бүкіл қоғам осыны ойлауға тиіс. Ақпараттық технологиялардың дамуы осы тектес көп жайтты бізге қолжетімді еткен кезде ақпаратсыз өмір сүре алмайтындығымызды айқын сезініп отырмыз.

Пандемия мемлекет қызметінің мәніне де өзгеріс ене бастағанын аңғартты. Мәселен, осы уақытқа дейін мемлекеттер көбінесе экономикалық бәсекелестік жайын ойлайтын. Қазір мемлекеттер бір-бірімен әлеуметтік бәсекелестікке түсіп кеткендей болды. Осы жағдайға байланысты адамдар қай мемлекет өз азаматтарына қандай көмек беріп жатыр деген мәселені талқылауға кірісті. Бұл былай қарағанда елеусіздеу мәселе болып көрінгенімен, ендігі кезекте аталған жағдайдың әлемдік деңгейде күн тәртібіне қойыла бастағандығын білдіреді. Өйткені сарапшылардың пікірінше, қай мемлекет әлеуметтік тұрғыдан мықты қорғалған сол мемлекеттің экономикасы да жақсы жұмыс істейтін болады. Демек мұның өзі халықаралық қауымдастық пен алдыңғы қатарлы мемлекеттердің ақпараттануымен қатар әлеуметтене түскендігін де көрсетіп берді.