Себебі жергілікті ірі серіктестік елді мекеннің іргесіне дейінгі жерге көпжылдық шөп егіп тастаған. Ауыл шетіндегі 30 шақты үйдің малы 50 метрден әрі ұзаса, иесі жауапқа тартылады. Облыс орталығынан 50 шақырым қашық жатқан Силаньтев Обаған ауылдық округіне қарайды. Елді мекен тұрмысқа қолайлы: әр үйге табиғи газ және су құбыры кіріп тұр. Ешкім қыстай от жағып, күл шығарып әуреге түспейді. Ауыз су да жылы үйдің ішінде. Бірақ қолдағы бірді-екілі мал басын көбейту қиын. Негізгі күнкөріс көзі ауласындағы төрт түлік болғандықтан, бұл мәселе біраз жылдардан бері ауыл тұрғындарының бас ауруына айналған.
Зейнеткер Нағашыбай Алпысов Силантьевтегі шеткі үйлердің бірінде тұрады. Қария он шақты ұсақ мал, екі сиыр ұстайды екен. Жер көгерген соң, ауыл малын бағатын бақташы шыққанша, малды көзден таса қылмауға тырысамыз дейді ол. Өйткені дәл есіктің алдындағы ашық алқапты түгелдей алпауыт серіктестікке тиесілі шабындық алып жатыр.
– Халық мал ұстайын десе, жайылым жоқ. Дәл терезенің түбінде 390 гектардай жер жатыр. Мұнда бұрын егін еккен. Ұшақпен әуеден дәрі шаша бастаған соң халық шулап, ақыры көпжылдық шөп егіп тастады. Енді серіктестік осы шабындық жерге мал түсірмей отыр. Өткен айда ораза басталып, дәл ауыз бекіткен күні қолымыздағы азғантай малды сәл оттасын деп жібере қойып едік. Сағат кешкі 17.00 шамасында мал жайып жүрген баламды полиция ұстап алып, ескерту хаттамасын толтыртыпты. Сағат 21.30-де ауыз ашып жатыр едік, үйге полиция келіп, баламды алып кетті. Сөйтсе жайылымға түскен мал үшін бір күнде екінші рет хаттама толтырып, 50 мың теңге айыппұл салып, егер бір жетінің ішінде төлесең 50 пайызбен құтыласың деп ескертіпті, – деді ақсақал.
Бұған дейін Рашит Қойшыбаевтың да малын алқапқа түсті деп жер иелері қамап қойыпты. Мұның аяғы әйтеуір айыппұл салуға жетпей тынған. Тұрғынның айтуынша, жайылым тапшылығынан биыл бұзаулаған сиырдың күй жинауы қиын, ыңыршағы шыққан жануар сүтті де аз беретін көрінеді.
– Біз ғана емес, көршілес жатқан Кіші Чураков, Обаған ауылдары да жайылым тапшылығының зардабын тартып отыр. Кезінде ауылдың дәл іргесінен 50-100 метрден әрі қарайғы жердің бәрін жергілікті серіктестік меншіктеп алған. Халықпен санасқан жоқ. Сондықтан ол кездегі жер бөлінісін заңсыз деп санаймыз. «Жайылымдар туралы» заң бойынша егін елді мекеннен кемінде 5-7 шақырым қашық орналасу керек. Бізге әкімдік шалғайдан жайылым ұсынып отыр. Чураков, Обаған, Силантьев ауылдары алты ай жаз мал бағатын ол жердің көлемі аздық етеді. Ала жаздай жылқы, сиыр, қой-ешкінің бәрі сол алақандай жерде жүреді. Күзге салым ол жердің шаңы шығып, сауын сиырдан сүт те шықпай қалады. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ауыл халқына қарап отырмай, мал бағып, одан өнім алып үйренуді үнемі қайталап келеді. Жергілікті билік осыны ескеріп, халықтың мұң-мұқтажына құлақ асуы тиіс. Жайылым – ауыл үшін өнім шығаратын зауыт секілді дүние. Сондықтан облыс басшылығы кезінде жекенің меншігіне өтіп кеткен Селантьев пен Обаған ауылдарының іргесіндегі жерді халық игілігіне қайтарып беруге күш салғаны дұрыс, – дейді Рашит Қойшыбаев.
Даулы жер алпауыт серіктестік «Олжа-Агроның» «Олжа-Беляев» дейтін бөлімшесіне қарайды екен. Шаруашылық басшысы Мақсұт Жәлелұлы:
– «Әңгіме заң бойынша біздің меншігіміздегі №11 егіс алқабы туралы болып отыр. Ол жер біздің шөп шабатын шабындық. Енді бұл жердің серіктестік меншігіне қалай өткенінде шаруам жоқ. Өзім мұнда бір жылдан бері жұмыс істеп жатырмын. Серіктестіктің жері болғандықтан, біз ол жерден шөп шабамыз. Бірақ ауылдың малы көктем шыға таптап, шөпті жеп қойып жатыр. Талай рет ескерттік, ел құлақ асар емес. Сондықтан шабындықты бөгде малдың тұяғынан қорғап қалу үшін полицияның көмегіне жүгінуге тура келді. Біз ол жерден әжептәуір, 300-400 тоннадай шөп аламыз. Одан осы ауылда тұратын жұмысшыларымызға да үлестіріп береміз. Былтыр, мысалы, әр жұмысшыға 4 тоннадан түсіріп бердік, – деді Мақсұт Жәлелұлы.
Силантьевті қосқанда бес елді мекен кіретін Обаған ауылдық округінде тұратын 3 мыңның үстіндегі халық 500-ден астам сиыр, мыңға тарта ұсақ мал, 100-ге тарта жылқы ұстайды екен. Ал жайылым көлемі 3 мың гектардан асады. «Бұл бізге жеткілікті» дейді ауылдық округтің әкімі Бейбіт Сейілхан. Оның айтуынша, қазіргі кикілжің тұрғындардың малды қараусыз жіберуінен туындап отыр. Ал ауылдағы шеткі үйден небәрі елу метр қашықтағы жер жекенің меншігіне қалай өтіп кеткені беймәлім.
Тұрғындар жергілікті билік өкілдеріне ауылдан шалғай жатқан әкімдікке тиесілі жерлерді алпауыт серіктестік меншігіне өтіп кеткен ауыл іргесіндегі жайылымға ауыстырып беру туралы талап қойып отыр.
– Біздің қазір ол шаруашылыққа осыны пайдаланыңдар деп бере қоятын егінге, шабындыққа қолайлы жеріміз жоқ. Сондықтан бұл туралы мәселе көтерілген жоқ. Ауыл арқылы өтетін күре жолдың арғы бетінде жер жетеді. Халықтың қолындағы 561 бас сиырға бізде 1683 гектар жайылым бар. Бұл мал басына шаққанда 3 гектардан келеді, сондықтан жайылым жеткілікті, – деп кесіп айтқан ауыл әкімі тұрғындарды алаңдатқан жайылым мәселесін өзекті санамайтынын аңғартты.
Демек ауыл іргесіндегі жайылымға қолайлы жер телімін мемлекет меншігіне қайтару туралы тұрғындардың талабы да қарастырылмайды деген ойға қалдық.
Қостанай облысы