Абай • 20 Мамыр, 2020

Абайға аялдамадан ғана орын тиген бе?!

463 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Облыс орталығындағы Лермонтов атындағы орталық көшенің бойындағы аялдамалардың әбден-ақ тозығы жетіп, төбелерінен су ағып, құлайын деп әзер-ақ тұр.

Абайға аялдамадан ғана орын тиген бе?!

Суретте көрініп тұрған мына бір аялдамаға тіпті де қарауға ұят. Онымен қоймай дәл алдындағы қо­қыс салғышқа қаратып Абай ата­мыздың суреті салынған.

Іші-сыртына ұлы ақынымыз Абай­дың суреттерін салып, тіпті нақыл сөз­дер­ін екі тілде жазып қойыпты. Әй­теуір бір жақсысы, әзірге суреттер аман, жы­рым-жырым жыртылмаған, нақыл сөз­дер шимайланбаған.

Әрине індеттің таралуына орай қазір бұрынғыдай емес тұрғындар қарасы аз. Әйтсе де, аялдамада автобус күткендер, көздері айфондарына телмірген жастар бұл жерде не жазылып тұрғанына, кімнің суреті салынғанына назар аударар емес.

Тіпті әлеуметтік желілерге бір­деңе жібермексіз бе өзі, мені түсір­меңіз, – деп тұрған жерлерінен қаш­қалақтай бастады.

Ал Абайдың 175 жылдығына орай осындай масқараға тапсырыс берген қалалық әкімдік, ішкі сая­сат бөлімі қызметкерлерінің қыр­сыздығына таңғаласың. Жеңіл кө­ліктерге жаппай Абайдың нақыл сөздерін жазыңдар деп тағы бір ың­ғайсыздық жасады.

Абай – білгенге маржан, білмеске арзан. Атамыздың «Сегіз аяқ» өлеңі де тегін жазылмаған екен ғой. «Бой­да қайрат, ойда көз, болмаған соң, айтпа сөз» дейді.

Өздері ұлы ақынды оқып-білмей, танысып алмай, аялдамада тұрған жұртты үйретпекші. Егер оқыған білгендері бар болса, ұлтымыздың асылын мазақ етіп, аялдамадан орын бермес еді.

 

Павлодар