Руханият • 20 Мамыр, 2020

Жаннат Бақтай онлайн концертке шақырады

414 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

«Астана Опера» YouTube арнасында 25 мамыр күні сағат 20:00-де «Жаннат Бақтай онлайнға шақырады» концертінің премьерасы өтеді. Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, «Астана Операның» жетекші солисі, қазақстандық опера сахнасының жұлдызы арнайы өзіне жазылған шығарма туралы және композицияның алғаш рет осы музыкалық кеште орындалатыны туралы айтты.

Жаннат Бақтай онлайн концертке шақырады

Сонымен қатар танымал әнші алдағы концертке дайындық жұмыстарынан алған эмоцияларымен бөлісіп, жобаға қатысқан әріптестері жайында сөз қозғады.

- Тыңдармандарды не күтіп тұр және оларға қандай тосынсыйлар әзірледіңіз?

- Бағдарлама таңдауда мен түрлі аспектілерді басшылыққа алдым. Барлық әртістер тәрізді мен де үлкен мереке – ұлы ойшыл, ақын әрі композитор Абай Құнанбаевтың 175 жылдығы қарсаңында өз музыкалық тартуымды жасағым келді. Бағдарламаға оның тыңдарман құлағына сіңген ең танымал әрі сүйікті әндерін енгіздім. Концерт аясында олар попурри түрінде орындалатын болады. Театрымыздың репертуарында ұлттық классиканың жауһары – барлық гастрольдерімізде беткеұстар қойылым ретінде ұсынылатын А.Жұбанов, Л.Хамидидің «Абай» операсы болғандықтан, әрине, осы операдан үзінді орындап бергім келеді. Көпшілік назарына сипаты жағынан халық әндеріне жақын келетін Ажар мен Айдардың дуэті ұсынылады. Концерт онлайн форматта өтетіндіктен, оның қабылдауға жеңіл болуын қаладым, сондықтан бағдарламаға күрделі арияларды енгізбедім, музыкалық кеш репертуарын эстрадалық композициялармен түрлендірдім.

- Опералық орындаушылар үшін онлайн концерт – жаңа формат. Сіз үшін ерекшелік тудырған не?

- Иә, қазір біз, музыканттар, өз шығармашылығымызды осындай форматта ұсынып жүрміз, алайда сахнада өнер көрсете отырып, көрермендердің жүзін көруге, қошеметі мен сүйсінген көзқарастары арқылы олардың алған әсерлерін байқауға үйреніп қалғанбыз. Яғни ол кездері тікелей көрерменмен көңіл-күйімізбен алмасатынбыз. Өкінішке қарай, әлі де өнерсүйер қауыммен байланыса алмаймыз және қазіргі жағдайда осындай ерекше қарым-қатынас құрып жатырмыз. Демек, тыңдармандарымыздың қалай қабылдағанын біз кейінірек пікірлерден біле аламыз. Бұл жұмыста ең бастысы – көрерменімізбен арамыз үзілмейді. Музыка баршамызға да керек, себебі адам бұл дүниеге әнмен келіп, әнмен өтеді, ол – өмірдегі серігіміз. Біз түрлі жағдайларға тап боламыз, ғашық болсақ та, қуансақ та, мұңайсақ та, қамықсақ та, ол әрқашан бізбен бірге. Осы концерт арқылы мен халқымыздың рухын қолдағым келеді, өнерді сүйетін, бірақ карантин кезеңінде онымен қауыша алмай жүрген жандарға бір жұтым таза ауадай нәр бергім келеді.

- Сізбен бірге осы жобаға кімдер қатысады?  

-Концертке екі концертмейстер – «Астана Опера» опера труппасының бас концертмейстері Елена Сахно және менің ескі досым, танымал композитор Әліби Әбдінұров қатысады. Ол менің шығармашылық идеяларымды шындыққа айналдырады, сөйтіп, өмірге жаңа әндер келеді. Аталған музыкалық кеште біз солардың бірін ұсынамыз. Концертімнің соңғы композициясы арнайы мен үшін жазылған, «Сүйікті қалам» деп аталады. Әліби Әбдінұровқа осы ән бойынша жұмыс жасау барысында барлық пікірлерім мен тілектерімді ескергені үшін алғысым шексіз. Шығармашылығымыз тыңдарман қауымның көңілінен шығады деп үміттенемін. Осы концертте барлық композицияларға жаңа дем бергім келді, бұл ретте оның көмегі ұшан-теңіз.

Сахна төріне менімен бірге тамаша әріптестерім – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Италия Жұлдызы Орденінің Кавалері Медет Чотабаев және болашағынан зор үміт күттіретін Нарұл Тойкенов шығады.

Сұхбат соңында Жаннат Бақтай өз шығармашылығының жанкүйерлерін онлайн концертке шақырды. 

-Көктем келді, карантин біраз жеңілдетілді, жаным асқақ музыканы қалайды, ән қанатында қалықтап ұшқым келеді. Қымбатты тыңдармандарым үшін жақсы эмоциялар мен қуанышты сезімдер ғана сыйлағым келеді. Онлайнда кездескенше!

1