Аймақтар • 20 Мамыр, 2020

Байзақ ауданында 20 ауыл таза ауызсумен қамтылған

386 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Жамбыл облысының Байзақ ауданында 43 елдімекен бар болса, бүгінде оның ішінде 20 елдімекен ауызсумен қамтылған. Таза ауызсумен қамтамасыз етілген 17 елдімекенге «Байзақ су» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны, қалған 3 елдімекенге, яғни Ақшолақ, Үшбұлақ және Талас стансаларына «Теміржол су» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі қызмет көрсетеді.

Байзақ ауданында 20 ауыл таза ауызсумен қамтылған

Ауданда ағымдағы жылы су қабылдау құрылыстары мен су құбыры желілерін салу бағытында 8 жоба қолға алынып, оған жалпы 4 миллиард 727 миллион 267 мың теңге қаржы қаралған. Ал, құрылыс барысында 380 жергілікті тұрғын жұмыспен қамтылады екен. Сондай-ақ, Мәдімар ауылындағы Қ.Нұранова көшесін сумен жабдықтау бойынша ағымдағы жұмыстарға республикалық бюджеттен 5 миллион 210 мың теңге, Дихан ауылының сумен жабдықтау желісі мен құдықтарын ағымдағы жөндеуге 18 миллион теңге бөлінген. Бұл жұмыстар «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында жүзеге асырылуда.

Өткен жылы аудан орталығы Сарыкемер ауылы мен Талас ауылында ауызсу құбырларын жүргізу жұмыстары басталған болатын. Талас ауылындағы сумен жабдықтау желілерінің су қабылдайтын құрылыстарын салу жұмыстарына жалпы 638 миллион 439 мың теңге қарастырылған. Мұндағы құрылыс-монтаж жұмыстары ағымдағы жылы аяқталады деп күтілуде. Ал, Сарыкемер ауылына жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстарын 2021 жылы аяқтау жоспарланған. Оған республикалық және облыстық бюджет есебінен 3 миллиард 402 миллион 130 мың теңге қаржы қаралған. Сонымен қатар, биылғы жылы «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы аясында аудандағы Байзақ, Қостөбе, Көктал және Сеңкібай елдімекендерінде су қабылдау құрылыстары мен су құбыры желілерін салу жұмыстары басталды. Республикалық және облыстық бюджеттен Байзақ елдімекеніне 232,2 миллион, Қостөбе елдімекеніне 449,6 миллион, Көктал елдімекеніне 232,8 миллион, ал Сеңкібай елдімекеніне 241,6 миллион теңге бөлінген. Бұл елді мекендердегі құрылыс - монтаж жұмыстары 2021 жылы аяқталады. «Сонымен қатар, таза ауызсумен қамтылмаған Базарбай, Үлгілі, Аққия, Сарыбарақ ауылдарына жаңа құрылыс, Қызыл жұлдыз ауылын қайта жаңғырту бойынша ауызсумен қамту үшін қажетті қаражат қаралып, жобалық-сметалық құжаттамасын әзірлеу үшін мемлекеттік сатып алу конкурсы өтуде.

Сондай-ақ, «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасымен Жаңатұрмыс ауылына жаңа құрылысқа 420,1 миллион теңгеге, Бурыл ауылында қайта жаңғыртуға 850,6 миллион теңгеге су қабылдау құрылыстары мен су құбыры желілерін салу бойынша құрылыс жұмыстары басталды. Жоспарға сәйкес, 2020 жылы Талас, Жаңатұрмыс және Бурыл елдімекендеріндегі құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталады. Бұл көрсеткіш елдімекен санымен 51,1 пайызды құраса, халық санымен 52 154 адамды немесе 48,6 пайызды құрайды. Келесі 2021 жылы Сарыкемер, Байзақ, Қостөбе, Көктал және Сеңкібай сияқты 5 елдімекен таза ауызсумен қамтылады деп жоспарлануда. Көкбастау ауылын таза ауызсумен қамту бағытында жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленіп, мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынып, бюджеттік өтінім жолданды. Ал, аудан аумағында орналасқан халық саны жағынан аз қоныстанған Төрекелді, Қайнар, Төрткөл, Жаңасаз сияқты 4 елдімекенге облыстық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы тарапынан орталықтандырылған модульді су құдығын орнату жұмыстары жоспарда бар», дейді аудан әкімі Нұржан Нұржігітов.

1

Сонымен қатар, Жаңатұрмыс ауылдық округіне қарасты Ақшолақ елдімекенінде бүгінде таза ауызсуға қосылмаған 70 ауланың тұрғындары бар болса, олар 65 000 теңгеден өз қаражаттары есебінен су жинауға қосылу жұмыстарын жүргізуде екен. Осындай ауқымды жұмыстардың нәтижесінде 2024 жылы аудандағы 43 елдімекеннің тұрғындары таза ауызсумен толықтай қамтамасыз етіледі деп жоспарлануда. Ал, «Байзақ су», «Теміржол су» мекемелерінің қызмет тарифі жоспарға сай бекітілген. Сондай-ақ, бүгінде ауданда геологиялық су қорын анықтауға байланысты шаралар қолға алынып, ауыз суды барлық үйге жеткізу мәселесі, су жеткізілген барлық үйлерге су есептегіш құрылғыларды орнату жайы, су шаруашылығы мамандарының көмегімен өңірдегі жерасты тұщы су қорының мөлшерін анықтау бойынша жұмыстар да атқарылуда.

 

Жамбыл облысы